Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауында: «Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы болмақ» деп атап өткен болатын. Жұмыс берушілер тарапынан жас мамандарға бітіріп шыққан жоғары оқу орнының беделіне және маманның біліктілігіне қарай сұраныс та болатыны рас.
Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 42 мектеп салынбақ. Демек, білікті педагог мамандарға деген сұраныс едәуір арта түсетіні сөзсіз. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – еліміздің күнгейіндегі педагог мамандарды даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны. Сондықтан биылғы оқу жылының басында «Кәсіптік бағдар және мансап орталығы» құрылып, білім алушыларға сапалы білім берумен қатар талапкерлерге кәсіби бағдар беріп, бітіруші түлектерді жұмыспен қамтудың кешенді жоспары жасалды. Осылайша, университет пандемия кезінде түлектерді жұмыспен қамтудың заманауи жаңа форматына көшті. Атап айтар болсақ, 2020 жылдың 9 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен жасалған екіжақты ынтымақтастық меморандумының негізінде Білім және ғылым министрлігі мен Абай атындағы ҚазҰПУ бірлесе құрған «МАНСАП-ҚР аумағындағы бос орындар туралы ақпараттар қоры» мобильдік қосымшасына қосылып, 2021 жылғы бітіруші түлектер Қазақстан аумағы бойынша онлайн форматта жұмысқа өтініш беру мүмкіндігіне ие болды. Шымкент қаласы әкімдігінің тікелей бастамасымен 2020 жылдың 20 тамызында іске қосылған «HR Process білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесін» тиімді пайдалану мақсатында қараша айында Шымкент қаласы Білім басқармасымен екіжақты меморандум жасалып, университетіміздің 2021 жылғы бітіруші түлектері Шымкент қаласы бойынша бос орындарға онлайн өтініш беру мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазір аталған жүйе негізінде жүзеге асырылып жатқан Tech For All – Tech For Shymkent жас мамандар эксперименттік пилоттық қысқамерзімді жобасына университетіміздің 185 студенті құжаттарын тапсырып, конкурсқа қатысып жатыр. Алайда «HR Process білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі» еліміздің әрбір өңірінде құрылған өңірлік бағдарлама болғандықтан «HR Process – Алматы», «HR Process – Тараз», «HR Process – Шымкент», «HR Process – Қызылорда» өңірлік бағдарламаларын үйлестіре отырып, өзара әрекеттесе пайдалану мақсатында жуырда осынау өңірдегі университеттермен меморандумдар жасалып, түлектерді жұмысқа орналастырудың Алматы – Тараз – Шымкент – Қызылорда дәлізі құрылды. Еліміздің жетекші төрт жоғары оқу орны арасында жасалған меморандум бірқатар мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ең алдымен өңірлік HR-Process білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі бойынша ортақ келісімге келген оқу орындары бір-бірінің түлектерін өзінің өңірлік базасына тіркей алады. Сонымен қатар ортақ келісімге келген ЖОО бір-бірінің түлектерін магистратураға түсуге бағыттайды. Сондай-ақ қабылдау комиссиясы кезінде талапкерлерге келісімге келген ЖОО-ын таңдауға кеңес береді әрі жұмыс берушілер форумын өңірлік Білім басқармалары өкілдерінің және жұмыс беруші тұлғалардың қатысуымен бірлесе өткізу мүмкіндігіне жол ашылады. Пандемия кезінде бітіруші түлектеріміз ешбір мекемеге бармастан жоғарыда аталған бағыттар бойынша 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап «МАНСАП-ҚР аумағындағы бос орындар туралы ақпараттар қоры» мобильдік қосымшасына және өңірлік HR Process білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесіне тіркеліп, Қазақстан аумағы және өңірлер бойынша онлайн тәртібімен өтініш бере алады.Гүлжан СҮГІРБАЕВА, ОҚМПУ Басқарма төрағасы – ректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент