Азаматтар өтініші ескерусіз қалмады
Азаматтар өтініші ескерусіз қалмады
163
оқылды

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарды бөлек бір топ ретінде ерекшелеу бары жасырын емес. Дегенмен олар толыққанды адам ретінде қоғамның бір мүшесі санатында. Олардың арасында да еңбекке қабілеттісі, жұмыс істеуге құштар азаматтар жетерлік. Осы орайда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру көзделген болатын.

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және Ақмола облысының кәсіподақтар бірлестігімен бірлесе «Новопэк» ЖШС, «Тазалық» еңбек ұжымдарына барып, мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша жұмыс орындары санының 2-4 пайыз квотасын сақтау фактілеріне мониторинг жүргізді. Кездесу барысында жұмыс берушінің мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту үшін жағдай жасау қажеті туралы айтылды. «Новопек» ЖШС штатында 867 жұмысшы бар, оның ішінде 31-і мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Ал 6 адам мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қатарында. «Тазалық» мекемесінде 154 адам жұмыс істесе, оның 8-і мүмкіндігі шектеулі адамдар. Бұл кәсіпорындарда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бойынша квота сақталғаны мәлім болды. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінде облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасының басшысы Дина Ахметжанова азаматтарды қабылдады. Онлайн кездесуге облыстың шалғай аудандарынан да қатысқандар болды. Келіп түскен сұрақтардың дені әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек алу мен мүгедек баласын асырап отырған отбасына азық-түлік есебінде көмек көрсету жайында. Жалғызбасты ана, ІІІ топтағы мүгедек, егіз балаларды тәрбиелеп отырған Мария Толстунова атаулы әлеуметтік көмек беруді, сонымен бірге азық-түлікпен қамтамасыз етуді сұрады. Қабылдау барысында «Өмір жолы» отбасы және балаларды қолдау ақпараттық-үйлестіру ресурстық орталығы бұл отбасыға киім-кешек беру мәселесін шешті. Ал Есіл ауданынан хабарласқан өтініш иесі, көпбалалы анаға азық-түлік түрінде көмек көрсетіліп, жұбайын жұмысқа орналастыруды сұрады. Нәтижесінде, бұл мәселе де дереу оңтайлы жүзеге асты. Одан бөлек, «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының кезекті қабылдауында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықов еңбек ардагері, зейнеткер Роза Хасанқызын қабылдаған болатын. Денсаулығы сыр бере бастаған зейнеткер пульсоксиметр құрылғысын алуға көмек сұрап, өтініш білдірді. Қоғамдық қабылдау нәтижесі бойынша, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықов бұл мәселені шешіп, өтініш иесіне пульсоксиметр құрылғысын табыстады.

Мадияр ТӨЛЕУ