Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Аталған құжат ғылымды қаржыландырудың ашықтығын және ғылыми-зерттеулердің деңгейін көтеру мен оның нәтижелерінің нақты тәжірибеде қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа заңнан күтер үміт үлкен
Қазір әлемдік саясаттың, экономиканың, мәдениет пен ғылымның жедел өзгерістерге түсуі Қазақстанның алдына жаңаша сын-тегеуріндерге сай болу міндетін қойып отыр. COVID-19 індетінен туындаған қатер ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік талдамалық тәжірибелер – бұл экономиканың бір саласы ғана емес, адамзаттың қауіпсіздігі мен болашағын қамтамасыз ететін міндетті талап екенін көрсетті. Осы қатерге алғаш болып әлем ғалымдары қарсы тұрды. Олардың қатарына отандық ғылымды да қосқан абзал. Мемлекет басшысы ғылым ел экономикасы үшін қызмет етуі тиіс деп санайды. Сондықтан да отандық ғылымның алдына іргелі және қолданбалы зерттеулерді, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді жаңа сапаға көтеру, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, экономиканың болашағы зор салаларына инновацияларды енгізу міндетін қойып отыр. Осы бағыттағы мемлекет қолға алып отырған шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастады. Ғылыми ұйымдарды озық жабдықтармен жасақтауға қатысты жаңа бюджеттік бағдарламалар ашылды, гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру бойынша конкурстар саны көбейді, үміт күттіретін жастарды ынталандыру жөнінде шешім қабылданды, ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) баламалы қаржыландырудың ашық механизмдерін енгізу, яғни жер қойнауын пайдаланушылардың шикізат өндіруден түскен табысының 1%-ын бөлуге байланысты жұмыстар аяқталып қалды. – «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптау ұлттық орталығы» АҚ тұрғысынан қарастырсақ, Президент қойған міндеттер арқылы нақты жетістіктерге қол жеткізілді. Сараптама жұмыстарын ұйымдастыру мен өткізу ережесі (МҒТС) өзгерді. Оның технологиялық тізбегіне жаңа буын – сұратылған қаржы көлемінің негізділігін бағалау енгізілді. Сондай-ақ мемлекет басымдық беретін бірқатар жаңа бағыт пайда болды,– дейді Ұлттық орталықтың президенті Әділ Ыбыраев. Бәсекелестік заманында ғылымды, білімді дамыту, жоғары білікті мамандарды даярлау қоғам дамуының басты талабына айналды. Ғылымды ұтымды ұйымдастыру мемлекеттің стратегиялық көзқарасымен үйлесуі тиіс. Ғылым туралы заңға енгізілген өзгерістер ғалымның қоғамдағы мәртебесін бекітіп, осы саланы қолдаудың нақты шараларын қарастыруы тиіс.Озық тәжірибеге сүйенсек
Іргелі ғылымды дамыту көп қаржыны қажет етеді. Сол себептен көптеген елдер озық технологияларды көшіріп алу арқылы үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мәселен, Оңтүстік Корея мен ҚХР өзгенің өнертабыстарын қолдана отырып, технологиялық тұрғыдан биік деңгейге жетті. Осы жерде Қазақстанның көп ақшаны қажет ететін күрделі зерттеулерді жүргізбей-ақ, шетелдік технологияларды трансферттеу арқылы экономикалық жетістіктерге қол жеткізуіне бола ма деген сауал туындауы мүмкін. Әлбетте, бастапқы кездері озық технологияларды көшіріп алуға болады. Бірақ ешбір мемлекет жаңа технологиясын сатқаннан гөрі, оны өздері қолданып, соның жемісін толықтай көруді қалайды. Инновацияның түпкілікті мақсатының өзі сол – неғұрлым бәсекелестік артықшылықтарға қол жеткізу. Сондықтан Қазақстан өзінің ноу-хауы болмай, озық елдердің қатарына кіре алмайды. Оңтүстік Кореяның дамуы 50-жылдардан басталады. Оған екі жайт серпін берді: біріншісі – технологияларды трансферттеу (негізінен жапондық), екіншісі – бұл салаға көп қаржының құйылуы (негізінен америкалық). Соның арқасында мемлекет қарқынды дамыды, Азия нарығында электроника саласы бойынша көшбасшыға айналды. Алайда 90-жылдары өзгеден көшірген технологиялар ескірді, ал жаңадан ойлап табылған озық технологияны енді оған ешкім бермейтін болды. Сол себептен Сеул іргелі ғылымдарды дамытуға бар ынта-сымен кірісті, бүгінгі жетістіктер – соның нәтижесі. Бүгінде Samsung өнімдері Apple-дің басты бәсекелесіне айналып отыр. Қытайдың жағдайы – осы. Қытай елі көп жылдар өзгенің озық дүниелерін көшірумен болды, сонымен қатар өзінің ғылымын дамытуды естен шығарған жоқ. Бүгінде 5G саласындағы жоғары технология бойынша Huawei компаниясы әлемде көш басында тұр. Тағы бір айта кетерлігі, іргелі зерттеулерге салынған қаржының қайтарымы ұзақ күттірмейді. Дамыған елдер үлгісінде оған мысал жетерлік. Әлбетте, ғылымды академиялық және жоғары оқу орындарының ғылымы деп бөлу – шартты нәрсе. Дегенмен іргелі және қолданбалы зерттеулерге сүйене отырып, берілген жаңаша білім беру үрдісі ғылыми дамудың негізі болады. Жоғары дамыған елдерде іргелі зерттеулердің басым бөлігі университеттерде жасалады.Ғаламдық инновациялық рейтинг
