Әлемнің төрт мезгілі бар елдің бәрінде көктем жетсе, көптеген елді мекенді сең басып, сел шайып кету қаупі төнеді де тұрады. Басқасын қайдам, соның ішінде «Қыстың қамын жаз ойла» дейтін қазақ елінің көктем қамын қыс ойлап қоятын мүмкіндігі болуы керек-ау... Әйтеуір, бізде жыл сайын су тасқынын, қар мен сел көшкінін ауыздықтау қиынға соғады да жатады. Әлде «Үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей, бюджеттен бөлінетін қыруар қаржы үшін наурыз-сәуір айларында тасқынға тосқын қоя беруді әдетке айналдырып алғанбыз ба?
Айтып-айтпай не керек, елімізде биыл тағы 270 мыңнан астам тұрғыны бар 276 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр. «Оларды су тасқынынан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілді. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 131,6 миллиард теңге және жергілікті бюджеттен 28,6 миллиард теңге, барлығы 160 миллиардтан астам қаржы бөлу жоспарланып отыр», – дейді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин. Аз ақша емес. Бір моноқаланың экономикалық ахуалы үшін 16 жыл бойы бөлініп тұратын көп-көрім көмек. Министрдің айтуынша, оны тек өзен-көл мен ауылдың ортасына қапшық қалауға жұмсамайды екен. Сондай-ақ су тасқыны автомобиль жолдарының 482 учаскесі мен теміржолдың 673 учаскесін шайып кетуі ықтимал көрінеді. «Тасымалдаулар мен көлік инфрақұрылымының бұзылуын болдырмау үшін біз Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен бірге әкімдіктер алдын ала қорғаныс-профилактикалық шараларды қабылдауы қажет деп санаймыз», – дейді Юрий Ильин. Сол үшін таяуда Ильиннің төрағалығымен Төтенше жағдайлар министрлігінде «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын қорытындылаған бейнеселекторлық кеңес өтті. Сонда оқу-жаттығуға өзі басшылық еткен ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайды жоюға дайындығы барысын баяндады. «Көктемгі дайындық өте маңызды екенін баршамыз жақсы білеміз. Осы уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатқанын естеріңізге саламыз. Атап айтқанда, 622 арық, 149 канал, сең жүруі үшін 1 330 су өткізу құрылысы тазартылды. 70 шақырым қашықтықтағы бөгет жөнделді. Сондай-ақ 50 шақырым қашықтықтағы жағалау нығайтылып, 2 миллион тонна жанар-жағармай, 900 мыңнан астам тонна инертті материал мен 700 мың құм салынған қап дайындалды» деп жақсы цифрлармен көңіл көтеріп қойды Ибрагим Күлшімбаев. Оның айтуынша, су тасқыны күрделенген жағдайда елді мекендерді су басуына жол бермеу бойынша алдын алу шараларын қабылдау үшін Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, РЖҚЖ және ТЖМ әскери бөлімдерінен жиынтық жасақтардың күштері мен құралдарының топтары, сондай-ақ «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның 20 әуе кемесі жедел тасымалдау жұмыстарын атқаруға сақадай-сай тұр. Одан кейін журналистердің сұрағына ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли жауап беріп, Ильин мен Күлшімбаевтың сөзін толықтыра кетті. «Саны 40 мың адамнан асатын азаматтық қорғау құрылымдары, шамамен 13 мың техника (12 734 - ред.), 725 жүзу және 1 800 су сору құралы дайындалып, су тасқыны кезеңінде жарылыс жұмыстарын жүргізу туралы 21 шарт жасалды. Елді мекендерден қар шығару жалғасуда. Қазір 15 миллион текше метрге жуық қар шығарылған», – деді әріптесіміз. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде ел аумағында су тасқынынан бөлек, көшкін қаупі бар 608 учаске тіркелген. Тарқатып айтсақ, ШҚО-да – 336, Алматы қаласында – 165, Алматы облысында – 96, Түркістан облысында – 10 және Жамбыл облысында 1 учаске бақылауда тұр. Қар мен сел көшкінінің әсер ету аймағына 5 мыңнан астам адам, 215 нысан және республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 155 шақырым автожол кіреді. Бұл ретте гидрометеорологиялық жағдайды бағалау, мониторингтеу және көшкін қаупі бар учаскелерді бақылауды жыл бойы «Қазселденқорғау» ММ-нің 59 тәулік бекеті, 29 диспетчерлік бекет және 30 қар өлшеу маршруты қамтамасыз етеді.Елордада жауған қар көлемі 80 пайыз аз
Енді тасқын қаупі төніп тұрған өңірлерге тоқталсақ, негізінен Есіл, Нұра өзендерінен сақтануы тиіс елордада жауған қар көлемі былтырғымен салыстырғанда 80 пайыз аз болып шықты. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Бауыржан Бейсенқанов мәлімдеді. Бірақ сол көрсеткіштің төмен болғанына қарамастан, мамандар су тасқынына алдын ала дайындықты бастап кеткен. Қазір қажетті оқу-жаттығулардан өткен 600-ден астам құтқарушы қаладағы 29 қауіпті аймақты анықтап, тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қауіпті аймақта қалатын жағдайда, 1,5 мың адамды қабылдай алатын 10 орынмен келіссөз жүргізіліп, азық-түлікпен қамтамасыз ететін мекемемен меморандум жасалған. Азаматтарды құтқаруға қажетті 185 техника дайын тұр. «Қазір 1 миллион 400 мың текше метр қар шығарылды. Бүгінде 11 полигон бар. Былтыр осы уақытта қала бойынша 6 миллион текше метр қар шығарылған. Қайта биыл 80 пайызға аз», – дейді Бауыржан Бейсенқанов. Қала әкімі Алтай Көлгінов көктемгі су тасқыны жағдайын ескере отырып, Есіл өзенінің арнасын қайта құру мен кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатқанын алға тартты. «Атап айтқанда, арна түбін тереңдетіп, жағалауды нығайтып, бөгет салып жатырмыз. Жобаны іске асыру судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге, өзендегі су деңгейін реттеуге және су тасқыны кезеңінде қаланы қауіпсіздендіруге ғана емес, сонымен қатар келесі жылдары судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге және кеме қатынасының дамуына ықпал етеді» деп жазды өзінің Instagram парақшасына. Әкімнің айтуынша, Нұр-Сұлтанда су тасқынына қарсы арық-науа желілерін тазарту, нөсер кәріздері мен тазарту құрылыстарын салу, қарды жинау және шығару сынды басқа да шаралар жүргізіліп жатыр екен. «Қазгидрометтің мәліметінше, топырақтың қату тереңдігі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары, яғни су басу қаупі басым. Ауа райын ескере отырып, елді мекендерге ерекше назар аударуды тапсырдым. Су тасқынының алдын алу, оның салдарын жою үшін инертті материалдар қоры дайындалды. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер тұрақты дайындыққа көшті», – дейді Алтай Көлгінов.Еріген қар суынан зардап бар ма?
Ал СҚО-да 3 су қоймасы болса, соның екеуі – Сергеев және Петропавл су қоймалары шамамен 90%-ға дейін толған. Жағдайды бақылауда ұстау үшін департаментте арнайы штаб құрылған. «Қазір СҚО-да 6 мыңнан астам тұрғыны бар 79 елді мекенді су басу қаупі төнді. Оның 30-ы өзеннің, 13-і көлдің тасуынан, қалғаны еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін. Тағы 92 елді мекенді бақылауда ұстап отырмыз. Су тасқынымен күреске 484 адамнан құралған арнайы топ жасақталды. Олардың қарамағында 155 техника, 8 жүзу құралы және 83 мотопомпа бар. Күрделі жағдай туындайтын болса, қосымша 2 мыңға жуық адам, 1,5 мыңға жуық техника тартылады», – дейді Серік Наурызбаев. Сонымен қатар ТЖМ өкіміне сәйкес, наурыздың 28-інде ШҚО-дағы су тасқынының үдеуіне жедел ден қою мақсатында өңірге №52859 әскери бөлімінің қызметкерлері жіберілді. Толығырақ айтқанда, ол жаққа механикаландырылған жиынтық жасақтан 8 техника, 4 жүзу құралы мен 10 тасымалды мотопомпа, 50 адамнан тұратын жеке құрам аттанған. Олар су тасқыны қаупі бар бірнеше учаскеге бөлініп, Көкпекті ауданының Самар ауылы мен Алтай ауданына орналасты. Иә, абдырағаннан алдын алған жақсы.Еркеғали БЕЙСЕНОВ