Қоғамның ең басты өзекті мәселесінің бірі – әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық болып отыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады. 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Президент осы жайтқа ерекше зер салған болатын.
Жалпы, Ұлтық кеңесте мемлекет үшін күрмеу тудырған жағдай сөз болатынын білеміз. Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында жиі талқыға түскен тұрмыстағы зорлық-зомбылық жайының қозғалуы бекер емес. Президент мәселені шешу жолында ұйымдардың күш біріктіруі қажетін айтқан болатын. – Бұл ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен шешу мүмкін болып тұр. Сонымен бірге осындағы маңызды рөл Ішкі істер министрлігінің 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімдеріне жүктеліп отыр. Алайда кезінде олардың штаттық санының жартысына жуығы қысқарып қалған. Сонымен қатар бұл қызметкерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі кездесетін өңірлерде қысқарған. Ішкі істер министрлігіне мүмкіндігінше зорлық-зомбылықтан әйелдер мен балаларды қорғау бойынша арнайы бөлімнің штат санын қалпына келтіруді тапсырамын, – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Елімізде ішкі істер органдары отбасылық құқықбұзушылыққа 2017 жылдың соңынан ғана көңіл аудара бастапты. Интернетте және әлеуметтік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ақпараттар легінің көбейіп бара жатқанына байланысты оның қаншалықты объективті екенін бағалау мақсатымен статистикаға талдау жүргізген. Нәтижесінде, тек тұрмыстағы емес, жалпы зорлық-зомбылыққа қатысты істерді бөлек жүргізу керек деген шешімге келген. 2018 жылдан бастап Бас прокуратурамен бірігіп, мұндағы жұмыс әдісін өзгертіп, ведомстволық қадағалауды күшейткен. Осылайша, 2018 жылдың қорытындысында ескі тәртіппен 739 тұрмыстық қылмыс тіркелген болса, оны түзете келе есепке алғанда 180 дерекке көбейіп, 919 оқиға болған. 2019 жылы мұндай құқықбұзушылықтар 14 пайызға көбейіп, 1 052 деректі құраған екен. Бұл тұста тұрмыстық зорлық-зомбылықты қарастыратын заң да күшеймесе болмайтын еді. Қылмыстық кодекстің 110-бабы «Қинау» жеке айыптау ісінен жеке-көпшіліктік айыптау ісіне ауыстырылды. Бұл полиция қызметкеріне отбасылық «тиранның» кінәсіне дәлел жинау құзыретін берді. Бұрын мұнымен зәбір көрушінің өзі айналысатын. Сол сияқты осы баптың 2-бөліміндегі бас бостандығынан айыру мерзімінің ең төменгі уақыты 3 жылдан 4 жылға көбейтілді. Бұдан бөлек, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның жобасы қазақ қоғамында қызу талқыға түскен еді. Президент заң жобасы жоғарыда атап өткеніміздей әйелдермен қатар, балалар құқын қорғауға бағытталғанын жеткізген. Дегенмен мұның пікірталасқа ұласуынан азаматтардың қоғам мәселесіне бейжай қарамайтынын аңғарып, оң бағалауға болады.Мадияр ТӨЛЕУ