БҰҰ-ның Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымының (БИМҰ) есебі бойынша Ғаламдық инновациялық индексте (ҒИИ) 2020 жылдың рейтингісі келесідей: Таиланд – бизнес тарапынан ғылыми-зерттеулерге ең көп қаржы салған мемлекет. Малайзия – жоғарғы технологияларды ең көп экспорттаушы. Ботсвана – білім инновациясына ең көп қаржы жұмсаған. Сараптама 131 ел бойынша жасалынған. ҒИИ елдердің инновацияны қолдау, адам капиталы және ғылыми-зерттеулерге бөлінген қаржы, нарық пен инфрақұрылымның дамуы, берілген білім мен технология көлімі, креативті индустрияның ілгерілігі өлшемдері бойынша жасалады. Инновация бизнес пен экономиканы алға сүйреуші серпінді күшке айналды. Тіпті, қазіргі індеттің өзі оның дамуына кесірін тигізе алмады: ірі компаниялар ғылыми-зерттеулер мен талдамалық тәжірибеге бөлген қаржыларын қысқартқан жоқ. Өйткені олардың табысы бәсекеге қабілет деңгейіне байланысты, ал оны іргелі ғылым ғана бере алады. Қазіргі жағдайда кейбір салаларда (денсаулық сақтау, биотехнология, фармацевтика) инновациялық шығын тіпті ұлғая түсуі де ғажап емес. Энергетика, көлік және логистикаға да жаңа талдамалық тәсіл қажет. Сарапшылардың пікірінше, коронавирус «жасыл технологияның» дамуына қозғау салған. Туризм, білім беру, ретейл – салаларын да алапат өзгерістер күтіп тұр. Мемлекет пен бизнес бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тізе қосып жұмыс істемесе болмайын деп тұр. ҒИИ рейтингте Орталық және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасында Қазақстан Үндістан (48-орын) мен Ираннан (67-орын) кейін үздіктер үштігіне жайғасқан (жалпы тізімде – 77). 2020 жылы ҒИИ рейтингісіне алғаш рет Өзбекстан (93-орын) мен Қырғыз Республикасы (94-орын) да енді. Дегенмен республиканың ғылымға бөлген қаржысы әлі де мардымсыз екенін мойындаған дұрыс – ІЖӨ-нің 0,12%-ы. Салыстыру үшін: АҚШ – 3-5% ($502,9 млрд), Қытай – 2% ($408,8 млрд), алғашқы ондықта Ресей де бар – 1%( $37,3 млрд) . Үздіктер қатарында Жапония ($170 млрд), Германия ($114,8 млрд), Оңтүстік Корея ($74,1 млрд), Франция ($60,8 млрд), Үндістан ($50,3 млрд), Ұлыбритания ($46,3 млрд) және Бразилия ($38,4 млрд) елдері тұр.Көш жүре түзеледі
Қазақстанның кейінгі жылдары отандық ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға және жаңа ақпараттық технологияларды игеруге бет бұрғаны байқалады. Бұл елімізде өндірілетін өнімнің бәсекелестік қабілетін арттырып, ұлттық экономиканың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге игі әсер ететіні сөзсіз. Осы жағдайда инновациялық процестер қарқыны артып, қолданысқа жаңа технологиялар енгізілуде, сондай-ақ өндіріс пен ғылымның арасы жақындай түскен. Заңға ғылымды дамытуға қатысты өзгерістердің енгізілуі осы мақсатты көздейді. Заң жобасы бастамашыларының бірі, Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова бұл туралы келесідей пікір білдірді: «Заңның басты мақсаты – ғылым, ғылыми-техникалық қызмет және оның нәтижелерін коммерцияландыру бағытындағы заңды жетілдіру. Бұл осы саладағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін төмендетудің қосымша құқықтық негізін қалыптастырады. Аталған құжат бойынша Ұлттық ғылыми кеңеске коммерцияланатын жобаларды мемлекеттен қаржыландыру құзіреті берілген. Бұл процедура кеңес мүшелерінің ашық дауысқа салу тәсілімен шешіледі»,– деді. Сондай-ақ заңның жаңашылдығы деп үздік ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету және оларды ынталандырудың түрлерін айтуға болады. Жаңа заң отандық ғылымның дамуына серпін береді деген үміт мол.Дәулет АСАУ