Кіші Аралдан да айырыламыз ба?

Кіші Аралдан да айырыламыз ба?

Арал теңізінің мәселесі Қа­зақ­­станды ғана емес, әлем ел­дерін алаңдатып отыр. Өйт­кені тартылған теңіздің тұзы адамзатқа экологиялық қатер төндіріп отырғаны рас. Бірер жыл бұрын ғалымдар мен сарапшылар теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 70 мил­лион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы Еуропа мен Ан­тарк­­ти­дадан табылып жат­қаны жөнінде дабыл қаққан еді.

Кезінде Елбасы БҰҰ мін­бе­рінде: «Арал теңізінің жойылуы – біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті мәселе» деген бо­латын. Бүгінде кіші Аралды сақтап тұрған Көкарал бөгеті де 2005 жылы Ел­басының тапсыр­масымен салын­ды. Әлемде алғаш рет теңіз қолдан бөгеліп, Қазақстан кіші Аралды сақ­тап қалды. Ал теңіздің оңтүстік бөлігі күн санап құрғап барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ресей­лік ғалымдар он­дағы су деңгейінің жылына бір метрге тартылатынын, ақырында «жерасты және қалдық өзен су­лары­мен қоректенетін ащы-тұщы су айдынына» айналады деп бол­жам жасаған. Қазір Әмудария­ның суы бұл бөлікке жетпейді. Су ай­дыны жерасты су көздерінің есебі­нен «бар» болып отыр. Дей тұрған­мен, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрік­менстан суар­ма­лы жер­лерінің жартысын қыс­қар­тып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Ке­рісінше, халқын асырау үшін суар­малы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді. Экспортқа шы­ғарылатын ылғал сүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Есесіне, бүгінде үлкен Аралға Әму­дариядан бір тамшы да су келмейтін көрінеді.

ТАС ТҮСКЕН ЖЕРІНЕ АУЫР

Әлбетте, тастың ауырлығы ал­дымен түскен жеріне ғана сезіледі. Осы орайда, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің де Арал зардабын тартып отырғаны белгілі. Алайда Арал тағдыры Орталық Азия елдеріне ортақ болса да, әлем назарын өзіне аударса да оны сақтап қалуға барынша мүдделі тарап жалғыз. Ол – Қазақстан. Ұлт көш­басшысының бастамасы бойынша «САРАТС» немесе «Сыр­дария өзені­нің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы сәтті жүзеге асты. Осылайша, тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары жас мемлекеттің басқа да қиындықтары көп бол­ғанына қарамастан, еліміздің Тұң­ғыш Президенті халықты Арал қа­сіретінен құтқаруға белсене кірісті. Соның нәтижесінде Кіші Аралды сақтап қалу негізінде «Сыр­дария өзенінің арнасын рет­теу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» (САРАТС) жобасы дүниеге келді. Бұл жобаға Қазақ­стан Дүниежүзілік банкпен бір­лесіп қомақты қаржы бөлді. Жо­баның алғашқы кезеңінде теңізді бөліп тұратын 14 шақырым «Көк­арал» бөгеті тұрғызылып, «Ақ­лақ» су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, «Қара­өзек», «Әйтеке» тоспалары қайта жаң­ғыртылды. Кіші Арал суы бұ- ­ры­нғы жағалауына жетіп, теңіз аква­ториясы бес есе ұлғайды. Ай­мақ­тың ауа райы өзгеріп, климат­тық табиғи болмысы қалыптасты. Теңіздің тұздылығы бірнеше есе төмендеді. Алайда Сырдарияның бүгінгі жүдеу күйі Аралдың ескі жарасын қайта тырнап отыр. Өйткені өзен суы жылдан-жылға сарқылып бара­ды. Соның салдары­нан алдыңғы жыл­дар­ға қарағанда теңізде судың қоры – 5 млрд текше метрге азайған. Арал мәселесінде қазақ елінің мүддесі басым деуіміздің жөні бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да, яғни 1993 жылы 26 наурызда Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының басшы­лары Қызылордада бас қосты. Халықаралық жиында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен Өзбекстан президенттері Арал өңірінің мәселелерін шешу, әлеу­меттік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және Арал аймағын экологиялық сауықтыру жөніндегі бірлескен келісімге қол қойды. Бұл құрғаған теңізді құтқару жолындағы мемлекетаралық деңгейдегі жаңа қадам болғаны жасырын емес. – Аралды құтқару идеясын Тұң­­­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Қызылордадағы басқосуда бес ел­дің басшылары ортақ мәмілеге ке­­ліп, әр ел өзінің ұлттық табысы­ның 1 пайызын Аралды құтқаруға ба­ғыттау жөнінде уағдаласты. Сон­дай-ақ халықаралық Аралды құт­қару қорын құру тәртібін бе­кітті, – дейді көп жылдан бері су шаруа­шылығы төңірегіндегі келелі мәсе­лелерді көтеріп жүрген ардагер жур­налист Айткүл Шалғынбаева. Сол бір келелі жиында бес мем­лекет мойнына көп міндет артқаны­мен, әрқайсысы көрпені өзіне та­рт­ты. Сөйтіп, жақсы жобалар мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалды. – Өзбекстан 1993 жылдан бері транс­шекаралық су үстінде отыр­ған мемлекеттердің келісімінсіз-ақ 9 су қоймасын салды. Жергілікті халық саны екі есе өсті. Ауыл шар­уа­шылығы мақсатындағы жерді пай­далану көлемі артты. Демек, Сыр­дариядан ортақ арнаға қанша су түсетіні өзбек ағайынға бай­ланыс­ты. Қырғыздар да «Тоқтағұл­дан» Қазақстанға су босатуды алыс-беріске, айырбасқа айнал­дырып жіберді. Өзбекстандағы су қойма­ларының бірі – Сардоба былтыр жарылып, қазақ ауылдары су астын­да қалғанын білесіздер. Мұның бәрі еліміздегі су саясаты­ның әлсіз, транс­­шекаралық суды пайдалануда позициямыз берік емес екенін көр­сетеді, – дейді ол. Ал инженер-гидротехник Дәу­летияр Баялимовтың сөзінше, қос өзеннен Аралға жылына 110 млрд текше метр су құйылуы керек. Үлкен Аралға тек 6,5, кейде 5 млрд текше метр су барады. Қазір оған Әмудариядан бір тамшы су да түсіп жатпаған көрінеді.

