Қазіргі заманғы қазақстандық қоғам тарихи қалыптасқан көпконфессиялық сипатқа ие. Мұндай жағдайда дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде діндарлықтың жай-күйі мен үрдістерін және олардың алуан түрлі ерекшелігін ескеру өте маңызды. Тәуелсіздік бізге халықаралық аренаны сыйға тартты десек, сол жылдардан-ақ оның игілігі де, қатері де жас мемлекетімізге импорттала бастағаны белгілі. Әйтсе де, таразы басын тең ұстаған Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында қазақ топырағы алашұбар ағымдардың күресіне емес, әлем діндер жетекшілері бас қосатын диалог алаңына айнала алды. Ендеше тәуелсіздіктің діни жылнамасын қысқаша шолып өтсек.
Таныс та бейтаныс дін
Қазақ топырағы ислам мәдениетінің қанат жайған авангарды десек, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан-ақ асыл дінімізбен қайта қауышуға асыққан мүміндердің қатары аз болған жоқ. Коммунизм идеясы күйреп, оның орнында қаңырап қалған вакуумды толтыру үшін діннің қайта оралғаны баға жетпес құндылық болды. Мұны бастапқы кезде мәселеге шешім іздеген билік те қолдаған болатын. 1990 жылы мұсылмандардың алғашқы құрылтайы кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуы оның ресми түрдегі көрінісі еді. Осыдан соң елдегі діни конфессиялар саны мен діни ұйымдардың қатары арта түсті. Мәселен, қайта құру мен бетбұрыс жылдарының шарықтау шегі 1989 жылы Қазақстанда 20 конфессияның 671 діни бірлестігі жұмыс істеген болса, 1998 жылы бұл сан 46 конфессия, 2 100 бірлестік боп 1,5-2 есе өсті. Мешіттер мен шіркеулер саны күрт артты. 1989 жылы Қазақстанда 50 мешіт, 60 шіркеу мен приход болған болса, 2001 жылы 1 440 мешіт, 190 шіркеу мен приход және протестанттық христандардың 400 сыйыну үйі болған. 1991 жылға дейін Қазақстанда ешқандай діни оқу орны болмаған болса, бүгінде олардың қатары көп. Солардың бірі – «Нұр-Мүбәрак» ислам университеті. Ал ислам елдерімен дипломатиялық қатынастың орнауы, бұл процесті одан сайын нығайта түсті. Бұл шетелдік діни миссионерлер үшін жаңа мүмкіндік ашты. Тәуелсіздіктің алғашқы 5 жылы бұл үрдіс қатты жүрді. Жастарымыз діни оқу іздеп Сауд Арабиясына, Түркияға, Мысыр мен Ливияға, Пәкістанға баруға мүмкіндік алды. Бірақ уақыт өте келе ол ілімнің қазаққа тән ханафи мазхабынан гөрі, ханбалиттік мектепке жақын екені аңғарылды. Осылайша, таныс та бейтаныс дінмен алғашқы қауышу басталды.Мемлекет пен дін бөлек
Әйтсе де, құқықтық және зайырлы мемлекет құру жолын таңдап алған еліміз мемлекет пен дін бөлек деп қарастырса да, Елбасының бұл саясатының түпкі мақсаты бөлуде емес, қосуда жатқан болатын. Ол заманауи демократиялық құндылықтар мен тарихи діни идеологияның түйісер алтын тіні – конфессияаралық және өркениетаралық келісімнің жасампаздық әлеуетінде екенін жақсы түсінді. Оны ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бітімгершілікке бастай алатынын әлемге дәлелдей білді. Миллениум бастауында конфессиялар мен халықтарды жақындастыру үшін 2001 жылғы қыркүйекте Рим Папасы Иоанн Павел II-нің ел астанасына тарихи сапары, 2002 жылы маусым айында Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммиті, сондай-ақ 2003 жылғы ақпан айында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы ұйымдастырылды. Бұл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы ауқымды бастаманың туындауына зор ықпал етті. 2003 жылы «Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің орталығы» деп әлемге жар салды. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 23-24 қыркүйек күндері ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ұраны еді. Әлемнің түрлі діни конфессияларының 17 делегациясы қатысқан бұл жиын халықаралық конфессияаралық институт – съезд хатшылығын құрумен аяқталды. Жиында бұл шараны дәстүрге айналдырып, 3 жылда бір рет өткізуге шешім қабылданды. Осылайша, ол 2006, 2009, 2012, 2015, 2018 жылдары өз жалғасын тапты. ІІ съезд осы халықаралық шараға арналып арнайы салынған Бейбітшілік және келісім сарайында (Пирамида) өтті. Оған 20-дан астам елден 43 делегация қатысты. Бұл ретте Елбасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Қазақстан өзінің саясатында адамның ішкі бостандығы ғана конфессияаралық төзімділіктің шарты екенін басшылыққа алады. Тап сондықтан да тарихи тұрғыдан исламның мәдени материгінің бір бөлігі бола тұра, біз Қазақстандағы барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өркен жаюына кедергі келтірмейміз» деп Қазақстанның дінаралық келісімді сақтаудағы басты бағдарын айқындап берген болатын. ІІІ съезге 35 елден 77 делегация, яғни 400 делегат қатысты. Съезд қорытындысында бірлескен Декларация қабылданды. Онда әлемдік қауымдастықты шынайы диалогке шақырған үндеу жолданды. ІV съезге әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Бұл кездесу тарихи оқиғамен – Елбасының ұсынысымен құрылған Діни лидерлер кеңесінің алғашқы отырысымен есте қалды. Ал съезд делегаттарының 2018 жылғы VІ съезд жұмысында «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы» құрылды.Дін саясаты – мемлекеттік идеологияның құрамдас бөлігі
Халықаралық аренадағы бастамаларынан бөлек, еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаты Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясында және «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында айқындалған шеңберде қалыптасты. Өз Жолдауында Елбасы: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетінше біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады» деп ерекше атап өткен болатын. Ал стратегия аясында 2011 жылы Қазақстанның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы өз күшіне енді, онда алғаш рет ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі және Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндердің құрметтелетіні атап өтілді. Сондықтан дін мәселесінің халықтың ең нәзік әрі маңызды тұсы екені ескеріліп, 2016 жылғы қыркүйекте Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, мемлекеттік діни саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Ондағы мәлімет бойынша, республикамызда 3 464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2 550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Елімізде 13 конфессияның 531 миссионері тіркелген, олардың арасында саны жағынан РКШ өкілдері басым (257). Православиені 84 миссионер насихаттайды, оның басым көпшілігі Ресей азаматы. Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараны өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеу бар. Айтпақшы, діни жетекшілері басқосуларын имидждік шара ретінде қабылдайтындар бар. Алайда конфессияаралық татулықты сақтау Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға ықпал ететін фактордың бірі екенін назарда ұстау керек. Еліміз осынау саясат арқылы діни араздық сипатындағы жанжалдың алдын алып келеді. Сонымен бірге Конституцияда көрсетілген адамның наным-сенім бостандығына мемлекеттік деңгейде кепілдік жасады.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