Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктердің балалар үшін тегін қызмет көрсеткеніне тура бір жыл болды. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша барлық кәмелетке толмағандар үшін жеңілдетілген жол жүру ақысы 2020 жылдың наурыз айында іске қосылды. Осылайша тегін жол жүру енгізілген сәттен бастап балалар 7 млн. 600 мыңға жуық сапар жасады, – деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Тура бір жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша барлық кәмелетке толмаған балаларға олардың мәртебесіне қарамастан тегін жол жүру енгізілген болатын. Бұл шешім қала маңында тұратын балаларға да қатысты. Бұл шара карантинге дейін енгізілген болатын.Жол жүру үшін мектеп көлік картасының болуы, оны автобуста валидациялау міндетті шарт болып саналады. Бұл жолаушылар ағынын қадағалауға және басым бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Жеті жасқа дейінгі балаларға көлік картасы қажет емес», — деп атап өтті «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.
Бір жыл ішінде балалар үшін 40 мыңға жуық мектеп көлік картасы шығарылды, оның ішінде 7 мыңнан астамы – биыл.
Мектеп көлік картасын рәсімдеуге өтінімді Р.Қошқарбаев даңғылы, 50/1 мекенжайындағы орталық касса арқылы алуға немесе transcard.kz онлайн сайты арқылы үйге тапсырыс беруге болады.