«Powered by NIS ауыл мектебі» бағдарламасының бірінші кезеңі жүзеге асты
«Powered by NIS ауыл мектебі» бағдарламасының бірінші кезеңі жүзеге асты
399
оқылды

«Powered by NIS ауыл мектебі» – ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған жоба. Жоба еліміздің төрт мектебінде: Ақмола облысының Бұланды ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Катонқарағай аудандарында жүзеге асырылуда. Жобаны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен «Aitas KZ» компаниясы жүзеге асырады.

Қазақстанда мектептердің шамамен 75%-ы ауылда орналасқан. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, ауылдағы мектептер білім сапасы, оқу жабдықтарымен жабдықталуы жағынан қалалық мектептерден едәуір артта қалып келеді. Жоба бастамашыларының пікірінше, қоғам, үкімет және бизнес арасындағы ынтымақтастық ауылдарды тұрақты дамыту стратегиясын жүзеге асыруға және НЗМ тәжірибесін елдегі орта білім беру мектептерінде қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан 2020 жылдың шілде айында «Aitas KZ» АҚ мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» арасында жалпы бюджеті 800 миллион теңгені құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бағдарлама 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2020 жылы мектеп диагностикасы, информатика, робототехника, ұл балаларға арналған инженерлік кабинеттер, қыздарға арналған көркем еңбек, аспаздық шеберхана, кітапхана, мұғалімдердің біліктілігін арттыру іске асады. 2021 жылы биология, химия, физика, математика, география, тарих кабинеттерін жабдықтау және мұғалімдерді оқытып, тәжірибеден өткізу қолға алынады. 2022 жылы бастауыш, негізгі және орта мектептерге арналған кабинеттерді жабдықтау, мұғалімдерге арналған оқу және өндірістік практикалар өткізіледі.
ауыл мектебі 2020 жылдың соңында бағдарламаға қатысушы 4 мектепте «Powered by NIS ауыл мектебі» білім беру бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде 284 мұғалім НЗМ әдістемесі бойынша біліктілігін арттыру тренингінен өтті, ал 2500-ден астам мектеп оқушылары сапалы білім алуға қол жеткізді. – Біз үшін қаланың және ауылдың білім деңгейін теңестіруге мүмкіндік беретін білім беру жобасының бір бөлшегі болу – үлкен мәртебе. Бірінші кезеңнің оң нәтижелері біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді.  Болашақта біз бағдарламаны бүкіл Қазақстан бойынша дамыта беруді жоспарлап отырмыз, сондықтан біз басқа кәсіпкерлерді бағдарламаны іске асыруға қатысуға шақырамыз, – деді «Aitas КZ» АҚ бас директоры Толықпаев Серік.