Жыл сайын Қазақстанға шетелден мамандар алдыру үшін квота бөлінеді. Елімізде жұмыссыздық белең алғанымен, отандық кәсіпорындар шетелдік жұмыс күшіне жүгінуге мәжбүр. Неге?
Қазір жұмыссыз жүру кім-кімге болмасын оңай тимесі белгілі. Жұмыс жоқ болса, табыс та жоқ. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті жұмысыңмен айналысатын, бар ынта-жігеріңді жұмсайтын еңбек орнының болғанына не жетсін?! Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстанда бүгінде 1,7 мың кәсіпорында 14,6 мың шетелдік азамат жұмыс істейді», – дейді. Биыл шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде келесі санаттар бар: бірінші санат бойынша 1 354 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат бойынша 7 510 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санатқа жатады, тиісінше 12 235 және 4 170 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 976 адам тартылды. 2020 жылы жергілікті атқарушы органдар ШЖК тарту үшін 17,3 мың (бекітілген квотаның 59%) мөлшерінде жұмыс берушілерге рұқсат беріп, ұзартқан. Жұмыс жоқ деп екі қолды қалтаға салып жүргендер жетерлік. Құрылыс саласында бірнеше жыл тер төккен Батыр деген жігітпен сөйлестім. Айтқанына қарап, «шынымен де, біз жалқаумыз немесе қанағатсызбыз» деген ой келді. Ол: «Негізі, жұмыссыздық жайлап тұрмаса да бар екені сезіледі. Кәсіби мамандар тапшы деп айта алмаймын. Бар. Бірақ олардың ойы – бірден ақшаны күреп табу. Сонымен қатар жұмысқа құлықсыз. Мысалы, біз үй саламыз, мекемелерде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сол уақытта құрылыс мамандары керек болады. Жергілікті жұмысшыларды іздейміз. Келеді, бірақ бір-екі күн істегеннен кейін алдын ала төлем ақша алады да тайып тұрады. Немесе күнделікті ақшаға көңілдері толмайды. Сондықтан да шетелдіктерге жүгінеміз. Мысалы, бізде қазір өзбек құрылысшыларының дәуірі жүріп тұр. Олар күніне 5 мың теңгеге келіссе, жерлестеріміз 7-8 мыңнан кем ақыға жұмыс істемейміз деп тұрып алады. Сосын кіммен келісеміз, оны сіз де түсініп тұрған шығарсыз», – дейді. Иә, ауыр шығар. Дегенмен жұмыс жоқ емес, бар ғой. Жақында тасжол салып жатқан түрік компаниясында жұмыс істейтін Жаңабек деген жігіттен: «Қазір қыс қой, жұмыс тоқтап тұрған шығар?» деп сұрап қалдым. «Жол салу маусымдық жұмыс болғанымен, бұл біздегі қарбалас тоқтады деген сөз емес. Тас үгіту, жолды қардан тазалау жұмыстары жүріп жатыр», – деді ол. «Олай болса, біраз жергілікті жігіттер еңбек етіп, нәпақасын сол жерден тауып жүрген шығар?». Жаңабек мырс етті де: «Білесің бе, қазір мұнда жұмыс істеп жатқандардың басым бөлігі оңтүстіктен келген өзбек ағайындар. Тапсырманы дөңгелетіп алып кетеді. Ал өзіміздің ауыл-аймақтан келіп жұмыс істейтіндер некен-саяқ. Айына алатын 150-200 мың теңгені азсынады. Келсе де тұрақтамайды. Бір күн жұмысқа шықса, екінші күні жоқ. Содан жұмыстан шығып қалады», – дейді.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы