Қоғамдық кеңес – партияның ақылдастар алқасы
Қоғамдық кеңес – партияның ақылдастар алқасы
246
оқылды

Қоғамдық кеңестер билік деңгейлерінде халықтың пікірін ілгерілететін және жұртшылыққа қажетті бастамалардың жүзеге асуын қадағалайтын маңызды институтқа айналып келеді. Осы орайда, қоғамға белгілі, әр салада белсенді тұлғалар көшбасшы партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын бақылайтын 14 республикалық қоғамдық кеңестің тізгінін ұстады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook парақшасында хабарлады.

Бауыржан Қыдырғалиұлының мәліметінше, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әр өңір, қала және ауданға «Nur Otan»-ның 217 сайлауалды бағдарламасы арналған. Бұл ретте оларды іске асыру бойынша егжей-тегжейлі Жол карталары бекітілді. Оған жауапты депутаттар мен орындау­шылар белгіленді. Жылдарға және нақты іс-шараларға бөлінген 80 мыңнан астам индикаторға қол жеткізу көзделіп отыр. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңес­терінің жұмысы да жүйелі түрде қайта құры­лымданды. Саяси кеңес бюросының ше­шімімен, таратылған партиялық кураторлар институтының орнына «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылайтын 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Сонымен, Парламент Мәжілісіндегі фракцияның келесі депутаттары аталған кеңестердің төрағалары болып тағайындалды: азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту бойынша – Айдос Сарым, білім мен ғылым – Жұлдыз Сүлейменова, аграрлық сектор – Берік Оспанов, экономика және кәсіпкерлікті қолдау – Аманжан Жамалов, өңірлік даму – Юлия Кучинская. Жастарды қолдау бойынша – Мәди Ахметов, Жұмыспен қамту мен халықтың әлеуметтік осал топтары жөніндегі қоғамдық кеңеске Елнұр Бейсенбаев төраға болды. Ұлт денсаулығы бойынша Лариса Павловец, ал Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңеске Динара Зәкиева басшылық етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске, Miras, Экологиялық және Құ­қық­тық кеңестерге тиісінше Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжанов, Елдос Абақанов және Қанат Мусин жетекшілік етеді. – Партия Лидерінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, ең алдымен партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына монинторинг жасау қамтамасыз етіледі. Кеңестердің міндетіне елдің, өңірлер мен экономиканың нақты салаларының өзекті бағыттары бойынша балама сараптамалық пайымды тұжырымдау кіреді, – деп түсіндірді Б.Байбек.

Азаматтық бастамаларға қолдау болады

Кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескеріп, сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан түскен өтініштерге жасалған талдауға негізделе отырып, жария түрде жүргізіледі. «Nur Otan» кеңестерінің алдында сарапшылар қауымдастығын өзекті әлеуметтік мәселелерді ашық талқылауға тарту, азаматтық бастамаларға қолдау көрсету міндеті тұр. «Қазір аталған кеңестердің құрамын жасақтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың құрамына партия депутаттары мен белсенді мүшелерінен бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар кіреді. Осындай кеңестер өңірлік деңгейде де құрылмақ. Сондықтан бұған мүдделі барша азаматтық қоғам өкілдерін, белсенділерді және қоғам өміріне бейжай қарамайтын азаматтарды шынайы ынтымақтастыққа шақырамыз. Ауызбіршілік пен жауапкершілік танытып, ашық пікіралысу аясында әрекет ету арқылы ғана біз межелеген жос­­­пар­ларымыздың бәрін іске асырамыз», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек. Бүгінде билеуші партия сайлауалды уәделерін орындау бағытында республикалық және өңірлік деңгейлерде белсенді жұмыс жүргізуде. Партия фракциясының және Үкіметтің қатысуымен республикалық деңгейде Жол картасы әзірленді. Оған 360 іс-шара мен 1,7 мың көрсеткіш енгізілген. Олардың іске асырылуына дербес жауапты министрлер мен депутаттар бекітілді. 2021 жылы осы индикаторлардың төрт­тен бірін орындау жоспарланып отыр. Сонда 2022 жылға – 21%, 2023 жылға – 19%, 2024-2025 жылдарға 18%-ы тиесілі болады. Бұл жұмыс қажетті ресурстармен қамтылған. Сарапшылардың пікірінше, қоғамдық кеңестер Мемлекет басшысы бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жалғасы саналады. Оның құрамы азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының белсенді өкілдерінен тұрады және ол қоғамдағы өткір тақырыптарды талқылауға арналған диалог алаңына айналады. Осы арқылы халықтың әртүрлі тобының толыққанды пікір алмасуына мүмкіндік ұсынады. Бұл тұрғыдан алғанда қоғамдық кеңес­тер бітімге келтірер медиация рөлін атқарады. Сонымен бірге ол билік пен халық арасындағы кері байланыстың қосымша құралы болады.

Партия әлеуметтік базасын күшейтті

Атап өтер жайт, көшбасшы партия праймериздің табысты тәжірибесін кеңірек қолданбақ. Былтыр өткен праймериздер партияның кадрлық құрамын сапалы түрде жаңартуға және елде беделге ие көшбасшыларды қатарға тартуға жол ашты. Осы қисынға сай қоғамдық кеңес­тер партия үшін, әсіресе өңірлік және жергілікті деңгейлерде жоғары білікті кадрларды өсіріп-жетілдіретін өзіндік бір «инкубаторларға» айналуы тиіс. Осыған байланысты орталықта және жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестер құрамына партиялық кадрлық резервтен 2 000 «нұротандық» тартылды. «Nur Otan» осы арқылы жастарға, азаматтық қоғамның белсенді өкілдеріне, өзекті, өзгеше пікірі бар сарапшыларға өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, партия әлеуметтік базасын және тіректі электоратын күшейтеді. Мұның сыртында қоғамдық кеңестер партиялық-саяси күн тәртібін ілгері жылжытумен айналыспақ. Сайлауалды уәделерді орындау бойынша ұсынымдар түзу сыртында қоғамдық кеңестерге партияны әрі қарай дамыту бойынша консультативтік-кеңесші орган функциясын атқару жүктеледі. Олар «Nur Otan» бағдарламалық құжаттарын жақсарту, партия стратегиясының бағыттарын әзірлеу, сонымен бірге келесі сайлаулардағы сайлау­алды бағдарламаларды дайындау жөнінде ұсыныс беруі қажет. Құқықтанушы Зейін Сабырқұлов қоғамдық кеңестер қызметінің мультипликативті әсері болады деген үмітте: олар мемлекеттің істерін басқаруға халық өкілдерінің қатысуына өріс ашады, қоғамдағы әлеуметтік кернеуді жоюға ықпал етеді, түйткілді мәселелердің шешіліп, елдің саяси, экономикалық өрлеуіне үлес қоса алады. «Азаматтардың тікелей немесе өз өкілдері арқылы мемлекетті басқару ісіне араласуы – адамның негізгі құқығының бірі. Бұл Ата Заңымыздың 33-бабында бекітілген. Осы басты құқықты іске асыруға арналған тетіктердің көбейгені жақсы. Қоғамдық кеңестер Қазақстанда Елбасы, партия Лидері Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес құрыла бастады. Олардың мәртебесі мен өкілеттігі заңмен бекітілді. Рас, қазір әкімдік пен ведомстволар жанындағы қоғамдық кеңестердің ісі сыналып жүр. Демек, билеуші партияның қоғамдық кеңестері саладағы олқылықты толтырып, белсенді ісімен өзге кеңестерге үлгі болғаны жөн. Осы мақсатта аталған кеңестер арасында бейресми бәсекелестік туғызып, қанша және қандай мәселелерді нақты шешуге ықпал еткеніне қарай рейтинг түзіп, жариялап отырса артық болмас еді» деп ұсынды сарапшы. Қорыта айтқанда, қоғамдық кеңестер озық дамыған елдердің тәжірибесі саналады. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер бұл институтты меморгандардың, биліктің қызметінің ашықтығын, айқындылығын қамтамасыз ету, жұртшылықты мемлекетті басқару ісіне тарту үшін пайдаланады. Мұның бәрі адам құқығын сақтау және елді өркендету үшін маңызды алғышарт екені сөзсіз.

Айхан ШӘРІП