Наурыздың құны 565 миллион ба?
Наурыздың құны 565 миллион ба?

Әлеуметтік желіде екі күннен бері Шымкент қаласындағы Наурыз мерекесіне бөлінген қаржы мен мемлекеттік сатып алу бойынша әкімдіктің іс-шараларды өткізу үшін қандай компанияларды таң­дағаны жөніндегі тақырып пікір­таласқа ұласып жатыр. 

Қоғамда қызу талқыға түскен бұл та­қырып шынында да біраз жайттың бетін ашқандай. Алдымен Zertteu Research Institute қоғамдық қоры өзінің Facebook әлеу­мет­тік желісіндегі парақшасында жария­лаған мәліметке тоқталайық. Онда Шым­кент қаласында Наурыз мерекесіне 565 млн теңге жұмсалғаны жөнінде ай­тылады. Қоғамдық қор мемлекеттік сатып алу пор­талындағы деректерге сүйене оты­рып, Шымкентте Наурыз мерекесін атап өту үшін, жалпы 6 сатып алу өткенін ха­бар­­лайды. Тапсырыс беруші – «Шым­кент қала­лық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК. Басшысы – Сәкен Май­ғазиев. Сондай-ақ ұйым барлық сатып алу тікелей бір көзден алу тәсілімен өт­кенін де ескерте кеткен. Одан соң қоғам белсендісі Ғалымжан Оразымбет аталған сатып алулар бо­йынша тереңірек зерттеп, Орда сайтына мақала жариялады. Онда өнім берушінің кімдер екені зерделенген. Қоғам бел­сендісінің зерт­теуінше, 322,9 млн теңге қаралған  «Шым­кент – қайырымды қала» – Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасы қыз­метіне өнім беру­ші ретінде астаналық Penopro ЖШС таңдалыпты. Компания мұның алдында да бірқатар мәдени мекемелердің іс-шарасын өткізіп жүріпті. Алайда мұнда  мемлекеттік сатып алудың талаптарына сай техникалық ерекше­лігінде іс-шарада қамтылуы керек адам саны, ұйымдастыруға керек мамандар мен техникалық жабдықтар, басқа да қа­жет­ті нәрселер туралы ештеңе көрсе­тілмеген. Тек іс-шара атауы, өткізетін мер­зімі, жеткізілу мекенжайы және басқа да қысқаша мәліметтер бар. Екінші келісімшарт Наурыз мереке­сіне орай Open Art gallery – Айқап жур­налының құрылғанына 110 жыл» іс-шарасын өткізу бойынша жасалған. Келісімшарт бағасы – 50 млн теңге. Өнім беруші – ЖК Prima Gololobova. Шым­кенттік компаниямен мұның алдында «ТМД мәдени астанасы­ның» жабылу салтанаты» шарасы бойынша келісім жасалған екен. Мұнда да іс-ша­раның толық сипаттамасы көрсе­тілмеп­ті. Осы тұста айта кетейік, қазақ баспа­сөзінің алғашқы қарлығашы саналатын «Айқап» журналына биыл 110 жыл толғаны рас. Алай­да мерейтой туралы әзірге үшінші мегаполисте әңгіме жоқ, тып-ты­ныш. Десек те, жуырда шымкенттіктер Нау­рыз мерекесінің қарсаңында «Қазақ радиосы­ның» 100 жылдығын дүркіретіп той­лап бер­генін жоққа шығара алмаймыз. Оның қаржысын қайдам, ал «Айқап» журналы­ның 110 жылдығын тойлауға 50 миллион тең­генің қаралуы ақылға қоным­сыз.  Сонда дейміз-ау, әр 10 жыл сайын рес­пуб­лика көлеміндегі газет-журналдың, теле­арнаның мерейтойына осынша қар­жы құртып тойлау  қаншалықты дұрыс? Оның арасында тарихы тереңде жатқан жергілікті БАҚ-тардың да мерейтойлары бар. Наурыз Сонымен, үшінші сатып алу «Наурыз мерекесіне орай дәстүрлі ән мен жырлар» – Дина Нұрпейісова іс-шарасы қыз­метіне» деп аталады. Келісімшарт бағасы – 50 млн теңге. Өнім беруші алматылық компания – ИП Дехгани Soloist. Төртінші сатып алу 80 млн теңге қаржы қаралған «Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай» іс-шарасы қызметі деп аталады. Өнім беруші – ZHAN ALEMI GROUP ЖШС.  Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген бұл компаниямен екі мәрте келісім-шарт жасалған екен.  Алдыңғы келісім 2020 жылы «ТМД мәдениет астанасы» шара­сы­нан 11,1 млн теңгемен әлеуметтік желілерде ақпарат жариялау қызметін көрсеткен. Бұл жол­ғы қызметі басқа. Бесінші сатып алу атауы – «Наурыз мерекесіне орай, Шым­кент қаласының мәдени нысандарын әлеу­меттік желі­лерде тарату іс-шарасы қыз­метіне». Ке­лісімшарт бағасы – 22 млн 980 мың теңге. Өнім беруші шымкенттік – Impresario Media Group ЖШС. Мем­лекеттік сатып алу порталына 10 наурыз күні тіркеліп, 19 наурызда келісімшартқа отыр­ған. Яғни, бұл алғашқы келісімі екен. Сатып алу ерекшелігінде ақпаратты әлеуметтік желілерде тарату қызметіне қо­йылатын талаптар туралы мәлімет жоқ, яғни қай әлеуметтік желіде, қандай парақ­шада таратылуы қажет екені де көрсе­тілмеген дейді қоғам белсендісі. Айта кетейік, осы тұста  Шымкент қа­ла­сында Наурыз мерекесі қарсаңында «Нау­рыз Шымкенттен басталады» «Шым­­кент шақырады» деген хэштегпен түрлі іс-шара ұйымдастырылмақ бол­ғаны, елі­міз­ге танымал әншілер мен өнерпаздардың  бүкіл қазақ халқын әз-Наурызды бірге өткізуге Шымкентке ша­қырып жатқан  ви­део­роликтерінің жа­рық көргені еске түседі. Ал енді алтыншы сатып алу шарасы «Наурыз айтыс» төңірегінде әңгіме тіпті көп. 40 млн теңге қаралған айтысты өткізіп беру шымкенттік Quraq Group ЖШС-не тапсырылыпты. Порталға айдың басында ғана тіркелген жас кәсіпкердің бұл алғашқы келісімшарты екен. Серіктестік туралы әріптесіміз Мият Кәшібай «статистика комитетінің сайтында бұл компания жиһаз жасаумен айналысатынын көрсеткен», – деп жаз­ды. Сонымен қатар дәл осындай рес­публикалық деңгейде 22 ақын қатысқан Тараздағы айтысқа кеткен шығын мен Шымкенттегі 16 ақын қатысқан шараның шы­ғыны жер мен көктей болғанын дәлел­деуге тырысыпты. Жалпы жүлде қоры 6 млн теңге көлемінде болған айтысқа 40 млн теңге жұмсалғаны рас па? Наурыз кесте Бұл туралы Шымкент қалалық ақ­парат­тық коммунакациялық орта­лығында өткен брифингте Шымкент қа­ласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жауап берді. «Кез келген іс-шараны өткізерде түрлі компаниялар өз идея­сын ортаға салады. Біз солардың ара­сынан көңілімізге ұнағанын іріктеп аламыз. Айтысқа келер болсақ, «Нау­рыз айтыс» – республика көлеміндегі үлкен жоба. Екі күнге созылған ай­тысқа 21 млн 300 мың теңге қаралды. 16 ақынның басын біріктірдік. Қа­зылар алқасы, ақындар мен қонақтардың жатын орны, тамағы, жол шығыны бағ­дар­ламасы, жүлде қоры,  осының барлығына 21 млн теңге  кетіп отыр. Мемлекеттің әрбір тиыны санаулы, депутаттардың ба­қылауында. Одан соң Наурыз тойын той­лауға бюджеттен әлі бір тиын да төленген жоқ. Бізбен келісімге келген компанияларға өз талабымызды қойдық. Онда әзірге ақшамыздың жоғын, өз­дерінің қаржысымен өткізе беруді ұсын­дық. Келіс­кендер іс-шараны өткізіп бер­ді. Сондықтан әр нәрсенің байыбына бармай жатып байбалам салудың қажеті жоқ», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Ал брифингте Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіден айтысты өткізген компанияның жиһаз шы­ғарумен айналысады екен деген ақ­парат­ты оқығанын, алайда оған аса мән бермегенін жеткізді. «Жур­на­листер мен блогерлердің айырмашылығы бар. Жур­налистер мәселенің ақ-қарасын зерттейді, ал блогерлер бір жерден бір ақ­парат тапса соны іліп алып кете береді. Айтысты өткіз­ген компанияның идеясы біз­ге ұнады, со­ны­мен келісімге отырдық», – деді. Со­нымен қатар Сәкен Қорда­байұлы Шым­кенттегі бүгінгі мәдениет саласын­дағы жетістіктер мен кемшілік­терге, қорда­ланған мәселелерге тоқ­талды. Шымкент қаласындағы мәдениет са­ласын дамытуға арналған осынау бри­фингте Шымкент қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенова жыл басынан бергі жетістікке тоқталды. Одан бөлек, биыл қала бюд­жетінен жыл бойғы іс-шаралар үшін 572 млн теңге бөлініп отырғанын жеткізді. Ал 14-24  наурыз аралығында өткен Ұлыстың ұлы күнін тойлауға 213 млн теңге қаралыпты.  «10 күнде 103 іс-шара өткізілді. Иә, жоспарымызда 157 іс-шара бар еді. Ашық алаңда керемет Наурыз ду­ман өткіземіз деп жоспарладық. Деген­мен карантин жағ­дайына байланысты тоқтату туралы тапсырма түскен соң барынша қысқартып, жиындарды сани­тарлық талаптарды сақ­тай отырып, басқа залдарға көшіп, адам санын шектеп өт­кіздік», – дейді ол. Дегенмен журналистер спикерлерден өздерін толғандырған сауалдарға тұшым­ды жауап ала алмады.  Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған ақпараттың жалған немесе рас екеніне ешкім нақты жауап берген жоқ.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы