Театрға да шектеу бар: бұл шығармашылық тоқырауға әкелмей ме?
Театрға да шектеу бар: бұл шығармашылық тоқырауға әкелмей ме?
322
оқылды

Әлемде коронавирустың үшінші толқыны басталды. Бұл біздің елімізді де айналып өтпейтіні анық. Қазірдің өзінде Қазақстан «қызыл аймақта» тұр. Күн санап вирус жұқтырғандар қатары артып келеді. Вирустан сақтанудың жолы – оқшаулану және қорғаныс құралдарын пайдалану. Алайда бұл шектеу шығармашылық ұжымдарына қалай әсер етіп жатыр? Әсіресе, театр, мәдениет үйлеріне зиянын тигізген жоқ па? 

27 наурыз – халықаралық театр күні. Бұл күн – театр қызметкерлері үшін ерекше мереке. Жыл сайын осы күні дәстүрлі театр фестивальдары өтіп,  әртістер де мәре-сәре болып, лайықты марапаттарын алып жатады. Өкінішке қарай, соңғы екі жыл бұл дәстүрлі фестиваль өткізілген жоқ. Себеп белгілі – коронавирустың өршуі. Бұл індеттен мәртебелі театр қайраткерлері де сақтандырылмаған. Олай болса, мәдениет қызметкерлерінің өмірі қалай өтіп жатыр? Театрсыз актер актер ме? Киноға да түсіп жатқан жоқ. Шығармашылық адамдарының өмірі өнермен біте қайнасқан. Оқшаулану, театрсыз өмір сүру – тоқырауға әкелмей ме? Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрдың  директоры Еркін Жуасбектің айтуынша, пандемия кез келген салаға жеңіл тиіп тұрған жоқ. «Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Ж.Бекшиннің  қаулысына сәйкес, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында спектакльдер көрсе­тілімі уақытша тоқтатылды. Жоспар­ланған премьераларымыз енгізілген каран­тин шараларына байланысты кейінге  шеге­рілді. Әртістеріміз Zoom платформасы ар­қылы жаңа пьесаларды оқып, талқылап, со­нымен қатар сахна сайысы, би, вокал сабақ­тарын өтуде», – дейді Еркін мырза. Директор қазір театр қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеп жатқанын айтып отыр. «Оған қарамастан көрерменмен әлеуметтік желі (Instagram, YouTobe, Telegram)  арқылы онлайн форматта  байланыс жасаймыз. Әрине, бұл театрларға оңай соғып жатқан жоқ. Өйткені театр – көрермен мен актер арасының байланысында өмір сүретін өнер», – дейді Еркін Жуасбек. Актерлердің жалақысы қысқармаған. Бұрынғыдай төлемақы төленіп жатыр. Ал елордадағы Жастар театры директоры­ның орынбасары Досымжан Таңатаров қиындықтың кез келген салада бар екенін айтып отыр. «Алғашқы толқын кезінде театр да жұмыс істеген жоқ. Күз айларында қыз­мет­керлердің 20 пайызы ғана жұмысқа шық­ты.  Шектеулер азайған кезде 30 пайызға дейін қызметкерлерді жұмысқа шығардық. Аз болса да, қойылымдарды тамашалауға көрермендер келді. Актерлер де сахнаны сағынады. Олар да қалыптан шығып кетпеу керек. Сол үшін қойылымдар тоқтаған жоқ. Әрине, көрермендер санына шектеу болды. Тіпті, кейде асып кеткенде үйлеріне кері қайтарған  кездер де болды.  Аптасына бір рет балаларға арнап ертегі қоямыз.  Оған да көрермендер саны шектеулі. Қазір шектеулер қайта күшейді. Сол себепті Жастар театры да карантин талабын сақтап, уақытша тоқ­татылады», – дейді Досымжан мырза. театр Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыка­лық жас көрермен театры да жоспардан қалып жатқан жоқ. Театрдың директоры Асхат Маемиров: «Үш айда бес премьера өткіздік. Әрине, көрермен тарапынан жас театрдың жаңа қойылымдарын көруге деген сұраныс өте ерекше. Елімізде бекітілген санитарлық нормаларға сай, көрермен саны шектеулі. Дегенмен сахна кеңістігінде актерлердің санаулы көрерменнің өзімен тікелей диалог орнатуының өзі  – әртістер  қауымы үшін  зор бақыт. Театр – диалогке құ­рылған өнер. Актер үшін көрермен – энергия алмасатын, шынайы шығарма­шылық процесті қабылдайтын өзгеше әлем. Жыл  соңына дейін жоспарланған жаңа қойылымдарымызды сахналап, көрерменге ұсынамыз. Қазір әлемдік театр кеңістігі, келген қиыншылықтан шығатын  жол іздеп, сахналық формалардың өзгеше бағыттарын ұсынуда. Виртуальды театрлар осы бір жылдың ішінде өздерінің көркемдік із­деністері мен тұжырымын онлайн формат­та кө­рерменге ұсынуда. Алайда шынайы, тірі өнерге сусаған көрермен өзінің жанына аса қажет рухани азықтың театрда екенін ұғынды. Театр – тірі өнер болғандықтан, оның беретін құндылықтары, сыйлайтын қуат көздері де ғажап дүние.  Бүгінгідей індет күшейген кезде карантиннің қатаң шектеу­леріне байланысты театр да көрерменге ұсынар өз қойылымдарын 2 аптадай тоқтата тұрады. Дегенмен театрдың ішкі жұмыс­тарына ешқандай әсер етпейді деп ойлаймын. Қазір дағдарыс келді деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Біздің алға қойған мақсатымыз бар. Сол мақсаттың жолында еңбектенеміз. Жаңа қойылымдарға дайындаламыз. Барлығы орнымен жүріп жатыр. Жалақы мәселесіне келетін болсақ, театр актерлерінің жалақысы аз екені барлы­ғыңызға мәлім. Актерлер тек театр табысы­мен шектеліп қоймайды. Жарнамалық ро­лик, кино, дубляждан табыс табады. Өкінішке қарай,  бұл салалардың да екпіні бәсеңсіген кез», – дейді Асхат Маемиров. Әрине, кәсіби әртістің өмірі өнерге байланған. Сахнасын сағынады. Кейіпкерін іздейді. Образға енгісі келеді. Онсыз актер өмірін елестете алмайды. Көрерменмен тікелей диалогке түсетін сәтін күтеді. Қали­бек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістері күні кеше ғана жаңа спектакльдің тұсауын кесті. Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» пьесасы қойылды. «Театр жаңа ғи­маратқа көшті. Күні кеше ғана жаңа спектакльдің премьерасы қойылды. Жаңа қойылыммен көрерменді сүйіншілеп жатқан жайымыз бар. Бастысы, актерлеріміз сахна­дан алыстаған жоқ. Әрине, карантин талап­тарын сақтау – маңызды. Әртістер де, көрер­мендер де бұл талаптарды қатаң сақтап отыр», – дейді театрдың баспасөз қызметі. Мұхтар Әуезовтің театр өнері туралы: «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деген сөзі бар. Зор өнерді,  «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерді» жасап жүрген шығармашылық адамдарының халі еді біздің алаңдағанымыз. Әрине, бұл дерттен аман-есен өтсек, бүгінгі қиындық­тардың бәрі де артта қалар деген үміт басым. Өнер адамдарының да мехнат шекпей, азап тартпай, тоқырауға ұшырамай,  індетті жеңуді ғана мақсат тұтып отырған жайы бар. Ендеше, актер мен көрерменді қауыш­тыратын төр – театр. Амандықпен жүз­десейік!

ГулзиГүлзина БЕКТАС