Экологиялық апат аймағы саналатын Арал өңірінен кальцийлендірілген сода зауытын салу бастамасы қайта қозғалғанына тұрғылықты халық алаңдап отыр. Бұған дейін, шамамен 3-4 жыл шеңберінде теңізді аймақтан адам өміріне қауіпті саналатын жаңа зауытты іске қосуға жергілікті халық түбегейлі қарсы болған еді.
Сода зауыты: сенім мен секем арасы
122
оқылды

Онсыз да тартылған теңіздің тауқыметін тартып жүрген Арал халқы құтты мекенін апат аранына айналдыруға жол бермейтінін айтып, дабыл қақты. Экобелсенділер соры бес елі сода зауыты экологиялық қауіпті одан бетер арттыра ма деп үрейленіп жүр. 

Негізінен, Арал өңірі тартылған теңіздің зардабын әлі күнге дейін тартып келеді. Күнделікті теңіз ұлтанынан көтерілген тұзды шаң ауаға тарап, адамзатқа айтар­лықтай қауіп төндіруде. Ол аз десеңіз, Кеңес заман­ында Возрождение аралында құпия түрде жұмыс істеген бактериоло­гиялық сынақ алаңының зарбады әлі күнге дейін жергілікті жұртшылыққа кесел болып жабысып келеді. Осындай жағдайда тұрмыс кешіп жатқан ауданға ендігі кезекте сода зауытын салу қоғамның қарсылығын үдете түсті. 

Жалпы, тұрғындар өңірден өміршең жобалардың ашылуына қарсы емес. Өндірістің өркен жайып, жаңа жұмыс орындарының ашылып, халықтың әл-ауқатының артқанын қос қолын көтеріп қолдайды. Дейтұрғанмен, ескі қытай әдісі­мен жұмыс істейтін сода зауытының зияны шаш-етектен екеніне қорқынышпен қарайды. 

«Осыдан 3-4 жыл бұрын бұл жобаға халық жаппай қарсы шығып, құрылыс тоқтатылған болатын. Енді араға уақыт салып, бұл мәселені қайта қолға алмақшы. Зауыт салушылар оның ешқандай зияны жоқтығын айтып, дәлелдеуге тырысады. Алайда мұндай зауыттың зардабы әлемдік тәжірибеде әлдеқашан өз дәлелін тапқан. Арал өңірі онсыз да халықаралық деңгейде мойындалған апат аймағы саналады. Кепкен теңіз ұлтанынан көтерілген тұзды шаң мен улы заттар ауаға тарап жатыр. Қазірдің өзінде өңірде түрлі ауру асқынып тұр. Яғни ауданда ана құрсағынан түрлі дертке шалдыққан нәрестелердің туылуы, қатерлі ісік пен тыныс жолдары ауруларының көрсеткіші өте жоғары. Осындай қауіп құшағында отырған өңірге енді сода өнді­рісін салу қисынға соқпайды. Өйткені келешекте іске қосу жоспарланған Сарышы­ғанақтағы шлам, яғни қалдық полигоны ертеңгі ұрпақ үшін үлкен қасіретке айналады деп есептеймін», – дейді Арал тұрғыны Жұмабай Айымбетов.

Оның айтуынша, жоба бойынша зауыттан шыққан зиянды химиялық қалдықтарды (шлам) Сарышығанақ тұсындағы кеуіп қалған өзекке жинау көзделген. Адамзат тағдыры үшін басты қауіп – осы. Өйткені күндердің күнінде ол өзек­ке су келсе, бұл химиялық улы қалдық­тардың Арал теңізіне ағып кету қаупі басым. Соның салдарынан теңіздегі өсімдіктер мен жәндік атаулы түгел қырылуына әкеп соқтыруы бек мүмкін. Сонымен қатар бұл аумақ – қаншама шаруа малын бағып, нәпақасын айырып отырған жайылым жер. Демек, өңірдегі мал шаруашылығының да болашағына балта шаба ма деген қорқыныш бар. 

Экобелсенді шикізатты тасымалдау барысында улы қалдықтардың төгілмеуіне ешкім кепіл бола алмайтынын алға тартады. Негізінен, зауытқа қажетті шикізат Аралдың шығыс жағындағы «Аралтұз» кенішінен тасымалданатыны айтылады. Ал осы бір тамшысы қоршаған ортаға орасан залал келтіретін шикізатты қала іргесіне тасымал­дауда үлкен тәуекелге барып отыр деген пікірде. 

Соған орай белсенді топ Арал халқының денсаулығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіретін жобаның жүзеге асыры­луына түбегейлі қарсылық танытып отыр. Осы орайда Арал халқы ең болмағанда зауытты қаладан алыстатып, шикізат қоры сақтаулы «Аралтұз» кеніші маңынан салса деген ұсын­ыстарын да жеткізді. Яғни зиян­ды өндіріс орнын қала іргесінен, теңіз төскейінен алыс­татуды ұсынады. Аралдың соңғы байлы­ғы – оның халқы. Сондықтан халықты улауға жол берілмейді деген пікірді ұстанады. 

«Арал өңірі – Қазақстандағы ең ауыр экологиялық апат аймақтың бірі саналады. Бұл өңір халқы теңіздің тартылуы салдары­нан талай жылдар бойы тұзды дауылдың, ауызсу тапшылығының, тыныс алу жолдары ауруларының және қоршаған ортаның ластануының зардабын тартып келеді. Ежелден түрлі дерттің құрсауында отырған тұрғылықты халық енді Арал қаласы маң­ын­да кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жоспарын естіп, алаңдап отыр. Әсіресе өндірісте қолданылатын технология­ның ескі екендігі туралы ақпарат тұрғын­дарды одан сайын елең-алаң күйге түсірді. Соған орай Арал халқының басты талабы – экономикалық пайда ғана емес, ең алдымен адам денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі ескерілуге тиіс. Экологиялық апат аймағында тұратын халықтың денсау­лығы онсыз да әлсіреген. Сондықтан жаңа өндіріс орнының ауаға, топыраққа, жерасты суларына және тұрғындардың өмір сапасына әсері жан-жақты зерделеніп, тәуелсіз сарап­тамадан өтуі қажет. Біз өндіріс пен инвестицияға қарсы емеспіз. Керісінше, жаңа жұмыс орындарының ашылғанын қалаймыз. Алайда кез келген жоба халықтың денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы керек», – дейді Арал өңірінің тағы бір тұрғыны Ғабит Мырзашев.

Жалпы, Арал өңірі халқының наразылы­ғы Қызылорда облысының жаңа әкімі Мұрат Ергешбаев пен «Аралтұз» АҚ дирек­тор­лар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев­тың өңірлен кальцийлендірілген сода зау­ы­т­ын салу мәселелерін талқызаған кез­десуінен кейін қайта туындап отыр. Кездесуде мәлім болғандай, өндіріс орнында жылына 330 мың тонна кальцийленген сода өндіру көзделген. Жоба іске қосылған кез­де 699 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Қазір «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жоба қаржыландыру рәсімінен өткізіліп жатқаны мәлім болды. Нақты айтқанда, биылғы 20 наурызда қаржыландырудың бірінші кезеңіне қажетті құжаттар тапсырылып, жоба толық мақұлданыпты. Өткен қаңтар айында зауыт құрылысын салатын мердігерді анықтау үшін өткізілген тендердің қорытындысымен қытайлық China Tianchen Engineering Corporation компаниясы жеңімпаз болып танылғаны да жария болды. Қазір қос тарап өзара келісімшарт жасап жатыр екен.

Осы орайда әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде көптеген елде сода зауыттары жұмыс істейді. Оның ішінде Түркия, Қытай, АҚШ және Индия сода өндірісі дамыған жетекші елдер қатарына кіреді. Дегенмен де бұл елдерде зауыттар заманауи сүзгі жүйелерімен жабдықталып, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, ауаға таралатын шаң мен газдарды қатаң бақылауда ұстау жүйесі енгізілген. Сондай-ақ жерасты және жерүсті суларына тұрақты мониторинг жүргізуі де назардан тыс емес. Өйткені зауыт жұмысы талапқа сай жүргізілмесе, өндіріс орнында әк тасы мен басқа шикі­заттарды өңдеу сәтінде аса зиянды шаң бөлініп, ауаны ластау ықтималдығы ескерілген. Бұл бірінші кезекте тұрғындар­дың тыныс алу жүйесіне әсер ету қаупін арттырады. Сонымен қатар су ресурстарына әсерін де тұрақты бақылауда ұстайды. Себебі, суды көп мөлшерде қажет ететін сода өндірісі ағын сулар дұрыс тазартылмаса, табиғи су көздеріне зиянын келтіретіні іс жүзінде көрініс тапқан. Сол сияқты өндіріс кезінде бөлінетін тұзды және әкті қалдық­тарды арнайы қауіпсіз полигондарда сақ­тау­ға баса мән беріледі. Қалдықтарды басқару жүйесі қатаң бақылауда болмаса, топырақтың тұздану қаупі туындайтыны тәжірибе жүзінде дәлелденген.

Соған орай аралдық белсенді топ Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға өз тала­птарын да ұсынып отыр. Алдымен атал­мыш жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау қорытындыларын толық әрі ашық жариялауды талап етеді. Сондай-ақ тәуелсіз экологтар мен ғалымдардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізу, Арал тұрғын­дарының пікірін ескеру, қолданылатын технологияның халықаралық экологиялық талаптарға сәйкестігін дәлелдеу қажет деп есептейді. Ең бастысы, халық денсаулығына төнетін қауіп толық зерттелмейінше, зауыт құрылысын салуға рұқсат бермеу қажет деген пікірде. Теңізді өңір халқы таза ауада өмір сүруге, денсаулығын сақтауға және болашақ ұрпағына қауіпсіз орта қалдыруға құқылы деген ойын жеткізді.

Қалай дегенде де жергілікті жұртшылық сода зауытынан бөлінетін аса қауіпті өндірістік қалдықтар Арал өңірінің эколо­гиялық зардабын одан бетер ушықтырып жібермей ме деген қорқынышта отыр. Соған орай жобаны жүзеге асырмас бұрын оның экологиялық қауіпсіздігін қаперде ұстаған абзал сияқты. Ең бастысы, Арал өңірі тәжірибе жасайтын алаң емес екенін естен шығармау қажет.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы