Жамбылда әз-Наурыз мерекесі қалай жаңғырды?

Жамбылда әз-Наурыз мерекесі қалай жаңғырды?

Әз-Наурыз мерекесі  таби­ғат­тың тылсымы мен ғалам ға­жайып­тарын бойына жиған ерек­ше мейрам екені сөзсіз. Осыны терең ұғынған  бабаларымыз бұл күнді жыл басы санап,  ұлықтаған.  Қазір Ұлыстың ұлы күнін еліміз мемлекеттік дәрежеде мерекелеп жатқаны­мен,  Кеңес үкіметі кезінде Наурызды тойламақ  түгілі  бұл мейрамның тарихынан  көпшілік бейхабар еді.

Десе де, тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқаннан кейін көп нәрсе таразы­ланып,  ұмыт болғанымыз қайта жаңғырды. Жер-жерлерде Ұлыстың ұлы күні бар сән-салтанатымен ата­лып өте  бастады. Ал Жамбыл жерінде Наурыз мерекесі алғаш рет қалай тойланды?  Тарихқа шегініс жасап көрсек... «Асу» қоғамдық бірлестігінің тө­рағасы Мәскеу Нохрабеков ол кездері қалалық мәдениет бөлімін басқарған  екен. Ол әз Наурыз мейрамы Жамбыл жерінде  ең алғаш  1988 жылы аталып өткенін айтады. – Сол жылдары газет беттерінде Нау­рыз мерекесін ұлттық мейрамға айнал­дыру туралы там-тұмдап айтыла  бастады. Содан бұл мейрамды бірінші болып неге Жам­былда мерекелемеске деген ұсы­ныспен қалалық және ау­дан­дық партияның атқару комитетіне шықтым. Алайда ондағылар мұндай мейрамды естімегенін айтып, сөзіме мән бермеді. Сонда да райымнан қайтпай, Жамбыл педа­гогикалық инсти­тутында  сол жылдары жұмыс істеген про­фессор марқұм  Қапаш Тасболатовқа барып, Наурыз мей­рамы туралы мәлімет алдым. Ол ма­ған бар білгенін айтып, әдет-ғұрып­тарын тү­сіндірді. Шыны керек, ол кезде наурыз көженің өзін  қалай әзірлейтінін білмейді екенбіз. Содан Фурманов көшесінің бойынан екі жерден қазан көтеріп, наурыз көже  пісіріп,  №9 ықшам­ауданындағы  мектеп жанына киіз үй тіктік. Сонымен қатар  алғаш рет алтыбақан құрғыздық. Алайда  Ұлыс күнін бірінші болып тойлағанымыз­бен, ертесіне қалалық партия кеңесі мені шақырып алып, «ұлттық мере­кені наси­хаттағаны  үшін»  деп қатаң сөгіс берді. Десе де, 1989 жылы Қазақ­стан компар­тиясының орталық ко­митетінің бұй­рығымен Наурыз ұлт­тық мереке болып бекітілді. Осыдан бастап Ұлыстың ұлы күні Жамбыл жерінде заңды тойлана бастады, – дейді М.Нохрабеков. Жамбыл  жеріндегі  алғашқы заңды  бекітілген Наурыз мерекесінде 3 000-нан астам адамды  қамтыған  қойылым әзір­леніп, 400-ден аса киіз үй тігіліпті. – Орталық комитеттің бұйрығы шық­қаннан кейін Наурыз мейрамын қалай тойлаймыз деп жан-жақты ойландық. Содан халық ауыз әде­биетіндегі ертегі кейіпкерлері мен аңыз тұлғалардың бей­несін көрсету үшін арнайы сценарий жасауға бекіндік. Бұл топқа Рахмет Өз­бе­ков, Болат Мәуленов сияқты журналистер мен сол кезде облыстық театрды басқарып отырған Әскер Құлданов кірді. Содан мерекенің сценарийін тұп-тура бір апта дайындадық. Қойылымдарға 