Наурыз мерекесінде 2 000-ға жуық отбасыға азық-түлік себеті таратылып жатыр
Наурыз мерекесінде 2 000-ға жуық отбасыға азық-түлік себеті таратылып жатыр
196
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен биыл Наурыз мерекесі «Қайырымды істер» ұранымен өтіп жатыр. Мереке аясында қалада игі істерге арналған акциялар өткізіліп, мұқтаж адамдарға азық-түлік себеттері таратылып жатыр, – деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Елордада 22-24 наурыз аралығында «Қайырымды істер» аясында 2 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған отбасыға азық-түлік себетін тарату жоспарланып отыр. Наурыз тек қана күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл – бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Наурыз – жаңару, халықты бірлікке ұйыстыру мерекесі, сондықтан жұрт бірігіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуы керек. Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің орынбасары Бақтияр Мәкеннің айтуынша, мерекенің қазіргі тұжырымдамасы аясында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елордада «30 игі іс» қайырымдылық іс-шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Ал қарлы күндері мұқтаж жандардың аулаларының қарын күреу де назардан тыс қалған емес. Барлық іс-шаралар елордадағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді.
«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Өздеріңіз білетіндей, жыл басынан бері «30 игі іс» аясында көптеген іс-шара жүргізіп келеміз. Мұндай акциялар 1 наурыз – Алғыс айту күнінде де, 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні де атқарылып, екі мыңнан аса отбасыға азық-түлік себеттері табысталды. Қала басшылығының тапсырмасымен Наурыз мейрамында да екі мыңға жуық отбасыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Оның барысында зейнеткерлер, қарт адамдар, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылады. Бұл іс бүгін қаламыздың төрт орнында жалғасып жатыр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Наурыз мейрамын жаппай мерекелеу мүмкін емес. Ал мұндай ізгі іс тұрақты түрде жалғасады. Қайырымдылық акциясына қолдау көрсеткен мәслихат депутаттарына, Halyk Bank-іне, меценаттарға, кәсіпкерлерге, волонтерлерге, сол сияқты қаламыздың белсенді тұрғындарына ерекше алғыс айтамын», – деді Бақтияр Мәкен.
Сөзін жалғай отырып, қала әкімінің орынбасары өзгелерін де осындай қайырымдылық іс-шараларына қолдау көрсетуге, мұқтаж жандарға жәрдем етуге, сол сияқты қар күреу, дәрі-дәрмектер жеткізіп беру, азық-түлік сатып алу секілді игілігі мол шараларға атсалысуға шақырды. Ол өз сөзінде құт-береке, ырыс-несібе, мол бақыт тілеп, коронавирус пандемиясынан аман-есен өтуді тіледі. Мерекелік себетке ие болған тұрғындар да ризашылық білдіріп, елорда тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады. Бүгін, яғни, 22 наурыз күні азық-түлік себеттері Нұр-Сұлтан қаласының 4 ауданы бойынша 600-ден астам отбасыға жеткізілді, өзгелеріне жақын күндері таратылатын болады. Сонымен бірге, әкімдік елордада коронавирусты жұқтыру қаупі әлі де жоғары екенін ұмытпауды еске салып, мереке күндері адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырады.