Үкім: 19 және 20 жыл
Үкім: 19 және 20 жыл
183
оқылды

Теміртауда сот үкімімен екі азаматқа «кісі өлтіруге оқталды» және «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылып, бірі 19, екіншісі  20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл оқиға 2020 жылы 22 маусымда түстен кейін қаладағы жазғы дәмханада  болған. Сол уақытта полиция төбелеске себепкер болған екі жігітті ұстап, қамауға алды. Хаттамада  «Дәмхана әкімшісінің маска тағу туралы ескертуіне құлақ аспай, ас ішуге келген азамат оның шашынан ұстап, бетінен ұрып, содан кейін ыдыс-аяқтарды сындыра бастады, тоңазытқышты теуіп жіберді» делінген. Ажыратуға тырысқандармен жігіттер ерегісе кеткен.  Жанжал түбі – жаға жыртыс. Далада төбелес басталып, қатысушының бірі қашып кетіп, екіншісі оңбай таяқ жейді. Кейін белгілі болғандай, ауруханадан бірақ шыққан жас жігіт үшінші топтағы мүгедек әрі егде жастағы анасының қарауына толықтай тәуелді болып қалады. Бақылау камераларындағы бейнежазба да айғақ ретінде тіркелді. Бірақ бұған дейін әлеуметтік желілерге тарап, халықты дүр сілкіндірген еді. Таспаға екі ер адамның жолда құлап жатқан азаматты ұрып жатқаны түсіп қалған. Бір әйел жас жігітті бүркемелеуге тырысады, бірақ олар тоқтамай басынан ұра береді. Осы іс бойынша  Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандан­дырылған ауданаралық соты үкім шығарды. Онда «Алматы облысының тұрғыны 35 жастағы Жеңісбек Бекжанов пен Теміртау қаласының тұрғыны 36 жастағы Рахымжон Бұғыбаев Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің: «Бұзақылық», «Ұлт­аралық араздықты қоздыру» және «Адам өлтіруге әрекет жасау» баптарымен айып­талды» делінген. Ал сол күні дәмханада болған көптеген куәгер тергеу және сот процесінде жанжал, ұрыс болғанын растады. «Төбелес әкімші карантин талаптарын орындап, маска тағуды сұрағаннан кейін басталды. Тәртіп бұзғандар қыздың шашынан ұстап, бетінен ұрды, содан кейін демалуға келгендерге қарсы «шабуыл» жасады. Тамақтануға келгендер  балаларын дәмхананың артқы бөлмелеріне жасыруына тура келді. Жанжал шығарғандардың бірі үстелде отырған адамды сыра құятын ыдыспен ұрды. Бір жігіт сыртқа қарай жүгіре жөнелді, бірақ жолда сүрініп құлап түсті. Оны қуып жетіп, басына көптеген соққы берді» деген куәгерлер сөзі де актіленді. Сот үкімінде: «Конституцияның 15-ба­бында  «әркімнің өмір сүруге құқығы бар» деп жазылған. Алайда айыпталушылар заңды сақтамай, А.Антоновты соққыға жықты. Бүгінде ер адам мүгедек, оны тамақтандыратын, күтім жасайтын, сонымен бірге барлық ме­дициналық процедураға баратын-қарт анасы. Сотталушы жас жігіттерді, адамгершілік, бас­қаларға құрмет қағидалары тоқтата алмады», – делінген. Сот отырысы барысында айыпкерлер  «олар бізге ар-намыс пен абыройға тиетін сөз­дер айтты» деп мәлімдеді. Бірақ бұл сөз­дерді бірде-бір куәгер растамаған-мыс. Сот: «Айыпталушылардың жасаған әрекеті ұлт­аралық араздықты қоздыруға бағытталған деп санайды» деген үкім шығарды. Сонымен, Қарағанды облысының қыл­мыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жеңісбек Бекжанов пен Рахымжон Бұғыбаевтың қылмысы толық дәлелденді деп, бірін 20 жыл, екіншісін 19 жыл бас бостандығынан айыруға кесті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және сотталу­шыларға жоғары инстанцияға  шағымдануына болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы