Атырауда көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектер пара алды деген күдікпен ұсталған басшыны босатуын талап етіп, сот алдында жиналды. Бұл шенеунікті жақтаған жұртшылықтың тарапынан болып тұрған бірінші жағдай.
Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланы ұстауға қатысты оқиға жергілікті халықтың назарын аударды. 25 наурыздан бері әлеуметтік желіде Серік Қамидолланың басшылық қызметте халықшыл болғаны туралы дәйекті мысалдар жазылып жатты. Ал жексенбі күні облыстағы көпбалалы аналар мен мүгедектер, ерекше балалары бар аналар облыстық қылмыстық істер мамандандырылған ауданаралық соты алдында талаптарын жеткізуге жиналды. Парамен ұсталған шенеунік аз емес, бірақ осындай күдікпен ұсталған шенеунікті босатуды талап ету өңірде бұрын болмаған жағдай. С.Қамидолланы қолдап, қорғауға келгендер оны босатуды, айыптар дәлелденгенше ең болмағанда үй қамағында болуын талап етті. Жиналғандардың айтуынша, С.Қамидолла өз қызметін жауапкершілікпен атқарып отырған, көптеген адамға көмектескен және облыстағы әлеуметтік аз қамтылған, мүгедектер мен өзге санаттардағы адамдардың тұрмыс жағдайын жетік білетін басшы. Жұртшылық, тіпті пандемия кезінде әкімдерден бұрын өздеріне С.Қамидолланың тарапынан көп көмек болғанын айтты. – Біз мұнда С.Қамидолланы қолдау үшін келдік. Мен екі мыңға жуық оқырманы бар Telegram арнасындағы аналар чатының әкімшісімін. Біз Серік Қамидолла пара алды дегенге сенбейміз және оған жала жабылды деп есептейміз. Басқа шенеуніктерге қарағанда ол біздің барлық сұраққа жауап беріп отырды, өтініштерді жерге тастамайтын. Ол – халықтың адамы. Біз оның босатылуын талап етеміз, – деген Сандуғаш Көкенованың сөзін қариялар мен көпбалалы аналар қостап, басшыны босатуды талап еткен үндеу плакаттарын ұстап сағаттап тұрды. Осы адамдардың барлығы дерлік Атырау қалалық Полиция басқармасының ғимараты алдына жиналды. Олар Қамидолланы үй қамаққа шығаратынын үмітпен күтті. Жұртшылықтың бірігіп, жиылып, талап етуі себеп болды ма, 28 наурызда сот облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Серік Қамидоллаға қатысты 2 айға үй қамаққа алу туралы шешім шығарды. Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «2020-2021 жылдар аралығында ЖШС директорынан шетелдік жұмыс күшіне және жалпы қамқорлыққа рұқсат беруге көмектескені үшін пара алып отырған «Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысына қатысты қылмыстық істі тергеуде, өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деген ресми мәлімет берген болатын. Үй қамаққа шыққан С.Қамидолланың қорғаушысы Нұрлан Жолболовтың айтуынша, шенеуніктің шетелге қатысы бар компанияларға төртінші санатқа рұқсат беруді тоқтатқаны әлдекімдерге жақпаған. Қорғаушының айтуынша, шенеунік шетелден келетін қара жұмыцсшыларға берілетін квотаны қысқартып тастаған көрінеді. «С.Камидолла арнайы комиссияның отырысында шетелдік компанияларды таңғалдырып, «өзімізде толып жатқан мамандарды шетелден шақырудың қажеті қандай?» деген сұрағын төтесінен қойып, Еңбек министрлігіне жіберілетін сұраныстағы «4 санат» деген бағанды сызып тастап, «әр шетелдік жұмысшыға 500 000 теңге» деп, бірқатар адамдарды асырап отырған пайданың жолын жауып тастады. Менің ойымша, оның тергелуіне осы оқиға себеп болуы ықтимал деген Нұрлан Жолболов халықты ашуландыруға болмайтынын айтты. Сайып келгенде, соңғы жылдары ұзақ уақытқа созылатын тергеу-тексеру істері көбейген Атырауда тағы бір күрделі іс басталғаны анық.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы