Күдіктінің жазасы ауыр болмақ
Күдіктінің жазасы ауыр болмақ
134
оқылды

Наурызда қоғамның үрейін ұшырған оқиға болды. 19 наурызда із-түзсіз жоғалып кеткен Алматы қаласының тұрғыны Аяжан Еділованың мәйіті 3 күннен соң Алатау ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен табылған болатын. Қылмыскер өлі денені бөлшектеп тастаған. Күдікті ретінде 1993 жылы туған Түркістан облысының азаматы ұсталды. Полиция пәтер есігін бұзып кіргенде өзіне-өзі қол жұмсаған ол №7 клиникалық ауруханаға жеткізіліп, жазылып шыққаннан кейін екі айға қамауға алынды. Тергеу әлі біткен жоқ. Осы орайда біз бұрын болған осыған ұқсас қылмыстарды тіз­бектеп, күдіктіні қандай жаза күтіп тұрғанына болжам жасап көрдік. Өйткені қоғамда күдіктіні өмір бойы бас бостандығынан айыруды талап ете бастағандар бар. Кейде мұндай жағдай тергеу процестеріне қысым тәрізді көрінетінін жоққа шығармаймыз.

Кемі 20 жыл арқалайды

Жалпы, аталған жағдайға ұқ­сас оқиғалар елімізде бұрын да көп болыпты. 1990-2000 жылдар аралығында адам өлтіріп, соңынан мәйітін бөлшектеп тастаған қан­дықолдар үшін көбіне өлім жазасы қаралып келген. Біз берідегілеріне тоқталсақ. 2014 жылы Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында әйел өзінің туыс ағасын тұн­­шық­тырып өлтіріп, соңынан денесін бөлшектеп, тоңазытқышқа салып тастаған. Сол кезде сот әйелдің әуелі туыс ағасынан зор­лық көріп, амалсыз осы қылмысқа барғанын ескеріп, 7 жылға бас бостан­дығынан айырған еді. Ал былтыр ақпанда Ақмола облысы Бұланды а­уданының 34 жастағы тұрғыны танысын өлтіріп, денесін бөл­шектеп, қораның ішіне көміп тастаған. Мәйіт жарты жылдан кейін әзер табылды. Сот кінәлі азаматты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімі бойынша жазаға тартты. Бұл бөлім 15 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Жалпы, осы секілді аса ауыр қыл­мысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қарастырады. «Ауыр жаза» ретінде қаралатын 2-бөлімі 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Дегенмен 19 жастағы Ая­жанның оқиғасына келгенде қоғам да, туыстары да күдіктінің өмір бойына сотталуын қалап отыр. Себебі «жоғары білімі бар, саналы азаматтың мұндай қыл­мысқа баруы адамдар үшін қауіп төндіреді» деп санайды. Негізі істің мән-жайы құқық қорғау­шылар тарапынан әлі толық ай­тылмай отырғанымен, Алматы қаласының проку­ратурасы осыған дейін күдіктінің қылмысы дә­лел­­­денсе, 15-20 жылға бас бос­­тан­­­­­ды­­­ғынан айырылуы мүмкін деп ха­барлаған еді. Дегенмен адвокат Абзал Құспан қылмыскерді кем дегенде 20 жылға бас бостан­­ды­­­ғынан айыру керегін айтады. – Жалпы, мұны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі, яғни «асқан қатыгездікпен адам өл­тіру» бойынша қарастырады. Әйтеуір қылмысы дәлелденсе, кү­діктінің жеңіл жазамен босап кет­пейтіні айдан анық. Ал психоло­гиялық ауытқуы бар деген күннің өзінде бұл жазадан жалтаруға себеп емес. Өз тәжірибемнен бір нәрсе ай­тайын. Көбіне қылмыс­керлер психдиспансерге емес, түр­­­меге түскісі келеді. Мүм­кін­­ді­­­гінше ад­­во­катынан соны сұрай­ды. Себебі психдиспансерде олар қо­­лын да қозғалта алмайтын халге жетіп, мәжбүрлі түрде ылғи еккен дәрі­лер­­­дің әсерінен азап шегеді. Оның жасыратыны жоқ. Демек, түрмеге қамалсын немесе псих­­­­дис­­­­­пан­­серге жатқызылсын, бәрі­­­­бір жаза­­­­сы оған оңай тимейді. Қо­ғамға аса қауіпті адам екені аңға­рылды, оның үстіне адам­дар­­­­­мен жақсы тіл табысқан. Менің ойымша, жоға­рыда келтір­ген бап бойынша кемі 20 жылға түрмеге қамалады неме­се өмір бойына бас бостан­дығы­нан айы­ры­­­­­лады. Бұл – факт,– дейді ол.

Психопат секілді

Жалпы, күдіктіні сырттай «психикалық ауытқуы бар» деп танығандар жетерлік. Қыздың туыстары да «сол себеппен жаза­дан сытылып кетпей ме?» деп қауіп­тенеді. Психотерапия жайы­на неге оралып отырмыз? Себебі жоғарыда айтқанымыздай, күдікті мектепті үздік бітірген, медицина саласы бойынша жо­ғары оқу ор­нын жақсы аяқ­таған. Таныстары оның интеллектуалдық деңгейі жоғары екенін айтыпты. Бірақ осындай «мақтаулы» адамның аса қатыгездікке баруы расымен күдік тудырады. Психолог Жаңагүл Қайырова оның әрекетін сырттай «психопатқа тән» деп болжайды. Себебі психопатия синдромына көбіне ақыл-ойы дамыған, зерек адамдар шалды­ғатын көрінеді. – Мән-жайды оқып, зер­де­­­­леуім бойынша, күдікті психо­патияға шалдыққан. Социопат дей алмаймын, себебі тұйық емес. Өйткені бұл синдромда адам эмо­ция сезінбейді. Психо­пат­тардың ерекшелігі сол, адамдар­мен жақсы тіл табысады, біліктілік деңгейі жоғары болады. Түйсігі керемет жұмыс істейді, кез келгенді баурай алады, ортада лидер саналады. Бірақ қатаң қағидамен шектен тыс рамкада өмір сүрген жерде іштегі белгісіздікті шығару жолын іздейді. Көбіне нәтижесі осындай. Норма­­да­­­ғы адам да біреудің өмі­рін қиюы мүмкін, дегенмен адам денесін бөлшектеп және сол үшін түк эмоция сезінбей жүре ал­­­майды. Біздікі болжам ғана. Туа­бітті ақау болса да таңғал­маймын. Анығын арнайы психиатр ма­­ман­­дар зерт­­теуі тиіс. Қылмыстық істі қарауда сол бойынша аргумент қаралуы қажет. Дегенмен психи­­­­калық ауыт­­­­қуы болса да, күдікті жазасыз қалмауы керек, – дейді маман. Сонымен, түйіндей келе шын­­­­­­­дық­қа жақын болжамды айта кет­сек. Біздің тұжырым бойынша, азамат психдис­пан­серге жат­қы­­зылмайтын сыңайлы. Өмір бойы­на бас бостандығынан айы­­­рылады деп тағы топшылай ал­­маймыз. Негізі, Алматы қала­сының про­­­­кура­­­­­­турасы мен біз пікір алған адвокат Абзал Құс­панның көз­қарасы сәл шын­дыққа келеді. Яғни, қылмысы дәлел­­денсе, күдік­ті 20 жыл­ға сотталуы ық­тимал.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