Қордайдағы қақтығыс: Нысандарды қалпына келтіруге қаржы қайдан бөлінеді?
Қордайдағы қақтығыс: Нысандарды қалпына келтіруге қаржы қайдан бөлінеді?
© Бауыржан Жуасбаев
311
оқылды
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қордай ауданындағы оқиғадан кейін қалпына келтіру жұмыстарына қаржы қайдан бөлінетін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі уақытта Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Үкімет комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Сәйкесінше, ол Жамбыл облысы Қордай ауданында. Осы комиссия жұмысының аяқталуы бойынша тиісті шешім қабылданады», - деді Смайылов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауабында. Осы орайда, ол зақымданған нысандарды қалпына келтіру бойынша жоспар әзірлеу тапсырмасы берілгенін атап өтті. «Үкімет комиссиясы өзінің жұмысын аяқтағаннан кейін тиісті шешім болады. Бұл бағытта қажетті қаржы резервтен бөлінуі мүмкін. Атап айтқанда, қандай шығын келтірілгені және қандай көлемде залал болғаны туралы нақты мәліметтер жарияланған соң, тиісті жұмыстар басталады. Әзірге, шығын сомасы нақты айтылған жоқ», - деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар, Үкімет басшысының бірінші орынбасары жергілікті бюджеттен де қаржы бөлу ескерілетінін айтты. Айта кетейік, біз Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ауылдардағы қақтығыстан кейінгі жағдайды түгел баяндап отырмыз.