Әйелдердің бизнестегі рөлі қандай?
Әйелдердің бизнестегі рөлі қандай?
437
оқылды

Қазір әйелдердің экономика­лық әлеуеті қуатты екенін бай­қаймыз. Мұны көптеген тәуелсіз зерттеулер айғақ­тайды. Айта­лық, McKinsey жаһандық институты баяндамасында әйелдер­дің бизнесті басқаруда ерлермен тең мүм­кіндіктері болса,  2025 жылға қарай әлем­дік ЖІӨ 28 трлн долларға жететінін жаз­ған. Яғни, бұл ЖІӨ-нің 1/3-ге ар­татынын көрсетеді.

Ал Дүниежүзілік банктің «Әйелдер, бизнес және заң – 2019: реформалар онжылдығы» зерттеуінде де әйелдердің экономикалық әлеуеті жайында біршама есте ұстар мәліметтер бар. Мысалы, зерттеуде берілген индексте егер қоғамда әйелдер тең мүмкіндікке ие болса, әлемде әділдік салтанат құратыны жазылған. Әрі халықтың әл-әуқаты өсіп, еңбек нарығы қызатыны баяндалған. Сондай-ақ аталған индекс көме­гімен баға­ланатын бірнеше сала бар. Сол сала бо­йынша кейінгі 10 жыл ішін­де алға ілгерілеу байқалған. Мәселен, әлемнің 131 елінде әйел­дердің экономикалық өмірге ара­ласуына  ықпал еткен нормативтік-құ­қықтық базалар реформасы жүзеге асты. Нәтижесінде, 22 елде еңбек бө­лісіне қатысты шектеулер жойылды. Нақтырақ айтсақ, кейбір мемлекетте эко­номиканың белгілі бір салаларында әйелдердің жұмыс істеуіне жол бермеу ықтималы төмендеді.   Ал  13 мемле­кетте ер мен әйел иық тіресе жұмыс істейтін мекемелерде бірдей сыйақы төлеуге  міндеттейтін заң қабылданды. Осы тұста, елімізде де  әйелдердің мүмкін­дігін кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Пре­зидент Қ.Тоқаев реформа жүргізу кезінде ген­дерлік саясатқа аса мән береді. Мысалы, әйел­дер мен жастар үшін партиялық тізімге 30%-дық квотаның енгізілуі сөзімізге дәлел. Бұл елдегі пар­ламен­таризм тарихында алғаш рет Мә­жілістегі әйелдер өкілдігін 27%-ға дейін ұлғай­туға мүмкіндік берді. Өз кезегінле бұл эко­номикалық өсімді қамтамасыз ететіні даусыз. Қазір елімізде әйелдер кәсіп­керлігіде қатысты  жұмыс орындарын құру экономикалық өсуді ынталан­дыруда  басты рөл атқарады. Елімізде 600 мыңға жуық кәсіпкер әйел бар. Кейінгі статистикалық мәліметтерге сәйкес, шағын және орта кәсіп­орындардың 43%-ын әйелдер басқа- р­ады. Жеке кәсіпкерліктің 77%-ы әйелдерге тиесілі. Шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орнының шамамен 1/3 бөлігі (1 млн адам) кәсіпкер әйелдердің еншісінде. Десе де, пандемия барлық салаға соққы болып тиді. Соның ішінде бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкер әйелдер де шығынға ұшырады. Одан бөлек, карантин кезінде көптеген әйелдің  тұрмыстық зорлық-зом­былыққа тап болғаны бар. Мұның бәрі әйелдерге барынша қолдау көрсету үшін кешенді жоспар жасауды талап етеді. Жыл өткен сайын әйелдердің экономикалық құқықтарын күшейту тақырыбы халықаралық деңгейде ай­тылып жүр. Мысалы, еліміз «Теңдік ұрпағы: әйелдер құқығы мен тең болашақты қорғауда» атты жаһандық форум өткізу жөніндегі бастаманы қолдады. Форум аясында үкіметтің, азаматтық сектордың, кәсіподақ­тардың, парламентарийлердің және бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен гендерлік теңдік тұрғысынан маңызды салаларда практикалық шешімдер қабылдауға бағытталатын ынтымақ­тастық коалициялары құрылады. Ұсы­нылған коалициялардың әрқай­сысы алдағы бес жылда жүзеге асы­рыла­ды.  Аталған міндеттемені орын­дау үшін  коалиция мүшелері  нақты шаралар кешенін әзірлейді. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі БҰҰ-ның 2030 жылға қарай әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбы­лықты тоқтатуға бағытталған Spotlight бастамасын қолдады. Жоба еліміз үшін де, жалпы тұтас өңір үшін де прак­тикалық нәтиже береді деп үміттенеміз. Осы тұста, АҚШ-тың «Әйелдердің жаһандық дамуы мен гүлденуі» (Women' s Global Development and Prosperity Initiative) мемлекеттік бастамасын ерекше атап өткен жөн. Бастама жүзеге асқан  қысқа мерзім ішінде олар әлем бойынша 24 млн әйелге көмек берді. Жауаптылар жобаға 450 компания мен жеке сектор ұйымдарын тарту арқылы 200 млн АҚШ долларынан астам ин­вестиция құйды. 2018 жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қала­сында өткен Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкін­діктерін кеңейту жөніндегі өңірлік конференция осындай ынтымақ­тастықтың жарқын мысалы болды. Жиын қорытындысы бойынша, қа­тысушылар Ауғанстандағы әйелдердің құқықтарын кеңейту және ілгерілету жөніндегі нақты шараларды қамтитын «Астана декларациясын» қабылдады. Сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан және Еуропалық одақтың қатысуымен БҰҰ-мен әріптестікте ауған әйелдерін Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында кәсіби даярлау және оқыту бойынша бірлескен үшжақты жобаның іске қосылғанын атап өткен жөн. Иә, қазақ қоғамында әйелдің ерекше рөлі бар.  Олар отбасындағы бақ-берекенің ұйыт­қысы бола отыра,  отбасылық және қоғамдық мәртебені шебер ұштастыра білген. Қазір әйелдер үшін қолайлы жағдай жасап, олардың экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту бәсекеге қабілетті экономика құруға септігін тигізеді. Соның ішінде бұл еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі  мақсатына қол жеткізу үшін негізгі қозғалт­қыштардың бірі болмақ.

Ержан АШЫҚБАЕВ, Сыртқы істер министрінің орынбасары