Сең мен селден сақтану басталды
Сең мен селден сақтану басталды
236
оқылды

Әлемнің төрт мезгілі бар елдің бәрінде көктем жетсе, көптеген елді мекенді сең басып, сел шайып кету қау­пі төнеді де тұрады. Басқасын қайдам, соның ішінде «Қыстың қамын жаз ойла» дей­­тін қазақ елінің көктем қа­мын қыс ойлап қоятын мүмкіндігі болуы керек-ау... Әйтеуір, бізде жыл сайын су тас­қынын, қар мен сел көшкінін ауыздықтау қиынға соғады да жатады. Әлде «Үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей, бюджеттен бөлінетін қы­­руар қаржы үшін наурыз-сәуір айларында тасқын­ға тосқын қоя беруді әдетке айналдырып алғанбыз ба?

Айтып-айтпай не керек, елімізде биыл тағы 270 мыңнан астам тұрғыны бар 276 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр. «Оларды су тасқынынан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілді. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 131,6 миллиард теңге және жергілікті бюджеттен 28,6 мил­лиард теңге, барлығы 160 мил­лиардтан астам қаржы бөлу жос­пар­ланып отыр», – дейді Төтенше жағ­дайлар министрі Юрий Ильин. Аз ақша емес. Бір моноқаланың экономикалық ахуалы үшін 16 жыл бойы бөлініп тұратын көп-көрім көмек. Министрдің айтуынша, оны тек өзен-көл мен ауылдың ортасына қапшық қалауға жұмсамайды екен. Сондай-ақ су тасқыны автомобиль жолдарының 482 учаскесі мен теміржолдың 673 учас­кесін шайып кетуі ықтимал көрінеді. «Тасымалдаулар мен көлік инфрақұрылымының бұзылуын болдырмау үшін біз Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен бірге әкімдіктер алдын ала қорғаныс-профилактикалық шараларды қабылдауы қажет деп санаймыз», – дейді Юрий Ильин. Сол үшін таяуда Ильиннің төрағалығымен Төтенше жағдайлар министрлігінде «Көктем-2021» республикалық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуын қорытындылаған бейнеселекторлық кеңес өтті. Сонда оқу-жаттығуға өзі бас­шылық еткен ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайды жоюға дайындығы барысын баяндады. «Көктемгі дайындық өте маңыз­ды екенін баршамыз жақсы білеміз. Осы уақытта төтенше жағ­дайлардың алдын алу мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатқанын естеріңізге саламыз. Атап айтқанда, 622 арық, 149 канал, сең жүруі үшін 1 330 су өткізу құрылысы тазартылды. 70 шақырым қашықтықтағы бөгет жөнделді. Сондай-ақ 50 шақырым қашық­тықтағы жағалау нығайтылып, 2 миллион тонна жанар-жағармай, 900 мыңнан астам тонна инертті материал мен 700 мың құм салынған қап дайындалды» деп жақсы цифрлармен көңіл көтеріп қойды Ибрагим Күлшімбаев. Оның айтуынша, су тасқыны күрделенген жағдайда елді мекендерді су басуына жол бермеу бойын­ша алдын алу шараларын қабылдау үшін Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, РЖҚЖ және ТЖМ әскери бөлімдерінен жиынтық жасақтардың күштері мен құралдарының топтары, сондай-ақ «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның 20 әуе кемесі жедел тасымалдау жұ­­мыстарын атқаруға сақадай-сай тұр. Одан кейін журналистердің сұрағына ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли жауап беріп, Ильин мен Күлшімбаевтың сөзін толықтыра кетті. «Саны 40 мың адамнан асатын азаматтық қорғау құрылымдары, шамамен 13 мың техника (12 734 - ред.), 725 жүзу және 1 800 су сору құралы дайындалып, су тасқыны кезеңінде жарылыс жұмыстарын жүргізу туралы 21 шарт жасалды. Елді мекендерден қар шығару жалғасуда. Қазір 15 миллион текше метрге жуық қар шығарыл­ған», – деді әріптесіміз. сел Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде ел аумағында су тасқынынан бөлек, көшкін қаупі бар 608 учаске тіркелген. Тарқатып айтсақ, ШҚО-да – 336, Алматы қаласында – 165, Алматы облысында – 96, Түркістан облысында – 10 және Жамбыл облысында 1 учаске бақылауда тұр. Қар мен сел көш­кінінің әсер ету аймағына 5 мыңнан астам адам, 215 нысан және республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 155 шақырым автожол кіреді. Бұл ретте гидрометеорологиялық жағ­дайды бағалау, мониторингтеу және көшкін қаупі бар учаскелерді бақылауды жыл бойы «Қазселденқорғау» ММ-нің 59 тәулік бекеті, 29 диспетчерлік бекет және 30 қар өлшеу маршруты қамтамасыз етеді.

Елордада жауған қар көлемі 80 пайыз аз

Енді тасқын қаупі төніп тұрған өңірлерге тоқталсақ, негізінен Есіл, Нұра өзендерінен сақтануы тиіс елордада жауған қар көлемі былтырғымен салыстырғанда 80 пайыз аз болып шықты. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Бауыржан Бейсенқанов мәлімдеді. Бірақ сол көрсеткіштің төмен болғанына қарамастан, мамандар су тасқынына алдын ала дайындықты бастап кеткен. Қазір қажетті оқу-жаттығулардан өткен 600-ден астам құтқарушы қаладағы 29 қауіпті аймақты анықтап, тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қауіпті аймақта қалатын жағдайда, 1,5 мың адамды қабылдай алатын 10 орынмен келіссөз жүргізіліп, азық-түлікпен қамтамасыз ететін мекемемен меморандум жасалған. Азаматтарды құтқаруға қажетті 185 техника дайын тұр. «Қазір 1 миллион 400 мың текше метр қар шығарылды. Бүгінде 11 полигон бар. Былтыр осы уақытта қала бойынша 6 миллион текше метр қар шығарылған. Қайта биыл 80 пайызға аз», – дейді Бауыржан Бейсенқанов. Қала әкімі Алтай Көлгінов көктемгі су тасқыны жағдайын ескере отырып, Есіл өзенінің арнасын қайта құру мен кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатқанын алға тартты. «Атап айтқанда, арна түбін терең­детіп, жағалауды нығайтып, бө­гет салып жатырмыз. Жобаны іс­ке асыру судың кедергісіз өтуін қам­­тамасыз етуге, өзендегі су деңгейін реттеуге және су тасқыны кезеңін­де қаланы қауіпсіздендіруге ғана емес, сонымен қатар келесі жыл­­­дары судың кедергісіз өтуін қам­­­та­масыз етуге және кеме қатына­сы­ның дамуына ықпал етеді» деп жаз­ды өзінің Instagram парақшасына. Әкімнің айтуынша, Нұр-Сұлтанда су тасқынына қарсы арық-науа желілерін тазарту, нө­сер кәріздері мен тазарту құрылыс­тарын салу, қарды жинау және шығару сынды басқа да шаралар жүргізіліп жатыр екен. «Қазгидрометтің мәліметінше, топырақтың қату тереңдігі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда жоғары, яғни су басу қаупі басым. Ауа райын ескере отырып, елді мекендерге ерекше назар аударуды тапсырдым. Су тасқынының алдын алу, оның салдарын жою үшін инертті материалдар қоры дайындалды. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер тұрақты дайындыққа көшті», – дейді Алтай Көлгінов.

Еріген қар суынан зардап бар ма?

Ал СҚО-да 3 су қоймасы болса, соның екеуі – Сергеев және Петропавл су қоймалары шамамен 90%-ға дейін толған. Жағдайды бақылауда ұстау үшін департаментте арнайы штаб құрылған. «Қазір СҚО-да 6 мыңнан астам тұрғыны бар 79 елді мекенді су басу қаупі төнді. Оның 30-ы өзеннің, 13-і көлдің тасуынан, қалғаны еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін. Тағы 92 елді мекенді бақылауда ұстап отырмыз. Су тасқынымен күреске 484 адамнан құрал­ған арнайы топ жасақталды. Олардың қарамағында 155 техника, 8 жүзу құралы және 83 мотопомпа бар. Күрделі жағдай туындайтын болса, қосымша 2 мыңға жуық адам, 1,5 мыңға жуық техника тар­ты­лады», – дейді Серік Наурызбаев. Сонымен қатар ТЖМ өкіміне сәйкес, наурыздың 28-інде ШҚО-дағы су тасқынының үдеуіне жедел ден қою мақсатында өңірге №52859 әскери бөлімінің қызметкерлері жіберілді. Толығырақ айтқанда, ол жаққа механикаландырылған жиынтық жасақтан 8 техника, 4 жүзу құралы мен 10 тасымалды мотопомпа, 50 адамнан тұратын жеке құрам аттанған. Олар су тасқыны қаупі бар бірнеше учаскеге бөлініп, Көкпекті ауданының Самар ауылы мен Алтай ауданына орналасты. Иә, абдырағаннан алдын алған жақсы.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