Қазақстанда 5G желісін іске қосу перспективалары талқыланды
Қазақстанда 5G желісін іске қосу перспективалары талқыланды
286
оқылды

5G технологиясы бүкіл әлемде белсенді түрде енгізіліп жатыр. Әлемнің ірі державалары өз елінде 5G желілері құрылысы басталғанын хабарлады, ал Қытайдың Шэньчжэн қаласы Huawei технологиялары негізінде жаңа буын желісін толық қамтыған алғашқы қала болды. Бүгінде Қытайдың 300 қаласында 600 000-нан астам базалық станция орнатылды. Олар бүкіл ел бойынша 160 миллионнан астам 5G байланысына жауап береді, ол секундына жүздеген мегабит жылдамдықты қамтамасыз етеді.

Қазақстан жаңа буын желісін салуға дайындықты кезең-кезеңімен бастайды. Бұл туралы Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мәлімдеді. «Биыл елордада 5G желісін пилот режимінде іске қосу жоспарланды. 2022 жылдың соңына дейін 5G желісін республикалық маңызы бар қалаларда іске қосуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға қарай барлық облыс орталығын қамту көзделді. Байланыс операторларына 5G үшін жиіліктер байқау арқылы немесе аукцион арқылы бөлінеді. Жоба іске асу үшін заңнамалық түзетулер қабылданады», – деді вице-министр. Huawei компаниясы 5G байланысын енгізу бойынша технологиялардың бас сарапшылары мен жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстанның жаңа буын желісін өрістетуге дайын екенін айтты және жаңа желіге өту жылдамырақ және сапалы болуы үшін өз тәжірибесін бөлісуге ниет білдірді. «Алдағы онжылдықта 5G байланысы денсаулық сақтау, электр қуатын өндіру, өндіріс және тау-кен салалары, жалпы қоғамға маңызды ресурстардың барлығына үлкен өзгеріс алып келеді», – деді Huawei бас директоры Чжан Цинго. «Бұл телекоммуникация саласының қарқынды дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Қазақстандық байланыс операторларымен, корпоратив клиенттермен және салалық серіктестермен инновация шекараларын кеңейту және баршаға жақсы болашақ жасау үшін жұмыс істеуге ниетіміз бар және оған дайынбыз». Компания Beeline Қазақстан-мен бірге пилот жобасын бастап, интеграция процесін аяқтап, алғашқы қоңырауды қабылдады. Жобаның бірінші кезеңінде деректерді беру процесі тексеріліп жатыр. Екінші кезеңде AR/VR – виртуал және толықтырылған шындық, сондай-ақ бұлтты ойын (Cloud gaming) сыналады. Осылайша, тестілеу кезінде тапсырыс беруші 5G пайдаланады және іс жүзінде келесі буын желілерінің қалай жұмыс істейтінін көреді.