ҮКІМЕТТІҢ НАҚТЫ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Парламент Сенатының депу­тат­тары Мұрат Бақтиярұлы, Ақ­марал Әлназарова және Нұртөре Жүсіп жуырда Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жол­дады. Жоғалған теңіздің сол­түс­тігіндегі Кіші Арал жылдан-жылға тартылып бара жатқанын айтып, дабыл қақты. – Қазір Кіші Арал теңізінде 22 млрд текше метр су бар. Ол ал­дыңғы жылдарға қарағанда 5 млрд текше метрге азайған. Тек был­тыр­ғы жылдың ішінде су тапшылығы­нан Қамбаш көлі жағалаудан 250-300 метрге дейін қашықтап кетті. Кіші Аралдың осы деңгейін ұстап тұру үшін жылына Сырдария өзені арқылы теңізге кемінде жылына 2 млрд текше метр су түсу керек, тек қана күріш және басқа да егістігіне 4,2 млрд текше метр су жұмсалады. Демек, алдағы 5-7 жыл бойы Сыр­дария суының деңгейі осы деңгейде болатын болса, Кіші Арал теңізі тартылып, өңірді экологиялық апат­­қа алып келеді, – дейді сена­торлар. Депутаттар сондай-ақ көрші ел­дермен су дипломатиясын бел­сенді жүргізу және тиісті заңдарға өзгеріс енгізу керек екенін көтерді. – Тәуелсіздік алғаннан кейін әр мемлекет бөлек саясат ұстанып, көп жағдайда төменгі жақта орна­лас­қан елдердің мүддесі ескерусіз қалды. Сондықтан біріншіден, елі­міз­дің су қауіпсіздігі үшін жо­ғарыда орналас­қан өзендерден су­дың келуін қажет­ті уақытта рет­теу келісіміне қол жет­кізуде қандай кедергілер бар екені жіті зерттеліп, трансшекара­лық су мәселесінде позициямызды әлсіретпей, су дипломатиясы бағы­тында жұмыс­тар белсенді түрде, яғни еліміздің су мүддесіне қарай екі­жақты келі­сім, халықаралық заң­дылықтардың барлық әлеуетін пайдаланып жүр­гізілсе, – делінген сауалда. Айталық, Сырдария өзенінің тағ­дыры – 800 мың халық тұрып жатқан Сыр елінің тағдыры. Су тек тауар емес, өмірлік ресурс. Алдағы болжамдар су тапшылығы күрде­лене түсетінін көрсетеді. Бұл Қы­зыл­орда облысы үшін үлкен қауіп екені жасырын емес. Осы мәселені алға тартқан сенаторлар: «Орасан зор су қажет ететін күріш алқабын қысқарту қажет пе, әлде Сыр өңірі­нің ауыл шаруашылығын тез арада әртараптандырудың шаруалар үшін тиімді тетігін жасау керек пе? Үкі­меттің нақты ұстанымы қан­дай?» деп Сыр жұртының мұң-мұқ­та­жын Үкімет басшысына жеткізді. Депутаттардың дабыл қағуына негіз де жоқ емес. