Қазір әйелдердің экономикалық әлеуеті қуатты екенін байқаймыз. Мұны көптеген тәуелсіз зерттеулер айғақтайды. Айталық, McKinsey жаһандық институты баяндамасында әйелдердің бизнесті басқаруда ерлермен тең мүмкіндіктері болса, 2025 жылға қарай әлемдік ЖІӨ 28 трлн долларға жететінін жазған. Яғни, бұл ЖІӨ-нің 1/3-ге артатынын көрсетеді.
Ал Дүниежүзілік банктің «Әйелдер, бизнес және заң – 2019: реформалар онжылдығы» зерттеуінде де әйелдердің экономикалық әлеуеті жайында біршама есте ұстар мәліметтер бар. Мысалы, зерттеуде берілген индексте егер қоғамда әйелдер тең мүмкіндікке ие болса, әлемде әділдік салтанат құратыны жазылған. Әрі халықтың әл-әуқаты өсіп, еңбек нарығы қызатыны баяндалған. Сондай-ақ аталған индекс көмегімен бағаланатын бірнеше сала бар. Сол сала бойынша кейінгі 10 жыл ішінде алға ілгерілеу байқалған. Мәселен, әлемнің 131 елінде әйелдердің экономикалық өмірге араласуына ықпал еткен нормативтік-құқықтық базалар реформасы жүзеге асты. Нәтижесінде, 22 елде еңбек бөлісіне қатысты шектеулер жойылды. Нақтырақ айтсақ, кейбір мемлекетте экономиканың белгілі бір салаларында әйелдердің жұмыс істеуіне жол бермеу ықтималы төмендеді. Ал 13 мемлекетте ер мен әйел иық тіресе жұмыс істейтін мекемелерде бірдей сыйақы төлеуге міндеттейтін заң қабылданды. Осы тұста, елімізде де әйелдердің мүмкіндігін кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Президент Қ.Тоқаев реформа жүргізу кезінде гендерлік саясатқа аса мән береді. Мысалы, әйелдер мен жастар үшін партиялық тізімге 30%-дық квотаның енгізілуі сөзімізге дәлел. Бұл елдегі парламентаризм тарихында алғаш рет Мәжілістегі әйелдер өкілдігін 27%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Өз кезегінле бұл экономикалық өсімді қамтамасыз ететіні даусыз. Қазір елімізде әйелдер кәсіпкерлігіде қатысты жұмыс орындарын құру экономикалық өсуді ынталандыруда басты рөл атқарады. Елімізде 600 мыңға жуық кәсіпкер әйел бар. Кейінгі статистикалық мәліметтерге сәйкес, шағын және орта кәсіпорындардың 43%-ын әйелдер басқа- рады. Жеке кәсіпкерліктің 77%-ы әйелдерге тиесілі. Шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орнының шамамен 1/3 бөлігі (1 млн адам) кәсіпкер әйелдердің еншісінде. Десе де, пандемия барлық салаға соққы болып тиді. Соның ішінде бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкер әйелдер де шығынға ұшырады. Одан бөлек, карантин кезінде көптеген әйелдің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғаны бар. Мұның бәрі әйелдерге барынша қолдау көрсету үшін кешенді жоспар жасауды талап етеді. Жыл өткен сайын әйелдердің экономикалық құқықтарын күшейту тақырыбы халықаралық деңгейде айтылып жүр. Мысалы, еліміз «Теңдік ұрпағы: әйелдер құқығы мен тең болашақты қорғауда» атты жаһандық форум өткізу жөніндегі бастаманы қолдады. Форум аясында үкіметтің, азаматтық сектордың, кәсіподақтардың, парламентарийлердің және бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен гендерлік теңдік тұрғысынан маңызды салаларда практикалық шешімдер қабылдауға бағытталатын ынтымақтастық коалициялары құрылады. Ұсынылған коалициялардың әрқайсысы алдағы бес жылда жүзеге асырылады. Аталған міндеттемені орындау үшін коалиция мүшелері нақты шаралар кешенін әзірлейді. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі БҰҰ-ның 2030 жылға қарай әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған Spotlight бастамасын қолдады. Жоба еліміз үшін де, жалпы тұтас өңір үшін де практикалық нәтиже береді деп үміттенеміз. Осы тұста, АҚШ-тың «Әйелдердің жаһандық дамуы мен гүлденуі» (Women' s Global Development and Prosperity Initiative) мемлекеттік бастамасын ерекше атап өткен жөн. Бастама жүзеге асқан қысқа мерзім ішінде олар әлем бойынша 24 млн әйелге көмек берді. Жауаптылар жобаға 450 компания мен жеке сектор ұйымдарын тарту арқылы 200 млн АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. 2018 жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі өңірлік конференция осындай ынтымақтастықтың жарқын мысалы болды. Жиын қорытындысы бойынша, қатысушылар Ауғанстандағы әйелдердің құқықтарын кеңейту және ілгерілету жөніндегі нақты шараларды қамтитын «Астана декларациясын» қабылдады. Сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан және Еуропалық одақтың қатысуымен БҰҰ-мен әріптестікте ауған әйелдерін Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында кәсіби даярлау және оқыту бойынша бірлескен үшжақты жобаның іске қосылғанын атап өткен жөн. Иә, қазақ қоғамында әйелдің ерекше рөлі бар. Олар отбасындағы бақ-берекенің ұйытқысы бола отыра, отбасылық және қоғамдық мәртебені шебер ұштастыра білген. Қазір әйелдер үшін қолайлы жағдай жасап, олардың экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту бәсекеге қабілетті экономика құруға септігін тигізеді. Соның ішінде бұл еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатына қол жеткізу үшін негізгі қозғалтқыштардың бірі болмақ.Ержан АШЫҚБАЕВ, Сыртқы істер министрінің орынбасары