Облыстық ТЖД-ның мәліметінше, 10 наурызда Атырауда кешке жұмысына бару үшін үйінен шыққан 54 жастағы ер адам жоғалып кеткен.
Күзетшіні іздеу сол күннен басталды. Бірақ содан бері күзетші әлі табылған жоқ.
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары Самат Құмашев: «Құтқарушылар, полицейлер, еріктілермен бірге бірнеше топқа бөлініп, іздеп жатыр. Жайықтың екі жағалауындағы елдімекендер, демалыс орындары, саяжай учаскелері тексерілді. Салынып жатқан, қараусыз қалған үйлер, сондай-ақ, шаруашылық нысандары, қоқыс үйінділері, өзен жағалауы жіті қаралды»,– дейді.
Оның айтуынша, жоғалып кеткен ер адамды іздеуге Ұлттық ұланның 60 әскери қызметкері де атсалысып жатыр.
Бүгін тікұшақпен Атырау маңындағы ашық даладан іздеу жалғасады.