Қазақстанда жоғары оқу орындарына деген талап күшейіп келеді. Білім және ғылым министрлігінің сынынан, жалпы стандарттар мен талаптардан өтпей қалып жатқан университеттер мен колледждер көбеюде. Ай сайын бір жоғары оқу орнының лицензиясынан айырылғаны туралы хабарлама оқып жатамыз. Жоғары оқу орындарының бұлайша сұрыпталуының дұрыс-бұрыстығын мамандардан сұрап көрдік.
Жабылып қалған оқу орнының студенті кез келген оқуға түсе алады
– Сапалы білім беретін жоғары оқу орындарына ешкім тиіспейді, оларға ештеңе айтылмайды да. Өкініштісі, арасында сапасыз білім беретін оқу орындары да бар. Олар дипломдарды тікелей сатпаса да, сатқандай болады. Білікті маман даярлап шығара алмаса, олардың білім нарығында жұмыс істеуге құқы жоқ. Сондықтан бұл істеліп жатқан дүние дұрыс.Үшіншіден, жабылып қалған оқу орнының студенті кез келген оқу орнына барып түсе алады. Сөйтіп, оқуын жалғастыра береді. Көп ата-ана жоғары оқу орындарының жарнамасына, бағасының арзандығына қарайлап, дұрыс білім емес, дипломға алданып қалады. Осының алдын алуымыз тиіс. Білікті ұстаз болса, жерде қалмайды. Жұмыс істеп жүрген оқу орны жабылып қалса, өзге жұмысқа ауыса алады. Енді кейбірі мұғалімдікті емес, басқа салаға кетіп қалады. Ал негізінен университет пен институттарда кеңінен таралған мамандықтардың ұстаздарына жұмыс табу оңай. Бұл жерде арнайы немесе сирек кездесетін оқу орынның мамандарына жұмыс табу – қиын. Бастысы, жоғары оқу орындары студентке сапалы білім беріп, білікті маман даярлап шығару керек. Олар – еліміздің болашағы, – дейді Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев.Екіншіден, мұндай процесс бұған дейін де істелді. Мәселен, осыдан 12-13 жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінің бағалау комитетінің төрағасы болғанда бір жылдың өзінде 36 оқу орнын, 60 филиалды жапқанбыз. Қай жерді алып қарасыңыз да, сапалы қызмет көрсететіндер қалады да, сапасыз қызмет көрсететін орындар жабылып жатады. Бұл жерде де дәл сондай жағдай.
Нашар маманның зардабын бүкіл ел тартады
– Жалпы жоғары оқу орындарының мәселесін шешудің бірнеше жолы ұсынылды. Біріншіден, шамалары келмесе біріккені, қосылғаны дұрыс. Керексіз мамандықтарды жауып, сауатсыз мамандарды даярлаудан пайда жоқ. Кейбір университеттер 55 мамандық бойынша оқытамыз деп міндет алып алған. Бірақ ойлап қарасаңыз, өңірлерге сол мамандықтарды бітіріп шыққан маманның керегі болмайды. Өзіне қатысты тікелей 5-6 мамандықты алып, дайындағаны дұрыс қой. Нашар маман келетін болса, оның зардабын бүкіл ел тартады. Бұрын кеңес заманында бір-ақ университет болды. Соған жан-жақтан жиналып, сыннан өткендер түсті. Мықты кадрлар дайындалмаса, жойылған емес. Қазір кәсіпкерлер де, мемлекеттік органдар да сенің бір беттік дипломыңды басты талап деп қарамайды. Тіпті өз таныстарын дипломына бола ала салғаны үшін шығынға ұшырап жатыр. Сондықтан қазір бәрі де білімге, сапаға қарайтын болды. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Таразда бір университет жабылды. Тексерсе, ол оқу орны Қырғыз Республикасынан келетін студенттерді ешқандай тестсіз ала берген. Күні кеше ғана Қазақ көлік академиясы Өзбекстаннан жастарды қабылдаған. Ал оларда сабақ жүрмеген. Осыған байланысты Өзбекстан тарапынан да шағым түскені белгілі. Мұның бәрі айналып келіп Елбасына, Президентке дейін жетті. Ол министрді шақырып, «қолдарыңнан келе ме, әлде жоқ па?» деп нақты талап қойды. Қазақ көлік академиясында екі жылда бес ректор ауысқан. Мұғалімдерінен де жұмысқа толық алынбағаны туралы шағым түсті. Ақыры бәріміз де істің бұлай жүрмейтінін мәселе етіп көтердік. Осындай олқылықтар болғандықтан мәселені реттеу керек болды. Заңға біраз өзгерістер мен толықтырулар енді. Оқу орындарының өздері қазір жұмыс берушілермен байланысты нығайтуға мүдделі. Әрине, түзейтін кемшілік әлі де бар. Дегенмен жұмыс берушілер де қазір университеттердің түлектеріне баға бере бастады, – дейді Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.