3000-нан астам адам қатысатын болып шешілді. Осы тұста, тұңғыш рет ұлттық киімдер мен ертегі кейіпкерлерінің киімін тіктір­дік. Қордай ауданынан көріністерге қажетті үш күйме жасатып, Жамбыл ауданынан 50 ат алдырдық. Сондай-ақ Ойық совхозынан 15 түйе жет­кізілді, – дейді  Мәскеу Нох­рабеков. Осындай дайындықпен басталған мереке күні атқару комитетінің төра­ғасы мен қалалық партияның бірінші хатшы­сының халыққа құт­тық­тауын 10 мың дана етіп шығарып, оны ұшақ­пен қалаға шаш­қан. Бұдан бө­лек, осы күні автобустар бар­­лық бағытта тегін қатынап, қала тұр­ғындарына сая­бақтар мен сауықтыру орын­дары ақысыз қызмет көрсетіпті. Алғашқы  мерекелік іс-шараның ашылуына Роза Рымбаеваның орын­дауындағы ақиық ақын Мұқағали Мақа­таевтың  «Наурыз» әнінің  үн­таспасы қолданылыпты. «Осылайша, жұдырықша жұмыл­удың  арқасында өткен Наурыз тойын келесі жылы да бар салтанатымен атап өттік. Ол кезде қазіргі «Атша­барға»  400-ден аса киіз үй тігіліп, тұңғыш рет ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, тай көтеру, теңге ілу сынды ұлт­тық ойындар ойнатылды. Бұл жолғы мере­келік шарамызды «Қазақ­фильм» ки­но­студиясы түсіріп, кейін­нен «Жасарған Жамбыл жері» атты фильм етіп шығарды», – дейді  Мәс­кеу Нохрабеков. Алғашқы  Ұлыстың ұлы күнін Т.Рыс­құлов ауданы М.Төлебай атын­дағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов та ерекше еске алады. Бердіхан Орын­басарұлы ең бірінші Наурыз мерекесі тойланғанда ұйымдастырушылардың қата­рында болған екен. – Ол кезде мен Жамбыл педа­гогикалық институтының ІІ курс сту­­денті бола­тын­мын. «Наурыз мей­рамы ұлттық мереке ретінде бе­кітілді»  дегенді естігенде кеудемді  қуаныш сезімі кернеді. Бір ғанибет сезімге бө­лендік. Оған қоса, осы тұста елі­міздің егемендігі туралы көп айты­лып, халық үшін ұлттық болмы­сымыз­ды айқындайтын төл мерекеміз ауадай қажет болатын. Міне, осындай қуанышты сәтке біз 1989 жылы жет­тік. Ал  бұл жылы мерекелік шараға Жамбыл педагогикалық инсти­туты­ның жастары толықтай атсалысты. Тіпті, институт қабырғасынан жас өнерпаздар ансамблін құрып, Наурыз мейрамының барлық іс-шарасына қатыстық. Оқу орнының жанынан арнайы сахна дайындап, халыққа тегін концерт бердік.  Бір таңғал­ғаным, сол кезде қазақ ұлтының төл мерекесіне өзге ұлт өкілдеріне дейін  келіп, қуанышымызбен бөлісіп жатты. Осылайша, біз әз-Наурыз мере­ке­сін бірлікпен, татулықпен, ынтымақ­пен қарсы алдық, – дейді Бердіхан Орынбасарұлы. Иә, Ұлыстың ұлы күні Әулиеата то­пырағында ең алғаш рет  жоғары дең­гейде аталып, жамбылдықтар жыл басын жұмыла қарсы алған. Бұл тұста да халық ұлт пен ұлысқа бөлінбей, төл мерекемізде татулық пен бірлікті биік қойған  екен. Бұл сөз жоқ, бүгінгі ұрпаққа  үлгі-өнеге.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы