Облыс орталығы Өскемен қаласындағы көпбалалы аналар жиналып осыдан бір жыл бұрын елордада өрттен қаза тапқан бес сәбидің рухына Құран бағыштап, ас берді.
Облыстық «Халифа Алтай» атындағы мешітке қаладағы көпбалалы 85 ана келіпті. Құран оқытып, ас берген әйелдер барлық шығынды әркім өз шама-шарқынша көтергенін айтады. Ал мешіт қызметкерлері ас беру орнын тегін ұсынған.
– Бәріміздің тілегіміз бес періштенің жандары жәннатта болса дейміз. Қыршыннан қиылған сәбилер еліміздегі бар проблеманың бетін ашып кетті. Мәселе онда емес. Олардың мына жарық дүние дәмін дұрыс татып, сезіп кетпеуінде. Аянышты. Дұғамыз қабыл болса екен деймін,– дейді «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамының Өскемен қаласы бойынша жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.
Естеріңізде болса, 2019 жылдың 5 ақпанында астанада жер үйде шыққан өрттен бір үйдің бес бүлдіршіні қаза тапқан еді. Қайғылы оқиға қоғамды сілкіндіріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көпбалалы аналардың қарсылығына ұласты. Наразылықтан кейін үкімет аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақыны қайта қарастырып, әр балаға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті 21 мың теңгеге өсірген болатын.
– Көптеген мәселелерімізді көтердік. Бәрі бірдей шешілмесе де көп жағдай реттелді. Ең бастысы, әрбір көпбалалы отбасылардың жағдайы анықталды. Олардың нақты тізімі жасалды. Қандай дәрежеде өмір сүретіні белгілі болды. Өткен жылы біраз отбасы баспанаға қол жеткізді. Қуанышты жағдай, әрине. Бірақ осы іс бес баланың қазасынан бастау алды, оларды қалай ұмытамыз?! Біз бүгін бес баланы еске алу үшін жиналып отырмыз, – деді «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамының Өскемен қаласы бойынша хатшысы Жұлдыз Ақтанжанова.
Дәурен Аллабергенұлы,Шығыс Қазақстан