Бұрымды әжейдің шашы – 2 метр
Бұрымды әжейдің шашы – 2 метр
167
оқылды

Ордабасы ауданына қарасты Шұ­бар ауылында шашының ұзындығы 2 метр болатын 80 жастағы әжей бар. Жүзінің әрі кетпеген әжейді 80-ге қимайсыз. Ол шашы мен бет-жүзін ғана күтіп қоймайды, саламатты өмір салтын ұстанатын кейуана жаттығу жасап, арасында билеп те шы­нығады.

Шаштың киесі бар

Шашын қимайтын әулеттен тараған Рымкүл әжей шаштың да қадірі болатынын айтады. «Әжемнің қолында тәр­биелендім. Туғаннан шашымызды қимадық. Әжемнің аты Алма болатын. Бірақ ауылдың үлкені болғандықтан шы­ғар, ел іші әжемді Яблоко деп атаған. Оған ауылдықтардың тілі келмей, «Жаблок әжей» деп кеткен. Сонымен бүкіл ауыл-ай­маққа Жаблок әжей болып кетті. Арқалы, аузы дуалы болған. Мені жеңгелерім «жай­дарман», «қалқажан»,  «еркежан» деп ата­ды. Осылайша, әжемнің, жеңгелерімнің тәр­­биесінде өсіп, еркелеп жүрдім. Тұр­мыс­қа шығып бара жатқанымда әжем: «Ша­шыңды қиюшы болма. Түскен шашыңды жина, жерге тастама.  Сенің шашың киелі» деп ескертті. Ескертуін қатаң сақтап жүрсем де, жаспыз ғой. Кекіл қойғым ке­ліп, шашымның алдын кішкене қидырдым. Балам шетінеп кетті. Кейін тағы да  үйелмелі-сүйелмелі балаларым бар, науқас енем мен  күйеудің жағдайын  жасау керек. Жерге сүйретіліп кететін 2,60 метр ша­шымды жуып, тарап алу үшін толық бір күнім кететіндіктен, 80 сантиметрдей қырыққанымда жолдасым о дүниелік болды. 28 жасымда жесір қалып, жаназада шашымды жайып отырдым. Ол кезде кү­йеуі жас қайтыс болса, шаш жаятын. Ша­шым әркімнің аяғының астында қалған соң  үлкендер жинап қоюыма рұқсат берді. 5 жыл науқас енемді қарадым. Тағы да шашымды кішкене қиып едім, енемнен де айырылып қалдым. Үш рет қиып, 3 рет қаралы оқиғаға тап болыппын. Осының бәріне кезінде мән бермегенмін. 10 метр болып кетсе де, қырықпауым керек екен. Тағы да қияр ма едім, шешем түс көріпті. Түсіне әжем еніп, «ана Шұбардағы қыз шашын қиғалы жатыр екен. Оған ескерт, бұл жолы өзі кетеді» депті. Содан демалыс күні болатын. Шашымды жуып қиюға дайындап жатқанмын. Шешем келді алып-ұшып, әжемнің түсіне кіргенін ескертті. Сол кезде барып баяғы ескертуі есіме түсіп, шашыма тиген емеспін», – дейді кейуана өткенін еске алып. Рымкүл апаның бүгінге дейін жинаған шашы 2 қапқа толыпты. Салмағы 14 келі 300 грамм болған. Бір талына да тимей сақтап жүр. Бізге  қолаң шашын қалай күткенін айтып берді. Тө­леби ауданында таулы аумақта туып-өскен бұрымды қыздың шашын әжесі  шаштың шайырын алады деп қымызбен жуады екен. «Айранмен жусақ, майланып кететін. Одан кейін арасында 5-6 жұмыртқаны шағып, табаққа шайқап-шайқап жіберсең, көпіріп, кәдімгі шампунь болады, сонымен жуатынмын. Соңғы жылдары жиі теле­арнаға, газеттерге шығып кеткендіктен бе, шашым қатты түсті. Сосын журнал­дардан оқыған тәсілімді қолдандым. Күнде таңертең 7 жаңғақты шағып жесең, шаш түспейді және өсіреді деген соң осыны істедім. Сізге өтірік, маған шын, шашым­ның түсуі сап тыйылды. Әрине, бірден емес, бір айдан соң нәтижесін көрдім. Жас ке­зімде өріп қойған шашым сыймай, екі қалтама салып жүретінмін. Қазір төбеме түйіп қоямын. Жуып, тарау үшін бір күнім кетеді. Таңертең 2 стакан жылы суға бал қосып ішіп аламын. Артынан алма жеймін. Қазір 7 жаңғақты қосып жеп жүрмін. Со­дан түске дейін тамақтанбаймын. Түсте тың­қиып тойып алып, кешкі тамақты жемеймін. Күніне 2 литр су ішемін. Не нәрсе жесеңдер де, ыстықтай ішпеңдер. Өңештен бастап барлық жерді күйдіріп, организмді тез қартайтады», – дейді әжей.

80-дегі әжей 11 түрлі жаттығу жасайды

Кейуана өзінің денсаулығына аса мән беріп жүрген жан.  Таңертең жарты сағат 11 түрлі жаттығу гимнастикасын, одан соң кәрістердің тәсілімен бетке, денеге жасайтын массажын ұмыт қалдырған емес. Есесіне беті жылтырып, денесін шымыр, жеңіл сезінеді. Жылына екі мәрте сана­торийге барып, ем алуды әдетке айнал­дырған. Екі ұл, бір қызынан шөберелер сүйіп отыр. Тоқыма жүйкені тыныш­тандырып, өзіңді жеңіл сезінуге үлкен септігін тигізеді деген тәмсілді берік ұстан­ған кейуана үйде тоқыма тоқуды қолға алған. Ауылда өтетін кез келген іс-шараның басында жүретін ол тұсау кесіп, бесікке салу сынды салттарды да жақсы меңгерген. Ауылға аяқ басқан үлкен кісілерге  батасын  беріп жүреді. 2019 жылы шашының ұзын­дығы бойынша Қазақстанның «КИНЭС»  рекордтар кітабына енді. Ауылдағы орта мектепте тапжылмай 46 жыл  орыс тілінен сабақ берген Рымкүл Бекенқызы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері. Жастайынан өте белсенді болған ол аудандағы әжелер ансамблінің белді мүшесі. Би билеп, ән салады. Студент кезінде биші Шара Жиенқұловамен бірге билеп, талайларды таңдандырғаны бар. «Ордабасы ауданының құрметті азаматы» атағын да алған. Үйі толған алғысхат пен грамота,  медалдарға да бай.

Ол мектеп оқулығында да жүр

Кішкене ғана Шұбар ауылынан талай әншілер түлеп шыққан. «Жігіттер» тобындағы Ердос Қанаев, Еркін Нұржанов және танымал Асқар Жүнісбеков те Рымкүл апаның шәкірттері.  Ауылдағы саз мектебі талай таланттарды шыңдапты. Алайда бертінде жабылып қалған. Рымкүл Ертаева талай есікті тоздырып, саз мек­тебінің және 3 балабақшаның ашылуына тікелей мұрындық болған. Өзі өнерге жа­қын болғандықтан шығар, таланттардың ауылда тұншығып қалуын қаламайды. Айтқандай, әжейдің құпиясы мұнымен бітпейді. Ол шығармашылықпен де айна­лысады.  3 пьеса жазыпты. Оның екеуі үнемі ауылда, ауданда қойылып жүр. «Тас­танды бала»  деген атпен  балалар үйінде өскен жігіттің өмірін баяндай келіп, онда қазақтың барлық салт-дәстүрін көрсетеді. Бол­ған оқиға ізімен жазылған пьеса кө­рермендер тарапынан жылы қабыл­данып, жоғары бағасын алып жүр. Алайда өмірі қызыққа толы сияқты болып көрінгенімен, әжей де талай қиын­дық­пен бетпе-бет келгенін жасырмады. Бүгінде бәріне шүкіршілік етеді. Ал жастар шашын жайып жүрмесе деген тілегі бар. «Шаш жайған жақсы ырым емес. Ертеректе күйеуден жас қалса, шаш жаятын. Қазір жас өлім көбейді. Айналайын, шаштарың­ды жинап жүріңдерші», – дейді кейуана. Айтқандай,  Рымкүл апаның суреті 5-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығына да енген. 107-беттегі «Нағыз әжей қайда?» атты әңгімеге нағыз әжейдің бейнесін бе­ріп тұр.

Назгүл НАЗАРБЕК Шымкент қаласы