Мүйіз шықты
Мүйіз шықты
612
оқылды
Мүйіз демекші, адамға мүйіз ешқашан шық­пайды. «Мүйізі қарағайдай ағалар» деп жатады ғой. Бұл да өтірік. Мүйізі қарағайдай болып, көшеде ке­ле жатқан ағаларды көрген емеспін. Мүйіз тек жануарларға ғана шығады емес пе? Мысалы, сиыр­ға, ешкіге, түйеге... Ой, түйеге шықпайды екен ғой. Қас­қырға да мүйіз шықпайды. Мүйізді қас­қыр­лар­ды көрсем, көзім шықсын. Негізі, мүйіз туралы көп ай­та беруге болады. Шынымды айта­йын, мүйіз адам­ға шықпаса да: «Маңдайыңа мүйіз шықты ма, не?» деп теңеп, бейнелеп, әсірелеп ай­тып жататыны рас қой? Осы тұрғыдан келгенде, Шығыс Қазақстан об­лысы, Зайсан ауданының тұрғыны Алмас Тұрғын­байұлы­на мүйіз шықты!. Неге дейсіз дер ме? Таң қалып отырған боларсыздар? Ее, таң қалудан қал­дық қой бүгінде. Бір күні ол жергілікті қасапханалардың біріне ұрлыққа түсті. Жымқыруға деген иммунитеті күшті. Со­дан, тоңазытқышты ашып қалса, маралдың 250 ки­лодай мүйізі жатыр екен. Бұл деген қыруар бай­лық қой? Қара нарықтағы құны 22 миллион теңге! Ол маңдайының жиырыла қалғанын байқады. Маң­дайын ұстап көріп еді, мүйіз шығып келе жа­тыр екен. Сонда да, тегін олжаға кенелетінін ойлап, мүйіз­дерді ала кетті. Үйлердің арасымен қашып ке­леді. Бір кезде, мүйізі сорайып, марал мұйізіне ұқсап кетіпті. Басын көтере алмай қалды. Содан қорыққан 26 жастағы бозбала тәуіпке кел­ді. – Апа, мүіз шықты маңдайыма, – деді. Тәуіп апасы оның мүйізінен ұстап көріп: – Бірдеңе бүлдіргенсің ғой? –деп сұрады. – Жооқ, ештеңе, –деп өтірік соқты ол. Тәуіп апасы оның мүйізін аралап тастады. Алмас пайда көрмек болып, оны да ала кетті. Сол күні Алматыға тартты. Мүйіздерін сатып, пайда таппақ. Бірақ, автобуста отырғанда, бір қыз оған қарап күле берді, күле берді. – Неменеге ыржыңдап күлесіз? –деп сұрады ол. – Бір түрлі екен. – Не, маңдай көрмедіңіз бе? – Маңдайыңызға екі мүйіз қатар шығыпты. – Қойыңызшы? –деген ол маңдайын алақаны­мен сипалады. Сол екен, зәресі қалмады. Мүйізді сипалаған сайын өседі. Мүйіз қыздың алдына дейін жет­ті. Алматылықтар таң қалды. Журналистер де тап бола кетті. – Мүйізді жігіт! – Сенцасия! Мүйізді жігіт Алматыда! – Жемқорларға да осындай мүйіз шықсын! – Парақорларға да! – Мүйізділер жасасын! – деп шуласты. Шын мәнінде дәл осындай оқиға болды деп се­ніп қалдыңыздар ма? Өләә, жаман сенгіш екен­сіз­дер ғой? Әшейін, өзімше бейнелеп айтып жат­қа­ным емес пе? Алмас Тұрғымбайұлына мүйіз шық­паса да, ол марал мүйіздерін ұрлағаны үшін, Алма­тыда ұсталып, тергеу амалдары басталды. Ай­тайын дегенім, абайлаңыздар, ұрлық жа­самаңыздар, сізге де мүйіз шығып кетуі мүмкін ғой? Ойбаай, беті ау­лақ!  

Мара РАХМАН