«Жер сатамын...» – кәсіпкерді өлтіріп, көлігін өртеп жіберген күдікті ұсталды  
«Жер сатамын...» – кәсіпкерді өлтіріп, көлігін өртеп жіберген күдікті ұсталды  
239
оқылды

35 жастағы кәсіпкер Аваз Жаналиевтің мүрдесі өз көлігінде отқа оранып жатқан жерінен табылған еді. Оны өлтіруге 2 миллион теңге себеп болған, – деп хабарлайды КТК.

Телеарнаның мәліметінше, кәсіпкерге «жер сатамын» деген күдікті үйіне шақырып балтамен ұрып өлтіріп, денесін көлігіне салып өртеп жіберген. Кәсіпкер Аваз Жаналиевтің туыстарының айтуынша, 35 жастағы кәсіпкер жұма күні кәсібін кеңейту үшін жер аламын деп үйінен 2 миллион теңге алып шығып кеткен екен. Кешкісін оның көлігі Сайрам ауылының шетінде өртеніп жатқан жерінен табылды. Оны танысы «жер сатамын» деп үйіне шақырыпты. Барған кезде екеуінің арасында жанжал шығып, кәсіпкерді балталап өлтірген. Мұны марқұмның достары күдікті полицияға айтып жатқан кезінде өз аузынан естідік дейді. Марқұмның досы Расулмат Әлімқұлов: «Ойы ақшаны алу болған. Басынан балтамен ұрған. Үсті-басы қан болғаннан кейін пакет кигізіп, машинаға салдым. Телефонын өшіріп, машинаны үйіміздің жанында қырға қойып келдім дейді. Одан кейін үстіне бензин құйып өртеп жіберген", - дейді. «Тойотаның» жанып жатқанын бәзбіреулер телефонға түсіріп алған. «Өртеп, сайға домалатып жіберем» деген жоспары іске аспай қалған қаскөйдің қашып бара жатқанын көргендер де бар екен. Көп ұзамай ұсталған күдікті қазір тергеліп жатыр.

Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдіраманов: «ҚР ҚК 99-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Шымкент қаласы арнайы прокуратурасында тексеруде», – деді.

Қамауға алынған күдікті бұрын да қарақшылық жасағаны үшін сотталып, абақтыда жазасын өтеп шыққан.

Ал бірнеше көлік жуу орталығы бар, арнайы техниканы жалға берумен айналысатын кәсіпкердің денесі жер қойнына тапсырылды. Оның артында үш баласы мен аяғы ауыр келіншегі қалды.