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары басталған Әму­дария мен Сырдария өзендері арна­сының антропогенді қысқаруы мен не­гізсіз су шығындары сал­дарынан Үлкен Арал теңізі бір ұр­пақтың көз алдында тартылды. Қазір тек Қазақ­станға тиесілі азғантай бөлігі қалып отыр. Соның арқасында аймақ жұртшылығының тұрмыс-тіршілігі сәл де болса түзеліп келеді. Бірақ ше­шімін күткен проблема шаш етектен. Әсіресе, теңіз табанындағы тұздың зардабы орасан. Мәселен, Қызылорда облысы көлеміндегі орташа ылғалдылық 18%-ға дейін төмендеген. Жерасты суының денгейі төмен түсуіне байланысты Сырдарияның төменгі ағысындағы үш мың көлден, қазір 130-дайы ғана сақталып қалды. Жайылымның төрттен бірі өнім­ділігі күрт азайып, 3 млн тоннаға дейін шөп өсетін табиғи шабын­дық­тардан іс жүзінде айырылып қалу қаупі төніп тұр. – Су тек тауар емес, өмірлік ре­сурс. Тәуелсіздік алғаннан кейін әр мемлекет бөлек саясатын ұста­нып, көп жағдайда төменгі жақ­та орна­ласқан елдердің мүддесі еске­ру­сіз қалды. Сондықтан да бірін­шіден, еліміздің су қауіпсіздігі үшін жо­ғарыда орналасқан өзен­дердің су­дың келуін қажетті уа­қытта рет­теу келісіміне қол жет­кізуде қандай кедергілер бар екені жіті зерттеліп, трансшекаралық су мәселесінде позициямызды әл­сірет­­пей су дип­ло­матиясы бағы­тын­да жұмыстар белсенді түрде, яғни еліміздің су мүддесіне қарай екіжақты келісім­нің, халқаралық заңдылықтардың барлық әлеуетін пайдаланып жүр­гізілсе дейміз. Екіншіден, осыдан 17 жыл бұрын қа­былданған еліміз­дегі Су ресурс­тарын басқару заңы қазіргі талап­тарға жауап бере ал­май­ды. Сон­дық­тан суды пайда­ланудың жаңа тұ­жырымдамасы жасалып, ол тек суға қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты та­биғи экожүйелерді сақтап, суды үнем­­деуге ынталан­дыру үшін тұ­тыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды ен­гізуге мұрын­дық болуы тиіс, – деді халық қалау­лылары. Р.S.

Теңіз тартылып, дария сарқылып ба­рады. Сондықтан ел-жұрт Арал тағ­дырына алаңдап отыр. Үлкен Арал­дың құрдымға кетуінің себеп-салдары талай айтылып та, жазылып та келеді. «Келісіп пішкен тон келте бол­мас» деген дана халқымыз «қа­шан­да ымыраласып, келісе отырып бастаған әрбір істе бір қайыр бар» дейді. Кезінде Елбасы Аралды сақтап қалу жөнінде алыс-жақын мемле­кеттерге үндеу тастап, көп кешікпей Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы жүзеге асты. Кіші Арал­дағы су қалпына келді. Алайда мұны­мен Аралдың жарасы түбегейлі жа­зылды деуге болмас. Өйткені Қазақ­стан Солтүстік Аралды сақтап қал­ғанымен, теңіздің оңтүстік бөлігі күн­нен-күнге жағалаудан жырақтап барады. Өзен-көлдердің бұлай кебуі – орасан зор экологиялық апатқа алып келетіні анық. Сондықтан теңіз суын толықтыру мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Өйткені Сырдария мен Аралдың тағдыры адам тағдыры екені даусыз.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы