Көкшетауда кәсіпкер балалардың көз жасына қарамай, ойын алаңын тартып алды
Көкшетауда кәсіпкер балалардың көз жасына қарамай, ойын алаңын тартып алды
238
оқылды

Көкшетауда ойын алаңы үшін «шайқас» мәресіне жеткен сияқты. Ақпанның 17-сі күні тұрғындардың кран көлігінің алдына кес-кестей ұмтылып, балалар ойын алаңын бұзуға бергізбей, аман алып қалғанын жазғанбыз. Бірақ бірнеше айға созылған тартыстың соңы кәсіпкердің пайдасына шешілгені анық көрінді. Әлеуметтік желілерде Бауыржан Момышұлы, 58-үйдің алдындағы ойын алаңын бұзып әрі бөлшектеп жатқан видео таралды. Біз мәселенің анық-қанығын анықтамақ болдық.

Бірнеше айлардан бері мемлекеттік органдардың есігін жағалап, тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін хат жазған тұрғындар кәсіпкердің ақыры дегеніне жетіп, балалардың ойын алаңын бұза бастағанын айтады. «Көмектесіңіздер! Олар өз беттерімен біздің ойын алаңын бұзып жатыр. Міне, бейкүнә балалар қарап тұр!!! Балалар ойын алаңын қалдыруды өтініп тұр. Ал олар оны сындырып жатыр. Балалар бұзбаңыздаршы деп сұрап отыр. Соған қарамастан, мінекей, ойын алаңы бұзылып жатыр», – дейді осы үйде тұрып жатқан қала тұрғындары. https://youtu.be/UdZZa_q_gyQ Біз Көкшетау қаласы әкімінен мәселеге түсінік беруін сұрап телефон шалдық. Алайда, қала әкімімен тікелей сөйлесу мүмкін болмады. Бізге жауап берген қала әкімінің көмекшісі Дархан есімді жігіт әкімнің қазір жиналыста екенін айтты. «Әкім қазір жиналыста отыр. Біз болған жағдай туралы хабардармыз. Қазір осы мәселе бойынша облыс әкімі өзіне шақыртып жатыр. Сіздің хабарласқаныңызды міндетті түрде айтамын», – деді Көкшетау қаласы әкімінің көмекшісі. Облыс әкімдігінде аталған мәселе бойынша тағы бір жауапты жиын ұйымдастырылатын сияқты. Мәселе қалай шешіледі. Ол алдағы уақыттың еншісінде...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы