Жамбыл облысында 244 оқушының жүкті болып қалғаны рас па?
Жамбыл облысында 244 оқушының жүкті болып қалғаны рас па?
241
оқылды
Кешеден бері Жамбыл облысы бойынша 244 мектеп оқушысының жүкті болып қалғаны туралы ақпарат желілерде желдей есіп жүр. Алайда бұнымен облыстық Білім басқармасы келіспеуде. Сол себепті тараптарды тыңдап көрген едік. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы Жамбылда жасөспірімдер арасында 224 ерте жүктілік фактісі тіркеліпті. Оның 10-ы 15 жасар қыздар болса, 151-і 17 жастағы жастар. Ал 2020 жылы 186 дерек орын алған. Екі жылдың есебінде де жасөспірімдердің ерте жүктілігі Тараз қаласында көш бастап тұр. Алайда бұның барлығы мектеп оқушысы дей алмаймыз. Білім басқармасындағы  сенімді дереккөзге сүйенсек, 2020 жылы нақты мектеп қабырғасында жүрген кәмелеттік жасқа толмаған үш оқушы жүкті болып қалған екен.  Ал  Тараз қалалық және аудандық  білім бөлімдерінің жергілікті денсаулық сақтау мамандарымен бірлесе жүргізген  мәліметіне сүйенсек,  16 жастағы – 18, 17 жастағы – 58 (оның 1-і ата-анасының өтінішімен басқа өңірге қоныс аударған), 18 жастағы – 43 қыздың ерте жүктілігімен, барлығы 122 жасөспірім   тіркеліпті. Байқап тұрсаңыздар құзырлы екі басқарма берген ақпараттар бір-бірімен үйлеспейді. Бір сөзбен айтқанда сандар сандырақтап тұр. Бұл орайда облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов өңірде жүктілікпен тіркелген жасөспірімдердің дені өзге өңірлерден келгендігін айтады. Сондықтан олардың сандарынан жаңылу болып жатқан көрінеді.
– Ерте жүктілікпен тіркелген жасөспірімдердің дені Түркістан, Алматы, Қызылорда  облыстары мен Шымкент және Алматы қаласынан келгендігі анықталды. Олар облысқа жүкті болып келіп, осында босанып, көрсеткішімізді өсіріп отыр. Алайда перзентханадан шыққаннан кейін олар қайта өз өңірлеріне оралуда,– дейді Т.Жамалов.
Міне, осылайша жауапты мамандар жүкті болып қалған жасөспірімдердің нақты санына жете алмай отыр. Білім басқармасы ерте жүктілікпен тіркелгендердің дені азаматтық некеде тұрып жатқанын да алға тартады. Бірақ бұл көңілге жұбату бола алмайтындығы анық. Бесіктен белі шықпай жатып 15-17 жасар қыздар босанып жатса, елдің ертеңінен не күтеміз?

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы