Балық өсір, пайдасы көл-көсір
Балық өсір, пайдасы көл-көсір
189
оқылды

2021 жылдан бастап елімізде Балық шаруашылығы комитеті өз жұмы­сын қайта жандандырып, 2020-2030 жылдарға арналған балық шаруа­шылығының даму бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама бойынша, елдің табиғи суқоймаларында жылына балық өнімдерін 600 мың тоннаға дейін, 300 мың тоннаға дейін балық экспортын ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылып, қолданыстағы 323 шаруа­шылық толық қуатты жұмысқа көшіп, аквамәдениетті дамытуға жаңа жағ­дайлар жасалмақ. Алайда қазір балық шаруашылығы са­ласында талапты студент пен білікті маман санаулы.

Балық шаруашылығы саласына білікті маман даярлауға қазақтың қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының профессор - оқытушылар құрамы 2000  жылдан бері үз­дік­сіз өз үлесін қосып келеді. Университетте «Балық шаруашылығы және өнеркә­сіптік балық аулау» мамандығы бойынша шәкірттер үш деңгеймен (бакалавриат, магистратура, PhD) дайындалады. Кафедра түлектері елімізде және шетелдерде ғылыми институттар мен балық шаруашы­лық­та­рында, жоғарғы оқу орындарында, жеке меншік бизнесте қызмет атқаруда. Қазіргі таңда кафедра түлектері жылдар өте жұмыс берушілер санатына ауысқан. Олар­дың арасында Тұрсынәлі Марлен – «MG» ЖШС, «Балық – мектеп» ЖШС кә­­сіп­­орындарының бас директорын, «Қазақ балық шаруашылығы» институтының «Гидробиология» зертханасының меңгеру­шісі Мажибаева Жанарды, Қожабаева Элеонораны, Пазылбек Мейрамбекті, атал­ған институттың Арал қаласындағы фи­­­лиалының директоры Тынысбек Барақбаевты өз істерінің үздіктері деп атауға бо­лады. Аталған азаматтар біздің түлектері­мізді өндірістік тәжірибе орындарымен қам­тамасыз етіп, жұмысқа алып, қарқынды қызмет етуде. Қазақ ұлттық университе­тінің магистрлері «балық шаруашылығы» ма­мандығының түлектері Ди­нара Беккожаева, Асхан Шаметов АҚШ пен Чехияның жоғарғы оқу орындарында өз білімін жалғастырып жатыр. Ванина Татьяна мен Иментай Айман Чехияда PhD диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Жоғарыда айтыл­ған Тұрсынәлі Марлен биоалуан­түрлі­лік және биоресурстар кафедрасының оқыту­шы­ларымен бірігіп, «Балық – мектеп» ЖШС оқытушы орталығында Қазақстанның әр өңірінен өз жерінде жеке балық өсіру­мен айналысқысы келетін жан­­дарға ба­лық өсірудің негіздерін, бизнес бастаудың қыр-сырларына үйретіп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің Биология және биотехнология факульетінде Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының профессор – оқытушылар құрамы отандық балық шар­уашылығына білікті мамандар дайындауда аянбай еңбек етіп келеді.

Н.САПАРҒАЛИЕВА, Г.КЕГЕНОВА, Н.ШАМИЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  биология және биотехнология факультеті  биоалуантүрлілік және биоресурстар  кафедрасының оқытушылары