Көлге айналған «Түркістан аренаға» қатысты тексеру басталды
Көлге айналған «Түркістан аренаға» қатысты тексеру басталды
156
оқылды

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының тапсырысы бойынша 39 млн. долларға салынған «Түркістан арена» стадионының сапасына қатысты дау өткен аптада басталды, – деп хабарлайды 24.kz.

Қазақстан чемпионаты кезінде нөсер жаңбыр жауып, жасыл алаң суға толған. Ойыншыларға кедергі келтіріп, жұрттың ашу-ызасын тудырды. Түркістандағы жаңа стадионда «Тұран» мен «Астана» футбол командалары 90 минут бойы су кешіп, доп тепкен болатын. Себебін арнайы құрылған комиссия анықтайды. Ал стадионның көлге айналуына Облыстық спорт басқармасының басшысы қолайсыз ауа райы себеп болғанын айтты.

Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қанат Жолдақараев: «Түнімен жауын жауды да, ауа райын болжау орталығынан алынған мәлімет бойынша, жаңбыр 18 сағаттың ішінде 1 айлық нормадан артқан. Жаңбырдың көп жаууына байланысты кедергілер болды. Дренаждардың талапқа сайлығын комиссия тексеріп біткеннен кейін қорытындысын айтамыз», – деді.

Оқиғаға қатысты тексеріс басталды. Алайда, тексеру нәтижелері шықпай жатып-ақ, нысанды салған құрылыс компаниясы стадионның кем-кетігін өз қаражаты есебінен қалпына келтіретінін жеткізді.

Құрылыс компаниясының өкілі Дархан Тоғаев: «Қазір осындай жағдай болғаннан кейін біз өз компаниямыздың атынан материалды өзіміз аламыз. Ол бір айдың ішінде осы стадионға жеткізіледі. Сосын алаңды қалпына келтіреміз. Еліміздің білікті мамандары, агрономдар келеді. Жаңбырдан кейінгі болған кемшіліктерді түзейміз», – деді.

Ал стадионның сапасына қатысты құрылған комиссияның қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз.