Ақмоланың үздік келіні анықталды
Ақмоланың үздік келіні анықталды
204
оқылды
Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған "Жақсы келін – ырысың" тақырыбында өткен байқауда келіндер өз шығармашылығы мен ұлттық дәстүр жайлы білім-біліктерін көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn порталының тілшісі. Қазақстан  Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Көкшетауда "Достар" мәдениет сарайында өткен байқау 4 кезең бойынша өтті. Алғашқы кезекте қатысушылар ұлттық киімде ортаға шығып, өздерін таныстырса, бұдан кейін салт-дәстүр, әдет-ғұрып жөніндегі білімі сынға түсті. Сұрақтарға жауап беріп, шай беру және ұлттық ет тағамының нанын илей білу бойынша сынға түсті. Қатысушылар байқауға аса үлкен жауапкершілікпен қарап, үй тапсырмасы бойынша арнайы бейнероликтер түсіріпті. "Қарын бүрме", "Жау жүрек" сияқты ұлттық тағамдар әзірлеп, "көрпе тігу", "моншақ тізіп тоқу" сияқты ұлттық өнерден хабары бар екенін байқатты. Төртінші шешуші кезеңде шығармашылық қыры сынға түсіп, байқауға қатысушылар көрермен алдында ән орындап, би билеп, аспаптарда ойнады.
"Жалпы, байқауға өңірдің бес ауданы мен Көкшетау және Степногорск қаласының өкілдері қатысты. Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, Ақмола облысы тарихи-өлкентану музейінің ғылыми қызметкері әрі Мәдениет саласының үздігі Алма Құнанбаева, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Маржан Бөкешовалар қазылық етіп, сахна мәдениеті, әртістік қабілет, ұлттық идеялардың көрініс табуына баса мән берді",  –  дейді ұйымдастырушылар.
Байқау қорытындысы бойынша Зеренді ауданының өкілі Ақжарқын Сағындықова бас жүлдеге ие болса, бірінші орынды Аршалы ауданының намысын қорғаған Рабиға Ыстыбаева еншіледі. Екінші орын атбасарлық келін Әйгерім Қасеноваға, ал үшінші орын көкшетаулық Ақбота Тәшеноваға бұйырды.

Абзал ТОҚАНОВ