Психикалық ауытқу сүйекке таңба емес
Психикалық ауытқу сүйекке таңба емес
356
оқылды

Көктем мен күзде психикалық аурулардың қозатын кезі деген түсінік қалыптасқан. Бұған қатысты мамандардың өзі екі түрлі пікір айтады. Бірі мұндай дерттің мезгіл тал­­ға­­­­майтынын, жай ғана қыс бойы көбі үйден шықпай, көк­­­темде айналадан «біртүрлі» адамдарды көп көруі мүмкін дейді. Енді бірі ауа райының өзгеруі, құстардың жылы жаққа ұшып кететін және келетін кезі мен психикалық ауытқудың ара­­­­­сында байланыс барын растайды. Оған қоса, 2020 жыл көп­­­шілік үшін ауыр жыл болғаны тағы бар. Мамандар төрт қабырғаға қамалып, үйден оқу, жұмыс істеудің жалпы­адамзатқа белгілі бір дәрежеде әсер еткенін мәлімдеген. Біз­­­дегі жағдай қандай? Статистикалық мәлімет пен шынайы көріністің арасында қаншалықты айырмашылық бар?

Жалпы алғанда, пандемияның кез келген адамға тигізген әсері бар. Өйткені отбасындағы ұрыс-керіс пен дау-дамай бұрынғыға қарағанда көбейді. Яғни, карантинге дейін көпшілігі таңертең ерте тұрып са­баққа, жұмысқа кететін болса, пан­­демия бәрін бір жерге «қамап» қой­­­ды. Соның салдарынан кішігірім түсініспеушіліктің болуы да заңды. Одан қала берді қаржылық жағ­­дайдың қиындағаны адамға қатты әсер етеді. Бірінші кезекте, үйдегі атмосфераны бұзуы ықтимал. Күн­делікті өмір сүру салты өзгеріп, өзін құдды біреу қинап ұстап отыр­ғандай сезіну адамға оңай емес. Бұдан ішкі қарсылық туындайды. Бұрын-соңды әдетінде болмаған біраз дү­ниеге үйренісу үшін де уақыт пен төзім қажет. Бұл болса, болмашы кикілжіңдерге себепші болуы әбден мүмкін. Адам психикасына бірден-бір әсер ететін келесі фактор – бел­гісіздік. Яғни, карантиннің қашан бітері, ертең не болары белгісіз бол­ған сайын адам тығырыққа ті­реле береді. Алғашқы локдаун кезінде күн сайын қаралы хабар естіп, кейде бір күнде бірнеше та­­ныс-туыстан айырылып жаттық. Мұның да белгілі бір дәрежеде ойға салмақ түсіретінін қосыңыз. Осы­ның кесірінен көпшілік одан әрі үрке түсті.

Емделуден арланбау керек

Қарап отырсақ, өзімізді күн­делікті өмірде қалыпты күн кешіп жатқан адам деп есептейміз. Десек те, осы тізбектеп шыққан фак­тордың бірі не тіпті бірнешеуі тұ­рақсыз эмоционал жағдай кезінде кесірін тигізуі ғажап емес. Ме­ди­цина ғылымдарының кандидаты, психиатр Жібек Жолдасова пси­хикалық ауытқу кез келген адамда болуы мүмкін екенін айтып отыр. «Психикалық ауытқудан ұялудың қажеті жоқ. Өйткені бәріміздің ба­сымызда түрлі мәселе бар, ашу­ланатын кезіміз көп, күйзеліске түсеміз, отбасында не жұмыста ки­кілжің туындайды. Соның салдарынан бізде ауытқу пайда болуы мүмкін. Бірақ оны емдеуге болатынын ұмытпаған жөн. Қазір тіпті шизофрения сынды күрделі түрлерінің өзін қалыпқа келтіріп жатыр. Дамыған елдерде психолог, психиатр мамандарға барып, кеңес алу, емделу – қалыпты жағдай. Ал бізде әлі сүйекке таңба деп санау басым. Бірақ осыдан 20 жыл бұрын енді жұмыс бастаған кезде саусақпен санарлық пациент қабылдайтынбыз. Қазір біртіндеп түсінік қалыптасып келе жатқанын байқаймын», – дей­ді психотерапевт. Расында, психолог пен пси­­хиатрға жүгінуді ар санайтын түсінік бары рас. Тіпті, «баласы жынданып кетіпті» деген сөзге қалмас үшін жа­­сырып бағатындар да бар. Десек те, мамандар бұл ретте жұрттың сө­зінен бұрын жақын адамның жағдайын ойлаған әлдеқайда абзал екенін айтады. «Аурудың қай түрін болсын неғұрлым ертерек қолға алса, адам үшін соғұрлым жақсы. Көпшілігінің психиатрға баруға қорқатын себебі – есепке алып, тір­кеп қояды деп ойлайтынында. Әрі одан кейін жұмыстан шығарып, қоғамнан алшақтатады деген жан­сақ пікірде болады. Шын мәнінде, психикалық аурудың біраз түрі есепке алуды қажет етпейді. Де­ген­мен халықтың дені бұдан бей­хабар. Тағы бір айта кететін жайт, осыдан екі апта бұрын Шымкентке ісса­пармен бардым. Ондағы невро­патологтердің айтуынша, әсіресе қарттарда болатын психикалық ауытқумен күресу қиын екен. Өйт­кені балалары әке-шешесінің жағ­дайы қалыпты емес дегенді естігісі келмей, шақырым жерден айналып қашады екен. Бәлкім, дәрігерлер тарапынан дұрыс жеткізбеудің де кері әсері бар шығар. Десек те, жасы қаншада болса да, ауытқу байқалса, дәрігерге қаралып, емделген дұ­рыс», – дейді Ж.Жолдасова. психикалық ауытқу

Психикалық ауытқы белгілері қандай?

Осы ретте психикалық ауытқу белгілеріне тоқталсақ. Адам ішкі жан дүниесін жақсы түсіне білсе, ағзасы тарапынан түскен сигналды да байқауы тиіс. Яғни, тәуекел то­бына кімдер кіреді? Қандай жағ­дайда маманға барып кеңес алған артық болмайды? Алдымен адам­ның жүріс-тұрысы, тәртібінде өз­геріс болған кезде. Айталық, бұрын сабырмен қабылдайтын жағдайды қазір шектен тыс ашумен, яғни әсірелейтін болсаңыз, агрессияны жеңу қиынға соқса, бұл алғашқы белгілердің бірі болуы мүмкін. Со­нымен қатар ұйқысыздық ма­заласа да мәселе барын білдіреді. Болмаса, қорқынышты түстерді жиі көру, ұзақ уақыт бойы көз іле алмау да сондай фактор саналады. Қалыпты ұйқы­дан айырылған кезде адамның пси­хобиологиялық қоры сарқыла бас­тайды. Ол болса, кері әсер бермей қоймайды. Өйткені орны толып жатқан жоқ. Келесі белгі – көңіл күйдің мүлдем көтерілмеуі, күй­­зеліске бейім болу, еш нәрсеге қуана алмау. Бұл қалыпты жағдай емес. Яғни, бұған бейжай қарамаған дұрыс. Жүйке жүйесінің жұмысы бұзылғанын өмірге деген құл­шы­ныстың, жыныстық әуестіктің шек­­тен тыс төмендеуінен де бай­қауға болады. Бүгінде түгесілу мен сар­қылу жиі кездеседі. Дер кезінде қа­лыпқа келтірмесе, салдары ауыр болуы ықтимал. Адамдармен бай­ла­нысудан қашу, бір бөлмеге қа­малып, жалғыздықпен дос бо­луды көңіліңіз қалайтын кез кө­бейсе, мұны жай ғана шаршаумен ша­тастыруға бол­майды. Сондай-ақ ішімдік, те­мекіге әуестіктің аяқ­асты пайда болуы қалыпты емес. Міне, осы сынды белгілер бай­қалса, демек сіз тәуекел то­бын­дасыз. Мұндайда мамандарға қа­рал­ғанда тұрған ештеңе жоқ. Алма­тыдағы Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Сапар Рах­меншеев психиатрға көрінуден қашпаған дұрыс екенін айтады. «Расында, көпшілігі есепке алады деп қорқып, маманға қаралмайды. Шын мәнінде, науқастың рұқ­сатынсыз біз оны қарай алмаймыз. Тек өзіне не қоршаған ортасына зия­ны тиетін болса ғана алып ке­туімізге болады. Бүгінде көпшілігі же­кеменшік клиникалар мен пси­хиатрлардың бақылауында бол­ғанды жөн көреді. Бізде есепте тұр­ғандар өздері не туыстары ас­қыну белгілері біліне бастаса, бізге хабарласады. Дәрі алады не бол­маса бригада шақырады. Тағы бір айта кететін жайт, күйзеліс сынды жағ­дайды психикалық ауытқу ре­тінде есепке алмайды. Олар пси­холог не психотерапевтке барып қа­ралады. Әсіресе, пандемия кезін­дегі «ауру жұқтырам» деп үрей­ленуді пси­хикалық ауруға жат­қызбайтынын атап өткім ке­леді. Яғни, диспан­серлік ба­қылауда бол­майды. Ас­қынған жағдайда ғана дәрігерлеріміз қарап, диагноз қоя­ды», – дейді Сапар Құт­тыбайұлы.

Психиатрлар есебінде 225 мың адам тұр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлем бойынша 300 миллионнан астам адам күйзелісте өмір сүріп жатыр екен. Оның 40 миллионға жуығы – еуропалық аумақта. Қазақстан да осы аумақтың ішінде. Ең қиыны, психикалық ауытқуға ұласып, оның соңы суицидпен аяқталатын жағдай да жиілеген. Қазақстанда психиатр­лардың есебінде былтыр 190 мың ересек, 35 мыңға жуық бала тіркел­ген. Алматыдағы ахуалды Сапар Рахменшеевтен сұрағанымызда, былтырмен салыстырғанда айтар­лықтай көбейді деуге келмейді деп жауап берді. Өйткені 2020 жылғы наурызда есепте 10 578 адам тұрса, биыл наурызда 10 600 адам тір­келген. COVID-19 вирусына дейін ден­саулық сақтау саласының жалпы бюд­жетінің 2 пайызы ғана психи­калық денсаулықты қолдауға бө­­лінген екен. ДДСҰ пікірінше, бұл өте аз. Ұйымдағылар пандемияға бай­ланысты адамдарда психикалық ауытқу артатынын, соған сәйкес көңілдің көбірек бөлінуі керегін айтып дабыл қағып жатыр. Дер ке­зінде көңіл бөлінбей, соның кесірі­нен жағдайы ауырлай түскен науқас орта есеппен 10-20 жыл бұрын өмірден озады екен. Оның ішінде басым бөлігі көмек алмағандықтан өзіне қол салады деседі.

Жадыра АҚҚАЙЫР