Жат ағымның жетегінде кеткендер қымбат көліктерді ұрлап сатқан
Жат ағымның жетегінде кеткендер қымбат көліктерді ұрлап сатқан
107
оқылды

Шымкент қаласында полицейлер ұрланған «Toyota Camry 55» автокөлігін тәркіледі. Оны күдіктілер төрт миллион теңгеге сатқан. Ұрланған автокөліктің есігін ашқан электронды сканер аппараты да айғақ зат ретінде алынды, – деп хабарлады Polisia.kz.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын белгісіз адамдардың оның «Toyota Camry 55» маркалы автокөлігін ұрлап кеткені туралы арызданған. Полиция қызметкерлері ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Аса ірі көлемдегі ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеген. Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД-да Криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан ҚПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел іздестіру нәтижесінде ұрыларды ұстады.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов: «Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде, біздің жедел уәкілдер төрт күдіктіні ұстады. Төртеуі Ақтөбе облысының тұрғындары, оның ішінде, екеуі деструктивті діни ағымның мүшелері болып шықты. Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған. Күдіктілер қамауға алынды. Күдіктілер құны 10 миллион теңгеден асатын автокөліктерді арнайы сканерлеу құрылғысының көмегімен ашқан. Олар автокөлік иелерін бақылап, есіктерін ашқан кезде электронды құлыптарды сканерлеген. Сезіктілер қымбат көлікке қол жеткізгеннен кейін, оларды тұрақтан немесе көшелерден ұрлап, айдап әкеткен», – дейді.

Күдіктілердің бес ұрлыққа қатысы бар. Бес қылмыстың екеуін Ақтөбе қаласында, екеуін Түркістан облысында және біреуін Қызылорда облысында жасаған. Тергеу жалғасып жатыр.