Директорға обал болды!
Директорға обал болды!
108
оқылды
Жүйкені жіп деп ойласақ, бү­гінде адамдардың жүйке жіптері мүлде жұқарған ба деймін? Жіңіш­ке жіпті тартып қалсаң, үзіліп кетеді ғой? Адамдардың жүйкесі де солай ма деп қалдым. Байқай­сыз­дар ма, кейінгі кезде бала бақ­шаларда істейтін тәр­биешілердің жүйкелері тез үзіліп кетеді, Олардың бас сүйектерін ар­шып, микроскоппен қарасаңыз, үзілген жіптерін көргендей бола­сыз! Өткен жылы ашуды айғыр етіп мініп алып, сабырды сан­дықтың ішіне тыға салған бала-бақша тәрбиешілері туралы әдеу­меттік желіде көп жазылды. Желі оқырмандары: «Оңбаған екен!» , «Өзінің баласы болса, дәл осылай ұрмас еді!», «Мынау қандай тәр­биеші өзі, баланы ұрып жатқан?» деп жазды. Шынында, бүгінде балаңызды балабақшаға беруге қорқасыз. Ана жерден де, мына жерден де сондай үрейлі сыбыстар шыға берген соң, шынында шақшадай басы­ңыз шарадай болады екен! Өскемен қаласындағы бала бақ­шалардың бірінде де, дәл осындай қорқы­нышты оқиға орын алды. Балақай кішкентай орындықта отырған, жылады ма, бірдеңе сүрады ма, білмейміз ғой, тәр­биеші орнынан ұшып тұрды да, баланы көтеріп алып, жерге атып ұрғаны! Масқара! Оны ұруға кім құқық берген? Ата-анасының өзіне дәл осылай қорлауға заңымыз көтер­мейді ғой. Жо-оқ, тәртіпсіз, қаті­гез тәрбиеші жерде жылап жатқан балақайды тағы да көтеріп алып, жерге атып ұрды. Әлдекім мұны жасырын түсіріп алған екен, әлеу­меттік желіге салып жіберді. Қай­д­ан шықса, одан шықсын деп. Мы­на өлең сол сұмдық тәрбиешіге арналған ғой деймін? Қалай өзі, жауыз болып кет­кен бе, Оларға да маньяк сезім жеткен бе? Балаларды қалай ғана ұрады, «Судоргісі» келеді ме көк­темде?   Мейірімсіз тәрбиеші қатал-ақ, Балаларды көреді ме жапалақ? Жылағанды жұбатудың ор­нына, Жүргені сол, балақайды саба­лап! Балабақша бас бұзардың орны ма? Жөні түзу адам жоқ па, ор­нына... Жұмысына қабылдарда біл­мейтін, Жоқ әлде, директоры сорлы ма? Көрдіңіз бе, қалай екен? Директор жан алғыш тәрбиешіні кабинетіне шақырып алды: – Әй, не істеп жүрсің? – деп сұрады тәрбиешіден. – Кешіріңіз, бала көрсем, ұра бергім келеді. – Жындысың ба сен? Ұра бергім келедің не? – Өзі ғой, жынымды келтіреді! Ерке! – Құрыдық қой! Маған обал болатын болды ғой? – Кешіріңізші? Кешіргенде де, кешірмегенде де, не тұр дейсіз бе? Балақайды ұрған тәрбиешінің үстінен қыл­мыстық іс қозғалып, жұ­мыстан қуылды. Бір өзі кетсе мейлі ғой, директорды да жабыстыра кетті. Директорға обал болды! Қыз­метінен қуылды. Мұндай оқиғалар кейінгі кезде жиілеп кетті. Жүйке жіптері үзіле береді, үзіле береді. О, тоба?!

Ақмарал АБЛРАМАНОВА