Биыл егін науқаны үшін диқандарға 380 мың тонна дизель отыны қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты.
«Биыл көктемгі егін науқанында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, көктемгі науқаны үшін дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін әзірледі. Кестеге сәйкес, ақпанға жоспарланған 16,6 мың тоннаның 14,8 мың тоннасы, яғни, 90 пайызы; наурызға жоспарланған 115,7 мың тоннаның 50,3 мың тоннасы, яғни, 43 пайызы аймақтарға жөнелтілді. Сонымен қатар кесте бойынша сәуір айында 107 мың тонна, мамыр айында 125,4 мың тонна және маусым айында 15 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарланған», – деді.
Министрдің айтуынша, дизель отынының бағасы Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 174 мың теңге, Атырау мұнай өңдеу зауытында – 172 мың теңге болды.
Министрліктің мәліметінше, дизель отыны жанармай құю бекеттерінде диқандар үшін нарықтағы бағадан 15-20 теңгеге төмен бағада сатылмақ.