Тұрғындар мәселесін тыңдады
Тұрғындар мәселесін тыңдады
186
оқылды

«Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бө­лімінде Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қала тұрғындарының мәселесін қарады. Қа­былдауға келген азамат­тар­дың бірі Базарбай Төребаев есімді қария мүгедек баласының жағдайын айта келіпті.

Баласына бірнеше мәрте ота жасалып, екінші топ мүгедегі санаты берілген. Қазір баласына қарияның қарындасы қарайды. Айына алатын жәрдемақысы аз екенін айтқан ол бұған дейін құзырлы мекемелерге көмек сұрап барғанымен, нәтиже болмапты. Сол себепті қабылдауға арнайы жазылған. Қала әкімінің орынбасары Асқарбек Темірбекұлы жауапты сала басшыларына тапсыр­ма беріп, мәселені өз бақылауына алды. Қала әкімінің орынбасары ай сайын қоғамдық қабылдау өткізеді. Қабылдауға келген азаматтар өтінішінің көбі жұмыссыз­дық, отбасы жағдайы мәселелеріне байланысты. Сондай-ақ «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Nur Оtan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» бірлестігінің төрағасы Сәкен Алдашбаев және «Қадам» ЖШС-нің директоры Абунасыр Алдабергенов мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен кез­дес­ті. Қабылдауға келген азаматтардың негізгі сұрақтары мүгедек санатына мемлекет тарапынан көрсетілетін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету, санаторлық емдеу, инватакси және жеке көмекшілер қызметін ұсыну мен әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету жайында болды. Қабылдауға келген әрбір азамат назардан тыс қалмады, әрқайсысына түсі­ніктемелер мен кеңестер берілді. Ал кейбір өтініштер жеке бақылауға алынып, жауапты органдарға сауал жолданды. Бұдан бөлек, қалалық мәслихат депутаты Раушан Ысқақова қала тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдау кезінде тұрғындарды толғандырған жеке мәселелері мен атаулы әлеуметтік көмек алу­ға, материалдық көмек көрсету, баспана жайы қаралды. Солардың бірі қала тұрғыны Құндызай апамыз шет аймақ бойынша су, жол және қоғамдық көлік мәселелерін көтерді. Қала тұр­ғындары­ның көтерген мәселелері мен ұсы­ныс­тарына заң аясында түсі­нік­теме беріліп, Раушан Жәдігерқызының жеке бақылауына алынды. Сонымен қатар қалалық мәслихат депутаты Мұхиджан Кәрімбаев та қала тұрғындарымен жүздесті. Қоғамдық қабылдауға келген қала тұрғындары өздерінің тұрған аймақтары бойынша шағымын айтты. Қала тұрғыны Ақсұлу Қазиқызы әл-Фараби көшесі қиылысындағы көшелерге күрделі жөндеу бойынша тұрғындар өтінішін жеткізді. Ал Сабалақ саяжайының тұрғыны Қанат Әзілханұлы осы аймаққа қатынайтын маршруттардың санын көбейтуді сұрады. Қазір бұл саяжай аймағы бойынша халық саны өсіп келе жатыр. Сондықтан коммуналдық проблемалар туындап отыр. Мұхиджан Ысмайылұлы түскен шағымдарды мұқият тыңдап, алдағы уақытта бұл проблемалардың шешілу жолын қарастыратынын және жауапты органдарға сауал жолдайтынын баяндады.

Мадияр ТӨЛЕУ