Наурыз айы туғанда адамдар бір-біріне ақ жарма тілегін арнап, «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, көңілдерінің, ниеттерінің түзу екенін білдіріп жатады. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы оқытушы-профессорлар құрамы да осы игі дәстүрден жаңылған жоқ.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:Бұлақ көрсең көзін аш
– Ұлы Далада жарық дүние есігін ашып, ықылым заманнан бері ұлт болып, ел болып қалыптасқан халқымыз табиғаттың әрбір құбылысының қабағына қарап, дүлейімен алысып, күнгейімен қуана қауышып күн кешкен. Яғни, табиғаттың төл перзенті болған. Аспандағы Күннің де, астындағы Жердің де қадірін білген. Жаратушының адам баласына берген осынау нығметтерін құт, береке деп білген. Оны үнемдеп, шашпай-төкпей керегіне жаратқан. Жаратушының су, ауа, жер, өсімдік, мал тәрізді нығметтерін аялай білген. Қызығын көрген. Ұлы Жаратушы адам пешенесіне жазған осынау нығметтерді сақтаудың, молайтудың қыр-сырына қаныққан. Қызығын көрген. Жаратушы сыйға берген бұл байлықтармен қарым-қатынас жасай білген. Ауа, су, жер, төрт түлікті сондықтан да аялаған. Осынау табиғат сыйын аялай білгенде ғана армансыз күн кешетінін ұққан. Бұл байлықтарды ысырап жасамаған. Керісінше көбейткен. Соны түйген далалықтар жер, су, ауа, өсімдік, малды, жылуды кие тұтты. Адам адам болу үшін олардың көзін ашты. Көбейтті. Жер ана бізді бұлағымен емізеді. Сол бұлақтың көзін ашу әр пенде міндеті. Әсіресе, Ұлыстың Ұлы күні Наурызда далалықтар табиғат ана сүтіндей су көзін ашуды ұрпағына үлгі еткен. Бір бұлақтың көзін ашсаң өмір атты мың бұлақ салтанат құрмақ. Көсегесі көгеріп тірлік бүршік атпақ. Сен қадаған тал шыбық күні ертең бүршік атып мәуелемек. Игілікке айналмақ.
Дана халқымыз сондықтан көктем келе бұлақ көзін ашқан. Жылу мен жер, су тірлік бастауы деп білген. Тірлік көзі ашылса, өмір көші тоқтамаған. Сол салттың арқасында халық бар болған. Біз бар болғанбыз. Ендеше, ылғи да бар болайық!
Бауыржан БАЙДІЛДӘ, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:Наурыз – барлық ұлтқа ортақ мереке
– Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып төл тарихымызға үңіліп, ұлттық әдет-ғұрпымызды ұғынған кезде Наурызды бірінші еске аламыз. Наурыз мерекесі мыңдаған жылдар бойы тек қазақ емес, қаншама ұлт пен ұлыстың мерекесі болып тойланып келді.
Менің бала кезімнен есімде қалғаны, ол әрине, Наурыз мейрамының ұлттық тағамы – наурыз көже, Наурыз кезінде болатын іс-шаралар. Дәстүрлі ат ойындары – бәйге, көкпар. Елдің бәрі бұлақтың көзін ашып, күннің шуағына бөленіп арқа-жарқа болатын. Мен Наурыз мейрамын адамзаттың көңіліндегі, көкірегіндегі қуаныш сезімі табиғатпен үйлесім тапқан үлкен мереке санаймын. Қазақтың бай мұрасы, өзіндік ұлттық бейнесі осы Наурыз мейрамымен бірге қалыптасқан.
Нұржан ЖАНПЕЙІС, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:Бізге Наурыз әндері керек
Қазақ халқы үшін қытымыр қыстың аяқталып, жер аяғы кеңитін көктем мезгілінің орны ерекше. Себебі көктем мезгілі ұлы табиғаттың қайта тіріліп, жаңаратын, жасанатын кезі.
Ежелден Наурыз тойын жалпы халық болып қарсы алып, атап өтіп келеді. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деп, ел бір-біріне ақжарма тілектерін ақтарып, ақ ниетін білдіріп, мереке көркін қыздырушы еді.
Біздің дәстүрлі музыкалық өнерімізде көктем мезгіліне, көктемгі мерекелерге арналған көптеген ән-күйлер жетерлік. Алайда халық композиторларының туындыларында арнайы Наурыз мерекесіне арналған әндер кемшін түсіп жатады. Атақты күйші Дина Нұрпейісованың «8 март» күйі қазіргі таңда көктемгі мереке Халықаралық әйелдер күнінде орындалатын бірден-бір шығарма. Кейінгі әуесқой композиторлар да Наурыз мейрамына арнап біршама туындыларды жарыққа шығарды. Сонымен қатар менің ұстазым, қазақтың әйгілі әншісі Дәнеш Рақышев те әз-Наурыз мейрамына «Наурыз тойы» деп атап ән шығарған. Әннің бағы – Мұқағали Мақатаевтай ақиық ақынның сөзіне Талғат Сарыбаевтай кәсіби композитордың сырлы сазы үндесіп, оны Роза Рымбаевадай талантты әншінің орындауы. Дегенмен эстрадалық жанрда да Наурыз мерекесінің бойтұмарына айналған ән аз. Бұл олқылықтың орнын толтыратын кез келді.
Мерекеде тілектер легі толассыз ағылады. Осы ретте мен де «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ізгі тілегімді білдірейін. Өнер саласында қызмет атқарып жүргеннен кейін біз атаулы мейрамды асыға күтеміз. Себебі, Наурыз мерекесінде өзіміздің ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық өнеріміз кеңінен насихатталады.