Жамбылда 3 мыңнан астам ұстаз біліктілік тестінен «құлады»
Жамбылда 3 мыңнан астам ұстаз біліктілік тестінен «құлады»
Жамбыл облысындағы білім ұйымдарына берілген нұсқаманың орындалмауына байланысты 9 әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде 4 мектептің материалдық-техникалық базасы талапқа сай еместігі мен бірнеше мұғалімнің шет елде оқығаны туралы дипломының  нострификациясы  жоқтығына байланысты 320 870,0 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал 5 мектептің ісі сотқа жолданған. Бұл жайында Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Дамеш  Ускумбаева баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, олқылыққа жол берген мектептердің дені Талас, Жуалы сынды  аудандарда тіркелген екен. Тағы бір мәселе – кейінгі жылдары  Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұғалімдердің айлық жалақысы айтарлықтай артқаны белгілі. Алайда олардың біліктілігі соған сай ма?
«Ұлттық біліктілік тестілеуге 4528 педагог қатысса, оның 1410-ы шекті деңгейден өту балын алды. Ал  3118-і шекті деңгейден өтпеді. Сонымен қатар  тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды пайдаланған 38 педагог тесттен шығарылып, 24 мұғалімнің  12-сіне  «ескерту», 11-іне «сөгіс» және 1-еуіне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», -  дейді Д.Ускумбаева.  

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы