Осы мақсатты көздеген партия алдағы бес жылда елді дамытудың тың жоспарын жасап, оны жүзеге асыру бойынша Жол картасын бекітті. Қазір осы құжаттың іске асырылуы қатаң қадағалануда.
Өткен жылдың қазан айында өткен партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ онлайн конференциясында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламамыз қабылданған болатын. Бұл бағдарлама халықпен, оның ішінде шалғай елдімекендер тұрғындарымен жан-жақты талқылау нәтижесінде қалыптасты.
Тек праймериз барысында ғана тұрғындардан 1,1 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Бұдан бөлек үгіт-насихат кездесулері кезеңінде тағы да қосымша аманаттар түсті. Олардың 82 пайыздан астамы аймақтық сайлауалды бағдарламаларды бекіту кезінде ескерілді. Сөйтіп құжатта көзделген іс-шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік Жол картасы әзірленді.
Жол картасында Ақтөбе облысы бойынша 742 көрсеткіш пен 859 іс-шара бекітілген. Оларды жүзеге асыру үшін алдағы 5 жылда мемлекеттік бюджеттен шамамен 272,1 млрд теңге, жеке қаражат есебінен 772,2 млрд. теңге бөлінбек. Қаржының мақсатты игерілуі мен міндеттердің орындалуы партияның облыстық, қалалық, аудандық филиалдары бақылауында және ұйымдастырылуы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына бөлініп, бекітілді.
Жол картасының ерекшелігі сол, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізіліп, қамтылды. Мұнда көрсетілген басым бағыттар аясында алдағы бес жылда өңірдің экономикасы дамып, өркендеп, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалатын болады.
Мәселен, алдағы бес жылда облысымызда қоршаған ортаға қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін "ЭкоТехПрогресс" зауыты, "AltynEx Company" тау-кен металлургиялық комбинаты, Қарғалы ауданында 48 мВт жел электр станциясы (екінші кезек), Мәртөк ауданында 2,8 мың бас ІҚМ арналған сүтті-тауарлы фермалар, Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынады.
Сондай-ақ 30 кәсіпорын мен 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, халық жұмыспен қамтылады. 104 ауылдың 28 мың тұрғынына газ жеткізіледі. 43 медициналық ұйымды салу және жөндеу арқылы 15 мың ауыл тұрғыны үшін денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен қолжетімділігі жақсарады.
Қазір осы жұмыстарды, яғни Жол картасындағы көрсеткіштерді жүзеге асыру мен бақылау ұйымдастырылуда. Соның ішіндегі бір-екі басым бағытқа толығырақ тоқталып өтейін.
Сапалы білімге қол жеткізу аймақтың әрі қарай дамуының маңызды шарты болып табылады. Сондықтан да Nur Otan білім сапасын одан әрі арттыруды көздеп отыр.
Бүгінгі күні облыс бойынша үш ауысымда оқытылатын 9 мектеп және 3 мектеп апатты жағдайда тіркелді. Бұл мәселені шешу үшін биыл облыс бойынша 4 790 орынға арналған 15 мектептің құрылысын жүргізуге бюджет есебінен 4,4 млрд. тг бөлінді. Бұл мектептердің салынуы арқылы 6 үш ауысымды, 5 орын тапшылығын, 1 апатты жағдайда және 3 ескі бейімделген мектептердің мәселесі шешіледі.
Биыл 12 жаңа мектеп пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 2022 жылы 17 мектеп, 2023 жылы 13 мектеп, 2024 жылы 3 мектеп, 2025 жылы 4 мектеп салу арқылы орын тапшылығын, ескі және апатты мектептер және үш ауысымды мектеп мәселесін шеше аламыз.
Қазір күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуді талап ететін 12 жалпы білім беретін мектептің бар екендігі анықталған. Биыл осы мектептердің жөндеу жұмыстарына бюджеттен 939,4 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде: облыстық бюджеттен 559,1 млн теңгеге 9 мектеп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 380,3 млн. теңгеге 3 мектеп жаңартылады. Қазір мемлекеттік сатып алулар веб порталында мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Жол картасындағы басымдықтардың бірі – экологиялық жағдайды жақсарту. Өйткені экологиялық әл-ауқат – жайлы және қауіпсіз өмір сүрудің маңызды факторы. Бұл орайда Nur Otan партиясының мақсаты атмосфераға ластаушы заттардың эмиссиясын төмендету және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану болып отыр.
Алдағы бес жылда кәсіпорындарды жаңғырту арқылы шығарылатын ластаушы заттардың көлемін 5 пайызға азайтып, 9 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу есебінен экологияны жақсарту көзделген. Қазірдің өзінде Жол картасының бұл маңызды бағыты жүзеге аса бастады.
Мәселен, Байғанин, Мәртөк, Қобда аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынуда. Әрбір мердігер мемлекеттік сатып алу шарты және МСҚБ рұқсаты негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қарауылкелді мен Мәртөктегі құрылыс сәуір айында, Қобда ауданындағы құрылыс мамыр айында бақыланады. Ал «Казхром» компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауыты биыл ақпан айында кешенді экологиялық рұқсаттама алды.
Енді соның аясында өндірісті ең озық қолжетімді технологияларға көшіру көзделген. Кәсіпорын басшылығы қабылданған бағдарлама бойынша тазарту фильтрлерін қойып, 2024 жылға дейін қатты заттардың шығарындыларын 30 пайызға азайтуды жоспарлады. Ал Ақтөбе хром қосындылары зауыты 2025 жылға дейін эмиссияны азайту үшін толығымен жеңдік сүзгілер қояды.
Экологиялық мәселелерді жоюдың тағы бір алғышарты өңірімізді көгалдандыру екені белгілі. Осы орайда биыл Жол картасы бойынша мемлекеттік орман қоры аумағына және елдімекендердегі 396 га жерге кем дегенде 1,3 млн түп ағаш отырғызу көзделді. Ал қазір елдімекендердің айналасында 2690 гектар алаңға жасыл белдеу жасалып, 4,7 млн көшет отырғызылған.
Сол сияқты Жол картасындағы кәсіпкерлерді қолдау, өмір сүру жағдайын жақсарту, таза ауыз сумен және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету, интернетпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасау және тағы басқа бағыттар бойынша нысанды көрсеткіштер жүзеге асуда.
Қазіргі заманның талаптарының бірі – ауыл тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету. Сондықтан да Жол картасы бойынша халық саны 250 адамнан асатын 97 ауылда 3G интернет стандартты желіге мобильді кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету, 28 ауылда 3G стандартындағы интернет желісіне кең жолақты қолжетімді ұялы телефон қызметтерінің сапасын жақсарту, 103 ауылда 3G мұнараларын орнату көзделді.
Бүгінгі күні Ақтөбе облысындағы ауылдық елдімекендерінің 212-де халықтың саны 250 ден асады. «3G» стандартының ұялы байланыс қызметтері 112 елдімекенде қолжетімді, сәйкесінше, 3G пайдалану мүмкіндігімен қамтамасыз етілмеген 100 ауыл бар.
Осыған байланысты ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бекітілген жоспар-кестесі шеңберінде, өңіріміздің халық саны 250 адамнан асатын ауылдарын интернет желісіне ұялы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша облыс әкімдігі байланыс операторларымен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Облысымыз бойынша халық саны 250 адамнан асатын 100 ауыл жоспар-кестеге кірді, оның ішінде «Kcell» АҚ-мен 63 ауыл, «Кар-Тел» ЖШС-мен 37 ауыл келісімшартқа отырады.
Аталған жоспар кесте аясында 86 ауыл ұялы кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта, 1 ауылда дебазалық станцияларды орнату және ұялы кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Осылайша, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген өңір халқының саны артады деп күтілуде.
Қорыта келе айтарым, партияның сайлауалды бағдарламасы облысымызды кешенді дамытуға бағытталған. Біз елдің жетекші саяси күші ретінде экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өңірімізді қауіпсіз және өмір сүруге ыңғайлы етуге бар күш-жігерімізді салып, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының жақсаруына жұмыс істеуді жалғастырамыз.
Ербол ДАНАҒҰЛОВ, Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары