Кейінгі 5 жылда жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 40%-дан астамы қызметін тоқтатты, олардың саны 25 мыңнан 13 мыңға дейін қысқарды. Естеріңізде болса, кеңес заманында Қазақстанда бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындардың қарасы 203 мыңға жеткен болатын.
Ішкі нарықты шетелдік тауарлар жаулап алған
Қазір отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарықтың тек 10 %-ын ғана қамтамасыз етеді, ал 90%-ы импорттық тауардың еншісінде. 2015 жылы Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы қазақстандық тауарларды ішкі нарықта алға жылжыту бойынша «Қазбренд» бағдарламасын әзірледі, өкініштісі сол ол әлі күнге дейін іске асырылған жоқ. Саладағы кәсіпорындарға өнім өндіруде ғана емес, сондай-ақ оны ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуде де қолдау көрсетілмеді. Бүгін біздің нарығымызды Түркиядан, Беларусьтен, Ресейден, Қытайдан келген тауарлар толтырып жіберген. Түркия үкіметі өз тауарларын алға жылжыту үшін дүкендерді жалға алуды және франчайзинг желісін құруды субсидиялайды, инвестицияларды және жабдыққа жұмсалатын шығыстарды өтейді, елде өндірілмейтін шикізатқа импорттық баждарды алып тастаған. Осыған ұқсас шараларды Ресей мен Беларусь ішінара қолданады. Мысалы, Беларусьте сауда желісінің сөрелік кеңістігінің кемінде 30%-ы отандық тауарларға беріледі. Ресейде осы үлесті 40%-ға дейін арттыру туралы ұсыныстар қаралып жатыр. Сонымен қатар Ресейде өнеркәсіп тауарларының өзіндік өндірісі болған жағдайда компаниялар мен мемлекеттік корпорацияларға мемлекет мұқтажы үшін импорттық жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алуға тыйым салынған. Ал Қазақстанда «А» сыныпты сауда орталықтарын жалға алу ақысының жоғары болуы (50 шаршы метр бутиктің құны айына шамамен 1,5-2 млн теңге) және 3 ай бұрын біржолғы жарна төлеуді міндеттеу салдарынан барлық сауда желілерінде отандық тауарлардың сатылым деңгейі көп төмендеп кетті – бұл бұйымдардың түпкілікті құнын 30-50%-ға арттырады. Соның салдарынан тауарлар көрші елдердің осыған ұқсас тауарларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болып қалды. Рret-a-porter de lux коллекциясын шығарушы Аида Қауменова қалыптасқан жағдайды былай деп суреттеді: «Әлбетте, өзіміздің өнімдерімізді көп адам сатып алғанын қалаймыз. Бірақ біз арзан әрі үлкен көлемде сырттан тасымалданатын импорттық тауарлармен бәсекелесе алмаймыз. Ол үшін Үкіметтің қолдауымен отандық өнімнің өзіндік құны төмендетілуі керек. Сондай-ақ жалға алып отырған бутик үшін ай сайын 1 миллион теңгеден астам ақы төлеймін. Оған жұмыскерлерімнің жалақысын, мемлекетке төлейтін салықты қосыңыз – мұның бәрі біз үшін үлкен қиындық туғызып отыр...» Сондай-ақ пандемия еліміздің қарапайым медициналық жеке қорғану құралдарының (ЖҚҚ) импортына тәуелді екенін көрсетті. ЖҚҚ (қорғаныш бетперделер, бір рет пайдаланылатын комбинезондар, халат костюмдер) медициналық бұйымдарға жатқызылғандықтан, біздің өндірушілеріміз оларды Ресей мен Өзбекстандағыдай жергілікті тігін кәсіпорындарында жасап шығара алмайды. Елімізде ЖҚҚ бойынша жеткілікті материалдық резервтер де жоқ. Мұндай резервтерді құру кәсіпорындар үшін кепілдендірілген тапсырыс көлемін де қамтамасыз етер еді. Мемлекет пен квазимемлекеттік сектормен отандық тауарларды ұзақмерзімді тұрақты сатып алу шарты болған жағдайда ғана өндірушілер өндірісті сақтап қалып қана қоймай, сондай-ақ оны жаңғырту мүмкіндігіне де ие болар еді. Жаңғырту үшін кемінде 30% шығынды кейіннен өтей отырып, жабдықты лизингке сатып алу мүмкіндігі де қарастырылуы қажет. Жақын көршілерімізде мұндай шарт заңдастырылған. Оған қоса, тауар өндірушілер шикізатқа, материалдар мен жабдықтарға кедендік баждарды төмендетуді сұрайды. Өйткені өнімнің өзіндік құнының 60%-ы импорттық шикізатқа тиесілі. – Жеңіл өнеркәсіптің проблемасы баяғыдан бері белгілі – елге келетін контрабандалық өнімдер үлесінің көптігі, экономикалық жағдайдың тең еместігі. Шекараның есігі ашық: декларацияланбаған, сертификацияланбаған, адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті импорттық тауарлар елмізге емін-еркін еніп жатыр. Сол себептен ішкі нарықта тауар шығару отандық өндірушілерді тиімсіз жағдайға қалдырады. Ал мұны ешкім бақылап, тыйып отырған жоқ, – деп қынжылыс білдірді «ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Любовь Худова.Отандық өндірушілер импорттық өнімге тыйым салынса дейді
Қазақстандық кәсіпорындар ішкі нарықты былғары бұйымдарымен толықтай қамтамасыз етуге мүдделі. Ол туралы Semey Tannery ЖШС директоры Руслан Бисенов мәлім етті. – Былтыр көп жылдан бері тоқтап тұрған Семей былғары-тері комбинатын қалпына келтіруге кірістік. Комбинаттың мүлкі «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ меншігінде тұрған. Біз оны жалға алдық. Өндіріске қажетті жабдықтарды жеткіздік. Тек қазандықтың өзін алуға 21 млн теңге кетті. Жұмысқа кіріспес бұрын, ең алдымен барлық механикалық тораптарды қалыпқа келтірдік, жабдықтарды іске қостық. Жалпы, комбинатты қайтадан қалыпқа келтіру үшін 260 млн теңге қаржы салдық,– деді ол. Қазір комбинат wet blue жартылай фабрикат пен дайын былғары өндіреді. Өндірістің аясын кеңейту үшін еліміздегі аяқкиім шығарушы фабрикалармен келісімшартқа отырған. Бүгінде былғарының 14 түрін шығарады. Бастапқы кезде 40 тонна былғары мен жартылай фабрикат жасайтын кәсіпорын жарты жылда өндірістік қуатын айына 250 тоннаға дейін ұлғайтқан. Енді оның көлемін айына 350-500 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Өндіріске қажетті шикізатты Қазақстанның барлық аймағынан сатып алады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыттан шығарылған былғарыдан жоғары сапалы аяқкиімдер тігуге болады, бірақ Қытайдан көп мөлшерде арзан аяқкиімдер, қолғаптар, сөмкелер және басқа да тауарлар тасымалданатындықтан, ол жергілікті өнімдердің сатылымына кері әсерін тигізеді. Сондықтан Қытайдан келетін дайын былғары өнімдерінің импортына тосқауыл қойылса деген тілегін айтты. Бұл отандық тігін цехтарының, аяқкиім фабрикаларының, былғары-тері жасаушы кәсіпорындардың дамуына серпін беретіні сөзсіз. Кәсіпкер Қазақстанда оған қажетті шикізат жеткілікті дейді. – Біз жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдерімен кездестік, олар ішкі нарықты толықтай өздері жабуға қабілетті екенін айтты. Оның үстіне, бұл отандық шикізатқа да, өнімге де үлкен сұраныс тудырар еді. Әйтпесе, қазір кейбір кәсіпорындар қазақстандық мазмұнды сақтамайды, көпшілігі шикізатты Ресей мен Қытайдан алдыруда. Кейбір кәсіпорындар қазақстандық мазмұн сертификатын өтірік жаздырып алады. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ,– деп тағы бір көкейтесті проблеманы жеткізді. Егер еліміздегі ірі Семей, Алматы, Шымкент, Арқалық былғары-тері зауыттары тек қазақстандық шикізатпен жұмыс істесе, ол былғары өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорындардың жұмысын жандандырып қана қоймай, ауылдағы ағайынның мал терісін күресінге тастамай, соны өткізіп, кәдеге жаратуына қолдау болар еді. Бұл өз кезегінде мал басын көбейтуге де септігін тигізер еді.Дәулет АСАУ