Алматы карантинге жабыла ма?
Алматы карантинге жабыла ма?
175
оқылды

Шаһарда ұлыбританиялық және оңтүстікафрикалық штамм пайда болғанын білеміз. Бұл қаладағы эпиджағдайға әсер еткен. Салдарынан күнделікті вирус жұқтырғандар саны артқан. Жалпы, 2 сәуірде шаһарда 595 жағдай тіркеліп, 497 адамда ауру белгілері байқалса, 98-інде белгі білінбеген. Күн сайынғы статистикаға қарап, көптің кө­кейінде сұрақ туады. Қала карантинге жабыла ма?

32 адамнан вирустың британдық штамы анықталды

Мұндай сұрақ тууы заңды. Өйткені 1 сәуір күні Шығыс Қа­зақстан облысы толығымен ка­рантинге жабылды. Өңірдегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, облыста коро­нави­рустың таралу көрсеткіші кө­­бейген. Ал Алматыда жаңа штам­дар табылып, күн сайын ста­­­­тистика жаңарып жатыр. Қала әкімдігінің ақпаратына зер сал­сақ, стационарларда 2 945 адам бар. Оның ішінде 52 науқастың жағдайы өте ауыр, 531-і ауыр және қалған 2 362-сі орташа ауыр жағдайда. Бұдан бөлек, «Халық арена» спорт кешенінің науқастарды қабылдап жатқанын білген тұр­­ғындар демін ішіне тартты. Жағ­­дайды білмек болып, қаладағы Денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, 36 адамның ем қабылдап жатқанын айтты. Олардың жағдайы орташа және жеңіл деп бағаланған. Содан да болар, әкімдікке «қала ка­­­ран­тинге жабыла ма?» деген сауал үнемі жолданады. Әкімдік «таңер­­­тең тұрсақ, қала жабық екен» дейтін оқиға болмайтынын ескертті. Демек, өткен жылда­ғыдай қала жабылар болса, алдын ала ескерту жасалады. Сондағы кептеліс пен қаладан ауыл-ай­­маққа асыққан сәттегі қарбалас вирустың өңір­лерге таралуына себеп болды ма деген ойға қала­сың. Сондықтан да мұндай әбі­гердің қайта бастал­ғанын ешкім қаламайды. «Денсаулық сақтау жүйесі қар­қынды жұмыс істеп жатыр. Қазір­ге қаланы толығымен жабу мәсе­лесі көтерілген жоқ. Оған қатысты алдын ала ақпарат береміз. Егер денсаулық сақтау жүйесінің күші жетпей жатса және инфекцияның таралу көрсеткіші нормадан асып кетсе және басқарылмайтын бол­са, қосымша шешім қабылдау қажет. Әзірге қаланы жабудың қажеті жоқ», – деді қала әкімі. Шаһардағы ахуалға байла­нысты бірнеше қатаң шара қа­былданғаны бар. Соның бірі кім­де-кім автобусқа медициналық бетперде тақпай кірсе, салоннан шығарылады. Театр мен кино­театрлардың да жұмысы тоқтап тұр. Ойын-сауық кешендері болса белгілі бір режиммен жұмыс іс­тейді. Жағдайға байыппен мән берсек, вакцинация салу көрсет­кіші көбеймесе, қалада локдаун енгізілетінге ұқсайды. Өйткені са­рапшылар эпидахуалдың өткен жаздағы көрсеткіштермен бірдей екенін айтады. Иә, қала 10 наурыздан бері «қызыл аймақта» тұр. Карантин шаралары 12 сәуірге дейін ұзар­тылды. Барлық жағдайға дайын жүрсін дегендей, 17 ауру­хана орталықтандырылған оттегі беру құрылғысына қо­сылған. Яғни, кез келген палатаны реанимация бөл­месіне айналдыруға мүмкіндік бар. Алматыда былтыр оттегі ап­паратына қатысты дау туғаны рас. Сондықтан жауаптылар бұл мә­селені бірінші болып шешуге кіріскен екен. Денсаулық сақтау ми­­­нистр­лігінің мәліметінше, жаңа штам­дар еліміздің 13 өңірінде анық­талған. Штамдарды зерттеу үшін арнайы зертхана жұмыс істеп жа­­­­­тыр. Мұнда талдаманы тексеру де басқаша жүреді. Күнделікті ПТР-ге алып жүрген реактивке ұқсамайды. Зертханаға әкелген 40 реактивтің 32-сінен британдық штамм анықталған. Айта ке­­­­тер­­лігі, Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының гранты бойын­ша жұмыс істеп жатқан зерттеу­шілер бір реттік талдамадан жаңа штамның бар-жоғын анықтай алады.

Үшінші толқынға дайындық қалай?

Елімізде коронавирустың жаңа штамдары анықталысымен жағдай өзгерді. Барлық жағдайға дайын болу үшін әкімдік пен денсаулық сақтау мекемелері дайындалып жатыр. Мәселен, Алматы қаласында 3 эшелонға бөлінген 7 мың инфекциялық төсек-орын бар. Бұл орын 5 мың адамға лайықталған. Стацио­нарларға келсек, 420 жансақтау орны бар екен. Дерек бойынша, мегаполистің төрт мыңға жуық пациенті ам­булаторияда емделіп жүр. Үйден емделіп жүрген науқастарға да мобильді топ көмек көрсете ала­ды. Осы орайда медицина маман­дары жете ме дейтін сұрақ туады. Қазір қалада індетпен күреске 8 500 медицина қызметкері жұмыл­дырылған. Резервте 2 758 меди­цина маманы бар. Бірақ жағдай Денсаулық сақтау министрі айт­қан сценарийдей өрбісе, дәрі­герлерге сұраныс артары анық. Ал ПТР зертханалары демалыс күні де адам қабылдауға дайын. Жал­пы, Алматыда 25 зертхана жұмыс істеп тұр. Статистика бойынша, олар тәулігіне 14 500 сынақ жүр­гізе алады. Егер эпиджағдай қиындаса, зертханалар күніне 24 мың сынақ жүргізуге дайынбыз деп отыр. Денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдік таратқан ақпаратқа назар аударсақ, алмалы шаһар үшінші толқынға тас түйін дайын. Өткен жылы кеткен қателіктерді қайталамауға тырысып жатыр. Бірақ олар шешім локдаун емес, вакцина салу екенін ескертіп әлек. Еліміз бойынша вакцина салу баяу жүріп жатқанын Пре­зидентіміз де айтты. Сон­дық­тан Алматы қаласында медицина ме­кемелері мен сауда орталық­та­рында да вакцина егу жүретіні хабарланды. Ақпаратқа мән бер­сек, қалада 16 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Сәуірдің ортасында қосымша 6 мың доза келеді әрі тұрғындар ресейлік, отандық және қытайлық вакцина арасында таңдау жасай алады.  

Айбике ЖАНАСЫЛ