Алматыда ұзақ қашықтықтарға жүгіруден, лақтырудан және спорттық жүрістен ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігі аяқталды. Жабық ғимаратта өткен бәсекеде жасөспірімдер командасының өкілі Арина Гладышева жеңіске жетті.
Гладышева бес шақырымға жарысудан топ жарды. Ол бірнеше рет ел рекордын жаңартқан. Ұлттық олимпиада комитетінің хабарлауынша, желаяқ қазір ересектер арасында сынға түсіп жүр. «Жеңіл атлетикадағы басты кумирім – жерлесім, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова. Басты мақсатым – тек алға басып, биіктерден көріну. Ал ел біріншілігіндегі рекордтарға келер болсам, алғашында тап осындай мақсатым болған жоқ. Бірақ бірнеше жыл сақталған ел рекордына түзету енгізгеніме қуаныштымын», – дейді желаяқ. Айта кетерлігі, Арина Гладышева 3 000 және 1 500 метрге жүгіруден Қазақстан рекордын жаңартқан еді.Айбике ЖАНАСЫЛ