Осы кезеңге дейін қазақ халқының бастан кешкен тарихын бірізге түсіру мәселесі әлі де болса өзекті күйінде тұр. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында тарихшылар ізденісін тоқтатқан емес. Өткен дәуірдің шындығын ашқан кітаптар жарық көруде. Сол жолдан жаңылмай, жуырда елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Ахмет Кенесаринның қазақ тіліндегі «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабының тұсаукесері өтті.
Ақын Ербол Алшынбай қазақ тарихы үшін құнды еңбек саналатын сұлтан Ахмет Кенесаринның «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабын шағатай тілінен қазақшаға аударып, ғылыми түсініктемелерін жазып әрі кітаптағы дерекке сай Кенесары хан мен сұлтан Сыдықтың жорық жолдарының картасын сыздырып, баспадан шығарған. Кітап Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының демеушілігімен «Фолиант» баспасынан 2 мың данамен шығып отыр. Алғы сөзін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли жазса, рецензиясын белді тарихшы Жамбыл Артықбаев толтырған. Тұсаукесер рәсіміне еліміздің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар, жазушылар қатысып, пікірлерін ортаға салды. Басты назар аударатын жайт – бұл кітап шағатай тілінен қазақшаға тұңғыш рет аударылып отыр. Кенесары хан мен оның әулеті, ұлы сұлтан Сыдық туралы көптеген тың жаңалық болар деректер бар.
– «Насаб наме сұлтан Сыдық» – ұлттық көзқараспен жазылған, біздің халқымыздың мүддесі тұрғысынан пайымдалған тарихи еңбек. Осы кітаптың баспадан шығуына себепкер – белгілі ақын, жас ғалым Ербол Алшынбай. Тікелей шағатай тілінен қазақшаға алғаш аударып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы керек. Бөтен идеологияның жетегінде жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді». Сол бағытта осы кітап шықты. Ербол Алшынбай Президент баспасөз қызметінде сарапшы болып қызмет атқарады. Пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеді, қосымша кітапты аударуға тапсырма бердік. Тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты десек болады, – деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Ал Ербол Алшынбай кітапты аударудағы мақсат «қазақтілді аудиторияны, контентті сапалы ғылыми әрі тарихи еңбектермен толтыруға негізделгенін» айтты.
– Кітап Кенесары ханның жолын жалғастырған Сыдық сұлтанның өмірі арқылы тарихи кезеңді тануға, қазақты және сол кезеңдегі тарихи тұлғаларды тануға септеседі деп ойлаймыз. Біздің тарихымыз үшін өте құнды, бүгінге дейін айналымға түспеген ғылыми деректер бар, – дейді ол.
Сондай-ақ жиын барысында белді жазушылар мен тарихшылар, қоғам қайраткерлері жаңа кітаптың ұлт үшін маңызын айтып, осы үрдіс жалғасын табуы қажетін жеткізді.
М.ХАҚНАЗАР