ІІМ-де қазақстандық компания шоттарынан 300 миллион теңге ұрлау дерегіне қатысты тергеу басталды. Тергеу департаменті ірі акционерлік қоғам шоттарынан 300 миллион теңгеден аса қаржы ұрлаған топқа қатысты қылмыстық істі тергеуде.
ІІМ Тергеу департаментінің мәліметінше, ұрлық жасады деген күдікпен үш адам анықталып, қамауға алынған. Олар ресейлік хакермен бірлесіп, компанияның интернет-ресурсында 14 жалған парақша құрып, ақпараттық төлем жүйесіне қол жеткізген. Құқық қорғау органдары айыпталушылар ұрлаған ақшаны қолма-қол ақшаға айырбастап, SIM карталарды сатып алумен, ұрланған ақшаны биткоиндерге айырбастау және оларды криптоәмияндарға аударумен айналысқан дейді. ІІМ мәліметіне сүйенсек, олар Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз әрекеттерін жүзеге асырып, компания ақшасын иемденген. «Тергеу жүргізіліп жатыр. Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен бірге қылмысқа қатысы бар топтың қалған мүшесін анықтау және ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр», – дейді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.Ж.НҰРЛАН