ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов қазақстандықтарға үндеу жасап, бірқатар кеңес берді.
Оның мәліметінше, кеше Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 55%-ы Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркелген.
«Кейінгі күндері Нұр-Сұлтан мен Алматыда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалатыны, өздеріңізге белгілі. Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупінің жоғары болуы қоғамдық орындарға, сауда орталықтарына, базарларға барумен, бұқаралық іс-шараларды (үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және тағы басқа) өткізумен, қоғамдық көлікте алдын алу шараларын сақтамаумен, сондай-ақ үй карантинін сақтамаумен байланысты.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19-дың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында өңірлік жедел штабтардың шешімі бойынша бірқатар шектеу шаралары қабылданды.
COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы бүкіл әлемде байқалады. Вирустың жаңа штамдарының таралуымен байланысты коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық тіркелуде. Әлемнің көптеген елдерінде карантиндік шаралар күшейтілуде.
Алдағы мереке және демалыс күндері әрқайсыңызды өз денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын сақтауға шақырамын және Сіздерге мынадай кеңестер беремін:
– Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына барудан бас тарту;
– халық көп жиналатын орындарға бармау, мереке күндерін жақын адамдардың арасында өткізу;
– қонақ шақырудан және қонаққа барудан бас тарту;
– жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болмау;
– әлеуметтік қашықтықты, маска кию режимін сақтау;
– шетелге барудан бас тарту. Барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын және әрбір отбасына зор денсаулық, амандық тілеймін және барлығымыз бұрынғы өмірімізге қайта оралайық!», – делінген ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовтың үндеуінде.