Алматы белсенділері қала орталығында тұрғын үй кешендерін көптеп салуға қарсы. Олар экологиялық жағынан сын көтермейтін қаланың тынысы бей-берекет салынып жатқан көпқабатты үйлердің салдарынан одан бетер тарыла түсетінін айтып дабыл қағуда. Қала тұрғындары бұл мәселені шаһар әкімінің есеп беру жиынында да көтеріп, бірнеше құрылыс нысаны мәселенің мән-жайын анықтау үшін уақытша тоқтатылған.
Қолда бар деректерге қарағанда, енді алматылықтарды мазалаған тағы екі құрылыс нысаны тоқтатылды. Оның бірі – ел арасында «плодик» аталып кеткен бұрынғы Алматы жеміс консервілеу зауыты орнына салынуға тиіс тұрғын үй кешені болса, екіншісі – Самал-3 ықшамауданындағы тұрғын үй кешені. Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, құрылыс компаниясы жаңа жоба жасап, ұсынуы тиіс. Онда қалалық инженерлік жүйе жұмыстары да ескерілуі керек. Жоба барлық сараптаудан, оның ішінде қоғамдық тыңдаудан да өтеді. Сондай-ақ жобада әлеуметтік нысандар, атап айтқанда жалпы білім беретін мекеме мен мектепке дейінгі білім беру нысандары да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы талаптар орындалмаған жағдайда көрсетілген аудандағы «человейник» аталып кеткен құрылыс нысанына рұқсат етілмейді. Белсенділердің ақпаратына қарағанда, әу баста бұл кешенде 57 он жеті қабаттық тұрғын үй салу жоспарланған. Facebook-тегі «Алматыны құтқарамыз» парақшасында «Ақылға қонымсыз құрылысқа рұқсат беру арқылы шенеуніктер, өкінішке қарай, аудан, тіпті қалада экологиялық және транспорттық инфрақұрылымға кері әсер ететінін ойлап отырған жоқ. Тығыз салынған биік үйлер таудан келетін самалдың алдын бөгейді. Сондай-ақ төтенше жағдай болса тұрғындарды құтқаруға қиындық тудырады», – дейді. Белсенділер бұрынғы комбинат аумағында тұтас тұрғын үй кешені салынуына түбегейлі қарсы. Оның бір бөлігін саяжайға айналдыруды ұсынады. 2008 жылғы бас жоспарда бұл орынға тек 17 үй тұрғызып, қалған бөлігін жасыл желекпен қамту жоспарланған. 2016-2017 жылдары жоспарға өзгеріс енгізіліп, құрылысқа басымдық берілген. KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы және энергетик Әсет Наурызбаев «Біреулердің ойланбай айтқан бастамасы қала инфрақұрылымына сөзбен айтып жеткізе алмайтын салмақ салғалы отыр. Ауа ағынын жауып, үлкен тығын қалыптастырады. Бұл әлемдегі халық тығыздығы жағынан ең төмен деңгейдегі Қазақстан үшін ақылға қонымсыз бастама», – дейді. Сондай-ақ ол АҚШ, Германиядағы осындай жағдайға мысал келтіреді. «Біздің жағдайымызда әрбір биік ғимарат ауа ағынын бәсеңдетеді. Тау жақтан келетін циркуляция лас ауаны тазартып үлгермейді. Жылу ағыны тау басындағы қарға дейін жеткен, жаз айларында шыңдағы қарлардың азайғанын аңғаруға болады», – дейді ол. Құрылыс жүргізуге ынталы RAMS компаниясы қала белсенділерінің жанайқайын жауапсыз қалдырған жоқ. Жандосов пен Кекілбаев көшелері қиылысындағы бұрынғы Алматы жеміс консервілеу зауыты орнына расында да тұрғын үй кешені бой көтеретінін растады. Алматылықтар ТК бой көтеретін аумақтың көлемінен де шатаспапты. Барлығы – 13,5 гектар. Дегенмен құрылыс компаниясы да, әкімдік өкілдері де бұл жерде қанша үй салынатынын нақты айтпай отыр. Жобада 3 гектар аумақ, яғни жалпы құрылыс алаңының 25 пайызы көгалдандыру үшін бөлінетіні көрсетілген. Сондай-ақ аумақта ойын алаңдары мен дамыту орталықтары, басқа да қажеттіліктерге 3 гектар бөлінеді. RAMS өкілдері көпқабатты үйлер қала экологиясына залалын тигізеді деп ойламайды. Олар ТК орналасуы ауа айналымына кері әсер етпейтініне сенімді. Алайда таяуда өткен Алматыны дамыту туралы кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала орталығына зәулім үйлер емес, саябақтар қажет екенін тағы да ескертті. «Алматы маңында толыққанды жасыл белдеу құру үшін жыл сайынғы көшет қажеттілігі – 250 мың дана. Қаланы көгалдандыру мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Ғылыми көзқарас, кәсібилік, тұрғындардың жайлылығы және қаланың үйлесімді дамуы басты назарда болуы тиіс. Біз Алматыға «жасыл қала» беделін қайтаруға міндеттіміз», – деді ол. Осы мәлімдеменің әсері болды ма, көп ұзамай алматылықтарды алаңдатып отырған құрылыстың тоқтатылатыны туралы хабар тарады.